Хадис

Кутуб ситтә, № 4139

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
562. Ілімнің алынуы
Нөмірі
№ 4139 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
4139
Кутуб ситтә, № 4139 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَشَخَصَ بِبَصَرِهِ إِلَى السَّمَاءِ. ثُمَّ قَالَ: هَذَا أَوَانٌ يُخْتَلَسُ الْعِلْمُ مِنَ النَّاسِ حَتَّى لَا يَقْدِرُوا مِنْهُ عَلَى شَيْءٍ فَقَالَ: زِيَادُ بْنِ لَبِيدٍ الْأَنْصَارِيُّ: كَيْفَ يُخْتَلَسُ الْعِلْمُ مِنَّا وَقَدْ قَرَأْنَا الْقُرْآنَ؟ فَوَاللَّهُ لَنَقْرَأَنَّهُ وَلَنُقْرِئَنَّهُ أَوْلَادَنَا وَنِسَاءَنَا. فَقَالَ: ثَكِلَتْكَ أُمُّكَ يَا زِيَادُ، إِنْ كُنْتُ لَأَعُدُّكَ مِنْ فُقَهَاءِ أَهْلِ الْمَدِينَةِ، هَذِهِ التَّوْرَاةُ وَالْإِنْجِيلُ عِنْدَ الْيَهُودِ وَالنَّصَارَى، فَمَاذَا تُغْنِي عَنْهُمْ؟ قَالَ جُبَيْرٌ: فَلَقِيتُ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقُلْتُ: أَلَا تَسْمَعُ مَا يَقُولُ أَخُوكَ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ؟ فَأَخْبَرْتُهُ بِالَّذِي قَالَ، فَقَالَ: صَدَقَ؛ فَإِنْ شِئْتَ أَخْبَرْتُكَ مَا أَوَّلُ عِلْمٍ يُرْفَعُ؟ أَوَّلُ عِلْمٍ يُرْفَعُ مِنَ النَّاسِ الْخُشُوعُ يُوشِكُ أَنْ تَدْخُلَ الْمَسْجِدَ الْجَامِعَ فَلَا تَرَى فِيهِ رَجُلًا خَاشِعًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «شَخَصَ بِبَصَرِهِ» إِذَا نَظَرَ إِلَى شَيْءٍ دَائِمًا فَلَمْ يُرَدَّ عَنْهُ نَظَرَهُ كَنَظَرِ الْمَبْهُوتِ وَالْمَغْمَى عَلَيْهِ. وَ«الِاخْتِلَاسُ» الِاسْتِلَابُ، وَأَخْذُ الشَّيْءِ بِسُرْعَةٍ. وَ«الثَّكْلُ» فَقْدُ الْأُمِّ وَلَدَهَا.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрда (р.а.) былай дейді: «Расулалламен (с.а.с.) бірге едік. Ол аспанға көз тігіп тұрып: “Ілімнің адамдардан алынып, одан ештеңе меңгере алмай қалатын кезі осы”, – деді. Зияд ибн Ләбид әл-Ансари: “Құран оқып жүрген бізден ілім қалай алынады? Алланың атымен ант етемін, біз Құранды өзіміз де оқимыз, балаларымыз бен әйелдерімізге де оқытамыз!” – деді. Расулалла (с.а.с.): “Әттеген-ай, Зияд! Мен сені Мәдинаның фақиһтарының бірі деп жүрсем. Міне, Тәурат пен Інжіл яһудилер мен христиандардың қолында. Олардың бұл кітаптардан көріп отырған пайдасы қанша?” – деді».

Жубәйр былай дейді: «Убада ибн әс-Самитпен (р.а.) кездесіп: “Бауырың Әбуд-Дәрданың не айтқанын естідің бе?” – деп, болған жайды баяндадым. Ол: “Әбуд-Дәрда рас айтқан. Қаласаң, адамдардан ең әуелі қандай ілім алынатынын айтайын. Алғаш алынатын ілім – хушуғ, яғни Алланың алдында кішірейіп, Оған ықыласпен берілу. Көп ұзамай үлкен мешітке кіріп, бойында хушуғ бар бірде-бір адамды көрмейтін боласың”, – деді».1

Түсіндірме

1. Зияд ибн Ләбид – мәдиналық ансар сахаба. Ол һижреттен бұрын Меккеге, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қасына барып, Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударғанға дейін сонда қалды. Сол себепті «мұһажир ансар» атанған. Бәдір, Ұхуд, Хандақ және басқа да жорықтарға қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) оны Хадрамаутқа қызметке жіберген. Муғауияның (р.а.) халифалығы тұсында дүние салды.

2. Зияд ибн Ләбид Расулалланың (с.а.с.) сөзіне таңданып, Құранды өздері де, балалары да оқитынын, бұл Қияметке дейін жалғасатынын меңзеді. Құранда ﴿إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا الذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُ لَحَافِظُونَ﴾ «Шүбәсіз, осынау зікірді Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз»2 делінген. Құранның Қияметке дейін сақталатынына кепілдік берілсе, ілімнің алынатыны қалай? Расулалла (с.а.с.) бұған кітап иелерін мысал етті. Олар Тәурат пен Інжілді оқығанымен, үкімдеріне амал етпеген соң, оқығандарынан пайда көрмеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандардың да осындай күйге түсуінен қауіптенген. Ілімін ісіне жаратпаған адам наданнан да төмен қалады. «Жұма» сүресінде Кітапты оқып, оған амал етпегендер кітап артылған есекке теңеледі. Аятта ﴿مَثَلُ الَّذِينَ حُمِّلُوا التَّوْرَاةَ ثُمَّ لَمْ يَحْمِلُوهَا كَمَثَلِ الْحِمَارِ يَحْمِلُ أَسْفَارًا﴾ «Тәуратты арқалағаннан кейін оны тиісінше көтере алмағандардың мысалы бейне бір көп кітап арқалаған есекке ұқсайды»3 делінген.

Али әл-Қари былай дейді: «Кітап иелері Інжіл мен Тәуратты оқып, үкімдеріне амал етпеген соң пайда көрмегені сияқты, мұсылмандар да Құранды оқумен шектеліп, іс жүзінде орындамаса, олардан айырмасы қалмайды».

3. Хушуғ – намазда дауыс пен көзді намаз әдебіне сай ұстау, Алланың алдында дәрменсіздігіңді сезініп, Жаратушының құдіретіне мойынсұна кішірею.

  1. 1Тирмизи, «Ілім», 5 (№ 2653, Ибраһим Жанан басылымында № 2655).
  2. 2«Хижр» сүресі, 9-аят.
  3. 3«Жұма» сүресі, 5-аят.