Хадис

Кутуб ситтә, № 4138

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
562. Ілімнің алынуы
Нөмірі
№ 4138 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4138
Кутуб ситтә, № 4138 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр

عَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ لَا يَقْبِضُ الْعِلْمَ انْتِزَاعًا يَنْتَزِعُهُ مِنَ النَّاسِ وَلَكِنْ يَقْبِضُ الْعِلْمَ بِقَبْضِ الْعُلَمَاءِ. حَتَّى إِذَا لَمْ يُبْقِ عَالِمًا اتَّخَذَ النَّاسُ رُؤُوسًا جُهَّالًا، فَسُئِلُوا فَأَفْتَوْا بِغَيْرِ عِلْمٍ فَضَلُّوا وَأَضَلُّوا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла ілімді (бергеннен кейін) адамдардың (жүрегінен) жұлып алмайды. Ол ілімді ғалымдардың жанын алу арқылы алады. Бірде-бір ғалым қалмағанда, жұрт надан адамдарды өзіне басшы етеді. Олардан үкім сұралса, білмей тұрып (өз ойларымен) пәтуа береді. Сөйтіп, өздері де адасады, өзгелерді де адастырады».1

Түсіндірме

1. Жақша ішіндегі сөздер хадистің өзге нұсқаларынан алынған.

2. Расулалла (с.а.с.) мұнда жұртты ілім алуға өзгеше тәсілмен ынталандырады. Ілім мұсылмандардың арасынан білім иелерінің көкірегінен бір сәтте суырылып алыну арқылы емес, ғалымдардың бірінен соң бірі дүние салуымен кетеді. Ислам үмбеті осы қауіпті ескеріп, жаңа ғалымдар тәрбиелеудің қамын жасауы керек. Мектеп пен медресе ашып, шәкірттерге баспана тауып, шәкіртақы беру, озаттарды марапаттау, еңбек жазғандарды қаржылай әрі рухани қолдау – сондай шаралардың қатарына жатады.

Бүгінде мемлекетімізде спортты дамытуға қалай дем беріліп жүргенін көріп жүрміз. Табысты спортшыларға баспана, автокөлік, қомақты ақшалай сыйлық беріледі, олардың атағы шығады. Мұның бәрі жастарды осы салаға тартып, талап-талантын сол бағытта жетілдіру үшін жасалады. Расулалла (с.а.с.) осы хадисімен ілімді де осылай қолдауға үндейді. Ибн Хажар: «Ілім іздеушілер барда ілім алынбайды», – дейді. Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта ілімнің алынуы Қиямет белгілерінің бірі екені айтылады. Ахмад ибн Ханбал келтірген Әбу Умаманың риуаяты бойынша, Расулалла (с.а.с.) бұл жайды қоштасу қажылығында айтқан. Ол: «Ілім алынбай тұрып, оны меңгеріңдер», – дегенде, бір бәдәуи: «Ілім қалай алынады?» – деп сұрайды. Расулалла (с.а.с.): «Ілімнің кетуі оны бойына жиған ғалымдардың дүниеден өтуімен болады», – деп, осыны үш рет қайталайды. Ибн әл-Мунәййирдің айтуынша, ілімді көкіректен суырып алу да Алланың құдіретінде. Алайда бұл хадис ілімнің олай алынбайтынын білдіреді. Хадис ілімді сақтауға үндеп, надандарға басшылық бермеуді де ескертеді. Пәтуа беру – басшылықтың бір түрі. Білмей тұрып пәтуа беруге батылы жеткендер айыпталады. Ғалымдардың көпшілігі әр дәуірде мүжтаһид болады деген пікірге келген және осы хадисті мүжтаһид шықпайтын заман туады деген пікірге қарсы дәлел еткен.2

Ғалымдар дүниеден өткенде ілім де жоғалып кетеді деп қауіптенген Омар ибн Абдулазиз олардың білімін жазба түрде сақтаудың амалын қарастырып, хадистерді жинауға мемлекеттік жарлық берді. Мұның егжей-тегжейі бірінші томның «Тәдуин» тарауында баяндалған (113–116-беттер).

  1. 1Бұхари, «Ілім» (№ 100), «Иғтисам» (№ 7307). Мүслим, «Ілім», 13 (№ 2673). Тирмизи, «Ілім», 5 (№ 2652, Ибраһим Жанан басылымында № 2654).
  2. 2Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 11-том, 522–523-беттер.