وَعَنْ عُمَرَ بْنِ عَبْدِ الْعَزِيزِ رَحِمَهُ اللَّهُ، أَنَّهُ كَتَبَ إِلَى أَبِي بَكْرِ بْنِ حَزْمٍ: «انْظُرْ مَا كَانَ مِنْ حَدِيثِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَاكْتُبْهُ. فَإِنَّي خِفْتُ دُرُوسَ الْعِلْمِ وَذَهَابَ الْعُلَمَاءِ، وَلَا تَقْبَلْ إِلَّا حَدِيثَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَلْيَفْشُوا الْعِلْمَ وَلْيَجْلِسُوا لَهُ حَتَّى يُعَلَّمَ مَنْ لَا يَعْلَمُ. فَإِنَّ الْعِلْمَ لَا يَهْلِكُ حَتَّى يَكُونَ سِرًّا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ. «يُفْشُوا» أَيْ يُظْهِرُوا.
Омар ибн Абдулазиздің Мәдина уәлиі Әбу Бәкір ибн Хазмға жазған хатында былай делінген: «Расулалладан (с.а.с.) жеткен хадистерді іздестіріп, жазып ал. Ілімнің өшуінен, ғалымдардың дүниеден өтуінен қорқамын. Расулалланың (с.а.с.) хадисінен өзге сөзді қабылдама. Ғалымдар ілімді жайсын, білмегендер үйренсін деп, ілім мәжілістерін өткізсін. Ілім құпияға айналғанда ғана жоғалады».1
Түсіндірме
Бұл риуаят сүннетті қағазға түсіру ісіне мемлекет қолдау көрсетіп, қайырлы істің басталғанын білдіреді. Кей деректерде Омар ибн Абдулазиз осы хатты барлық уәлаятқа жолдағаны айтылады. Ал бұл риуаят Мәдина уәлиі Әбу Бәкір ибн Хазмға жазылған хатты келтіреді. Бұл жөнінде бірінші томның «Тәдуин» тарауында толығырақ баяндалады (113–118-беттер).
Кешірім тілеу және Алланың кешірімі
Кешірім тілеу мен Жаратушының кешіруі күнә және тәубе ұғымдарымен тығыз байланысты. Адам табиғатында күнәға бой алдыру бар. Жаратушы оған тәубе етуді бұйырған. Адам тәубе етіп, кешірім тілесе, Алла оның күнәсін кешіріп, бойын тазартады. Адам осылайша өзінің құл екенін тереңірек сезініп, рухани дәрежесі өседі. Бұл ұғымдарды Исламдағы тұтас түсінік аясында қарастыру үшін әңгімені адамның жаратылуынан, алғашқы күнә мен кешірімнен бастаған жөн.
Жаратылыс. Адам баласы періштелер мен жануарлардың қасиеттері тоғысқан өзгеше жаратылыс иесі. Жануардың қалауы мен шаһуаты бар, бірақ ақылы болмағандықтан, оған сұрау да, есеп те жоқ. Періштелердің санасы бар, бірақ шаһуаты, нәпсілік қалауы жоқ. Олар жамандық жасамайды, өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарады. Ал адамға жануардағы шаһуат та, періштедегі ақыл да берілген. Ол жақсылық пен жамандықты ажырата алады және ұстанатын шариғаты бар. Ақылы мен еркін ізгілікке жұмсаса, періште дәрежесіне көтеріледі. Ақылы мен еркін жамандыққа жұмсаса, жануар дәрежесіне, тіпті одан да төмен түседі. Алла тағала адамға осы екі жолдың бірін таңдау мүмкіндігін берген. Көтерілу жолы – ақыл мен ерікті жақсылыққа жұмсап, Алла белгілеген шариғат шегінен шықпау. Құлдырау – шаһуаттың жетегінде кетіп, оны ту ету, ақылды жамандыққа жұмсау. «Тин» сүресінде бұл туралы ﴿لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ ثُمَّ رَدَدْنَاهُ أَسْفَلَ سَافِلِينَ إِلَّا الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ فَلَهُمْ أَجْرٌ غَيْرُ مَمْنُونٍ﴾ «Біз адам баласын ең көркем бейнеде жараттық. Содан соң оны ең төменге түсірдік. Алайда иман келтіріп, ізгі істер істегендердің жөні бөлек. Олар үшін әсте түгесілмейтін қисапсыз сый-сияпат бар.» делінген (4–6-аяттар).
Адамның жақсылық пен жамандықтың бірін таңдау арқылы сыналатынын имам Ғазали былай түсіндіреді: «Жамандық адам жаратылған топырақпен бірге иленген, одан сирек жағдайда ғана арылуға болады. Сондықтан адамның ұмтылатын ісі – бойындағы жамандығын жақсылығына жеңдіру».
Адамның өзге жаратылыстардан бір айырмасы – ол жақсылығының да, жамандығының да қарымын көреді. Ақыретте оны «Неге істедің?» және «Неге істемедің?» деген сұрақтар күтіп тұр. Мейлі жануар дәрежесіне түссін, мейлі періште дәрежесіне көтерілсін, бұл есептен құтыла алмайды.
Сынақ өмір бойы жалғасады. Бір күнә жасаған адам біржола сынақтан сүрінді деп саналмайды, өйткені жан тапсырғанға дейін күнәсін жуып-шаюға мүмкіндігі бар. Сол сияқты бір жақсылық жасаған жанға да жәннат кепілденбейді. Жамандық жасаған адам жақсылыққа бет бұра алады, жақсылық жасап жүрген адам да жамандыққа ұрынуы мүмкін.
Адам жақсылық пен жамандықтың қай-қайсысынан да бір қадам жерде тұрғандықтан, Алла тағала тәубе етуді бұйырған. Күнә жасаған адам тәубеге келсе, Жаратушы оның күнәларын кешіреді. Алланың «Рахман», «Рахим» есімдері Оның құлына рақымды, мейірімді екенін білдіреді. Оның «Ғафур» (күнәларды кешіруші) және «Афуу» (жазадан өткеруші) деген есімдері де бар.
Науқастансақ, Аллаға «Шәфи» есімімен жалбарынып, дертімізге дауа сұраймыз. Мұқтаждық туса, «Раззақ» есімін еске алып, ризық тілейміз. Жаратушының мұндай есімдері мен сипаттары көп.
Адам күнә мен кешірім арқылы Алла тағаланың сипаттарын тереңірек таниды. Бұл тұста Исламның күнә туралы түсінігі мен христиандықтағы түпкі күнә ілімінің айырмасын ескеру керек. Христиандық ілім бойынша, Адам ата мен Хауа ана жәннатта тыйым салынған жемісті жегенде, сол күнә олардың ұрпағына да өткен. Исламда адам дүниеге күнәсіз, таза күйде келеді, бірақ табиғатында күнә жасауға бейімділік бар. Балиғатқа дейін істеген күнәлары жазылмағанымен, есейген соң үлкенді-кішілі күнәдан мүлде ада болуы қиын. Христиандықта түпкі күнәдан арылу шоқыну рәсімімен байланыстырылады. Исламда істеген күнә тәубе арқылы кешіріледі. Жаратушының рақымынан үміт еткен адам кез келген күнәсіне шын ықыласпен, нық шешіммен тәубе ете алады. Ең ауыр күнә – күпірлік пен Аллаға серік қосу. Олардан қайтып, иман келтіру де тәубенің қабыл болатын түріне жатады. Бұл жөнінде Құранда ﴿قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَىٰ أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ ۚ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا ۚ إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ﴾ «Құлдарыма мына сөзімді айтып жеткіз: “Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!”» делінген («Зүмәр» сүресі, 53-аят).
- 1Бұхари, «Ілім», 34-тараудың кіріспесі, № 100 хадистің алдында.