Хадис

Кутуб ситтә, № 499

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 499 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 59
499
Кутуб ситтә, № 499 · тараудағы реті: 59Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لِكُلِّ شَيْءٍ سَنَامٌ، وَإِنَّ سَنَامَ الْقُرْآنِ سُورَةُ الْبَقَرَةِ، وَفِيهَا آيَةٌ هِيَ سَيِّدَةُ آيِ الْقُرْآنِ، هِيَ آيَةُ الْكُرْسِيِّ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Әр нәрсенің шыңы бар. Құранның шыңы – “Бақара” сүресі. Бұл сүреде Құран аяттарының төресі бар. Ол – Аятул-Күрси»1.

Түсіндірме

«Шың» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «сәнам». «Ән-Ниһаяда» бұл сөз кез келген нәрсенің ең биік тұсын білдіретіні айтылады. «Бақараның» Құран кәрімнің шыңы аталуы оның ең ұзақ сүре болуымен байланысты. Екі жүз сексен алты аяттан тұратын бұл сүре көптеген үкімді қамтиды. Сондай-ақ осы сүреде жиһад бұйырылған. Бұл да оның айрықша мәртебесін аңғартады.

«Бақара» сүресіндегі Аятул-Күрси де оның мәртебесін биіктетіп, өзге сүрелердің арасында шың дәрежесіне көтереді. Аятул-Күрси – «Бақара» сүресінің 255-аяты. Бұл аятта Алла тағала Өзін айрықша сипаттарымен танытады. Алла елшісі (с.а.с.) өзге хадистерінде де бұл аяттың артықшылығын айтқан. Бір хадисте: «Әр парыз намаздан кейін Аятул-Күрсиді оқыған адам келесі намазға дейін Алланың қорғауында болады», – деген. Осы хадиске сүйеніп, әр намаздан соң тәсбихаттың алдында оқылатын бұл аяттың аудармасы мынадай: «Алла – Одан басқа құдай жоқ. Ол – Хай, Қаййум. Ол әсте қалғымайды, Оны ұйқы баспайды. Күллі аспан әлеміндегі һәм жердегі барлық нәрсе бір Өзіне тиесілі. Оның дәргейінде рұқсатынсыз өзгеге шапағат ете алатын кім бар?! Ол күллі жаратылыстың алдындағы болашағын да, артындағы өткенін де толық әрі жақсы біледі. Ал олар болса, Оның шексіз ілімінен еш нәрсені толық ұға да, меңгере де алмайды, тек Оның Өз қалауымен ұғындырып, үйреткен нәрсесі болса, оның жөні басқа. Оның Күрсісі күллі аспан әлемі мен жерді толық қамтыған. Күллі аспан әлемі мен жерді қорып сақтап тұру Ол үшін бұйым емес, Ол – Али, Азим».

Аятул-Күрси туралы тағы бірнеше хадис бар.

«Кім таңертең Аятул-Күрси мен “Ха, мим. Тәнзилул-китәби миналлаһил-азизил-алим” деп басталатын “Мүмін” сүресінің алғашқы үш аятын оқыса, кешке дейін Алланың қорғауында болады. Кім оларды кешке оқыса, таң атқанша қорғалады».

«Алланың ең ұлық есімі – Исм Ағзам. Кім осы есіммен дұға етсе, Алла дұғасын қабыл етеді, кім осы есіммен тілек тілесе, сұрағанын береді. Ол “Бақара”, “Әли Имран” және “Таһа” сүрелерінде кездеседі». Осы риуаятты жеткізген Әбу Умама: «Мен Исм Ағзамды іздеп, оны “Бақара” сүресіндегі Аятул-Күрсиден, “Әли Имран” сүресіндегі “Әлиф, ләм, мим. Аллаһу лә иләһә иллә һуәл-хайюл-қаййум” аяттарынан және “Таһа” сүресіндегі “Уә ғанәтил-ужуһу лил-хаййил-қаййум”2 аятынан таптым», – деген. Яғни бұл түсіндірме бойынша Исм Ағзам – Хай және Қаййум есімдері.

  1. 1Тирмизи, Сауабул-Құран: 2 (№2878, Ибраһим Жанан пайдаланған нөмірлеуде №2881).
  2. 2«Таһа» сүресі, 111-аят.