Хадис

Кутуб ситтә, № 498

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
54. «Бақара» сүресі
Нөмірі
№ 498 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 58
498
Кутуб ситтә, № 498 · тараудағы реті: 58

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ لِعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: هَذِهِ الْآيَةُ الَّتِي فِي الْبَقَرَةِ: ﴿وَالَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنْكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَاجًا﴾ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿غَيْرَ إِخْرَاجٍ﴾، قَدْ نَسَخَتْهَا الْآيَةُ الْأُخْرَى، فَلِمَ تَكْتُبُهَا؟ قَالَ: نَدَعُهَا يَا ابْنَ أَخِي؟ لَا أُغَيِّرُ شَيْئًا مِنْ مَكَانِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Зубәйір (р.а.) былай дейді: «Әзірет Османға (р.а.): “‘Бақара’ сүресіндегі ‘Араларыңнан ажалы жетіп, артына тұл қалатын жұбайлар қалдыратындар, жұбайларының бір жылға дейін үйден қуылмауын әрі нәпақасыз қалмауын қамтамасыз ететін өсиет айтып кетсін’1 деген аятты басқа бір аят2 насых етті. Бұл аятты неге жаздырып жатырсыз?” – дедім. Ол: “Уа, бауырымның баласы, бұл аятты қалдырып кетейік дейсің бе? Мен еш нәрсенің орнын өзгертпеймін”, – деп жауап берді»3.

Түсіндірме

Исламның алғашқы кезеңінде күйеуі қайтыс болған әйелге мұра тимейтін, есесіне ол бір жыл күйеуінің үйінде тұрып, нәпақа алатын. Ғиддат мерзімі де бір жыл еді. Әйел сол мерзім ішінде үйден өз еркімен кетсе, бір жыл бойы нәпақа алу құқығынан айырылатын. Кейін әйелге бір жыл бойы баспана мен нәпақа беруді өсиет етуді бұйырған аяттың үкімін әйелдерге мұрагерлік құқығын берген аят4 насых етті. Ал бір жылдық ғиддат мерзімі төрт ай он күндік ғиддатты белгілеген аятпен5 өзгертілді.

Мүжаһидтің пікірінше, бұл аят – мұхкам. Яғни оның үкімі күшінде. Күйеуі қайтыс болған әйелдің міндетті ғиддат мерзімі – төрт ай он күн. Ал күйеуінің үйінде тұрып, оның мал-мүлкінен нәпақа алуды қаласа, осы мүмкіндікті бір жыл толғанша пайдалана алады. Бұл пікірдің дәлелі басымырақ.

Бұл хадис әзірет Осман (р.а.) мұсхафтың көшірмелерін жасатқанда әзірет Әбу Бәкір (р.а.) белгілеген тәртіпті сол күйінде сақтағанын көрсетеді. Аяттардың орналасу реті олардың үкімінің күшінде қалуына немесе насых етілуіне қарай өзгертілмеген. Құран жиырма үш жыл бойы түсті. Осы кезеңде жағдайдың өзгеруіне қарай кей үкімдер біртіндеп кемеліне жетті, кейбірі насых етілді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) әр кезеңдегі кейбір амалдары мен жекелеген аяттарды түсіндірген сөздерін қабылдаудағы айырмашылықтардан жеке-дара, шәзз риуаяттар пайда болған. №492, №493 және №494 хадистерді де осы тұрғыдан бағалаған жөн. Құран кәрімнің бүгінгі мәтіні тәуәтурмен жетіп, сахабалардың ижмағымен бекіген. Шәзз және өзге риуаяттар сол ортақ келісімді өзгерте алмайды.

  1. 1«Бақара» сүресі, 240-аят.
  2. 2«Бақара» сүресі, 234-аят.
  3. 3Бұхари, Тәпсір, «Бақара»: 45 (№4530).
  4. 4«Ниса» сүресі, 12-аят.
  5. 5«Бақара» сүресі, 234-аят.