وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا عَرَّضْتُمْ بِهِ مِنْ خِطْبَةِ النِّسَاءِ أَوْ أَكْنَنْتُمْ فِي أَنْفُسِكُمْ﴾ قَالَ: «إِنِّي أُرِيدُ التَّزْوِيجَ، وَلَوَدِدْتُ أَنَّهُ تَيَسَّرَ لِي امْرَأَةٌ صَالِحَةٌ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Аббас Құрандағы «Иддат мерзіміндегі әйелдерді алуды ойласаңдар, бұл ниеттеріңді оларға тұспалдап қана білдірсеңдер немесе оларға сездірмей іштеріңде сақтасаңдар, күнә арқаламайсыңдар»1 деген аяттағы тұспалды былай түсіндірген: «Үйленгім келеді. Салиқалы әйел жолықса екен деймін»2.
Түсіндірме
Жоғарыда бір бөлігі келтірілген аяттан ғалымдар екі тыйым мен екі рұқсат үкімін шығарған.
Күйеуі қайтыс болған немесе некесі біржола бұзылған әйел ғиддат мерзімін өтеп жүргенде, онымен некелесуге және оған некелесуді ашық ұсынуға тыйым салынады.
Үйлену ниетін іште сақтау немесе оны тұспалдап білдіру – мубах, яғни рұқсат етілген іс.
Демек, әйелдің ғиддат мерзімі аяқталғанға дейін онымен некелесуге де, некелесуді ашық ұсынуға да болмайды.
Ибн Аббас (р.а.) аятта айтылған ишаратты, яғни тұспалдап білдіруді мысалдармен түсіндірген.