وَعَنْ مَعْقِلِ بْنِ يَسَارٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَتْ لِي أُخْتٌ تُخْطَبُ إِلَيَّ، وَأَمْنَعُهَا مِنَ النَّاسِ، فَأَتَانِي ابْنُ عَمِّي فَأَنْكَحْتُهَا إِيَّاهُ، فَاصْطَحَبَا مَا شَاءَ اللَّهُ، ثُمَّ طَلَّقَهَا طَلَاقًا لَهُ رَجْعَةٌ، ثُمَّ تَرَكَهَا حَتَّى انْقَضَتْ عِدَّتُهَا. فَلَمَّا خُطِبَتْ إِلَيَّ أَتَانِي يَخْطُبُهَا مَعَ الْخُطَّابِ، فَقُلْتُ لَهُ: خُطِبَتْ إِلَيَّ فَمَنَعْتُهَا النَّاسَ، وَآثَرْتُكَ بِهَا فَزَوَّجْتُكَ، ثُمَّ طَلَّقْتَهَا طَلَاقًا لَكَ رَجْعَةٌ، ثُمَّ تَرَكْتَهَا حَتَّى انْقَضَتْ عِدَّتُهَا، فَلَمَّا خُطِبَتْ إِلَيَّ أَتَيْتَنِي تَخْطُبُهَا مَعَ الْخُطَّابِ، وَاللَّهِ لَا أُنْكِحُكَهَا أَبَدًا. قَالَ: فَفِيَّ نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: ﴿وَإِذَا طَلَّقْتُمُ النِّسَاءَ فَبَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَلَا تَعْضُلُوهُنَّ أَنْ يَنْكِحْنَ أَزْوَاجَهُنَّ إِذَا تَرَاضَوْا بَيْنَهُمْ بِالْمَعْرُوفِ﴾. قَالَ: فَكَفَّرْتُ عَنْ يَمِينِي وَأَنْكَحْتُهَا إِيَّاهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي أُخْرَى لِلْبُخَارِيِّ: فَدَعَاهُ النَّبِيُّ ﷺ فَقَرَأَهَا عَلَيْهِ، فَتَرَكَ الْحَمِيَّةَ وَاسْتَقَادَ لِأَمْرِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ.
Мағқил ибн Ясар (р.а.) былай дейді: «Бір қарындасым бар еді. Оған құда түсіп келгендер көп болды, бірақ ешқайсысына келісім бермедім. Ақыры әкемнің бауырының баласы айттырып келгенде, қарындасымның сонымен некесін қидым. Екеуі Алла қалаған уақыт бірге тұрды. Кейін ол қарындасыма ражғи талақ айтып1, қайта қосылмай, ғиддат мерзімі аяқталғанша өз жайына қалдырды. Қарындасыма құда түсушілер қайта келе бастағанда, ол да келіп, қайта некелесуді сұрады. Сонда оған: “Бұрын да құда түсіп келгендер көп еді. Ешқайсысына келісім бермей, сені бәрінен артық көріп, қарындасымды саған некеледім. Ал сен оған ражғи талақ айттың да, қайта қосылуға құқығың бола тұра, ғиддат мерзімі аяқталғанша өз жайына қалдырдың. Енді басқалар айттырып келгенде, сен де келіп отырсың. Алланың атымен ант етемін, оны саған ешқашан некелемеймін”, – дедім. Содан кейін менің осы ісіме қатысты мына аят түсті: “Әйелдеріңді талақ қылып, олар да өздерінің иддат мерзімін толтырса, ажырасқан ерлі-зайыптылар заңды түрде өзара келісетін болса, онда әйелдерге бұрынғы күйеулерімен қайта некелесуіне кедергі болмаңдар”2».
Мағқил сөзін былай жалғады: «Антымның кәффаратын өтеп, қарындасымды бұрынғы күйеуіне қайта некеледім»3.
Бұхаридегі басқа бір риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) Мағқилді шақырып, аятты оған оқып берді. Сонда Мағқил ашуға бой алдыруын қойып, Алланың бұйрығына мойынсұнды»4.
- 1Ражғи талақ – күйеуіне ғиддат мерзімі аяқталмай тұрып, жаңа неке қимай жұбайымен қайта қосылуға мүмкіндік беретін талақ. Үшінші талақтан кейін әйел басқа адаммен некелесіп, кейін онымен ажыраспайынша, бұрынғы күйеуімен қайта некелесе алмайды.
- 2«Бақара» сүресі, 232-аят (үзінді).
- 3Бұхари, «Тәпсір», «Бақара», 40 (4529), «Талақ», 44 (5331). Әбу Дәуіт, «Никах», 21 (2087). Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» (2981). Толығырақ нұсқасы Табаридің «Жамиғул-баян» тәпсірінде, «Бақара» сүресінің 232-аятының түсіндірмесінде (4929).
- 4Бұхари, «Талақ», 44 (5331).