Хадис

Кутуб ситтә, № 3952

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
535. Алла елшісі мен сахабалары жеген тағамдар
Нөмірі
№ 3952 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
3952
Кутуб ситтә, № 3952 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ الْمُزَنِي رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا اشْتَرَى أَحَدُكُمْ لَحْمًا فَلْيُكْثِرْ مَرَقَتَهُ، فَإِنْ لَمْ يَجِدْ لَحْمًا أَصَابَ مَرَقًا وَهُوَأَحَدُ اللَّحْمَيْنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдуллаһ әл-Музанидің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ет сатып алсаңдар, сорпасын молырақ етіп пісіріңдер. Кісі ет таба алмаса да, сорпа ішеді. Сорпа да еттің орнын басатын астың бірі», – деді.1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) еттің сорпасы да құнарлы әрі дәмді екенін еске салып, ет пісіргенде суын көбірек құюға кеңес берген. Үй іші көп болса, пісірілген ет бәріне бірдей тие бермейді. Сорпа мол болса, әркімге шамалас үлес тиеді. Еттің нәрі де сорпаға шығады.

Мүслимде Әбу Зәррдан (р.а.) осыған ұқсас риуаят келтіріледі: «Ет сатып алсаң немесе пісірсең, сорпасын көбірек ет те, көршіңе де бір үлес бер».

2. Автор хадистен етті қуырып жегеннен гөрі суға пісіріп жегенді артық көруді ұғады. Сонда астың берекесі артып, бәріне жетеді. Кей түсіндірмешілердің айтуынша, бұл қуырудың кейбір зиянынан да сақтайды.

3. Әбу Зәрр риуаятын да ескерсек, Алла елшісінің (с.а.с.) дастарқандастар мен көршілер арасында сыйластық, өзара жәрдем, жанашырлық орнығуын көздегені аңғарылады. Көршілердің бір-біріне ас ұсынуы сүйіспеншілікті арттырып, өкпе-ренішті кетіреді әрі соған себеп болатын жағдайдың алдын алады.

4. Хадис адамды сараңдықтан, өзімшілдіктен және кедейленіп қаламын деген үрейден арылтуға көмектеседі. Осылайша шайтанның осы тұстан азғыруына жол бермейді. Кемел жолбасшымыздың әр кеңесінде біз әлі түсініп, мәніне жете бермейтін талай игілік пен дүниелік пайда бар.

  1. 1Тирмизи, Атғима 30, (1833, 1834).