Хадис

Кутуб ситтә, № 3951

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
535. Алла елшісі мен сахабалары жеген тағамдар
Нөмірі
№ 3951 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 11
3951
Кутуб ситтә, № 3951 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ أَحَبُّ الطَّعَامِ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ الثَّرِيدَ مِنَ الْخُبْزِ، وَالثَّرِيدَ مِنَ الْحَيْسِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) ең сүйікті асы наннан әзірленген сәрид пен хайстан жасалған сәрид еді».1

Түсіндірме

1. Сәрид – қолмен уатылған нанға еттің сорпасын құйып жасалатын араб тағамы. Түрік тіліне бұл атау «тирид» болып енген. Бізде де қатыңқыраған нанды ұсақтап жинап, оған ет сорпасын немесе май, қызанақ езбесі, дәмдеуіш қосып дәмделген сұйықтық құяды. Жасалуы оңай бұл асты жұрт, бәлкім, сүннеттен жеткен әрі Алла елшісі (с.а.с.) жақсы көрген тағам болғандықтан сүйіп жейтін шығар. Сәрид қатыңқыраған нанды кәдеге жаратып, ысыраптың алдын алуға көмектеседі. Алла елшісінің ықыласына бөленгені оған айрықша дәм береді. Мұны білетін отбасылар сәридті сүннетті жаңғырту ниетімен, ерекше ықыласпен жейді. Ас болсын, нұр болсын. Қияметке дейін дастарқанымыздан үзілмесін. Алла елшісі (с.а.с.) сәридті жақсы көргені сонша, кейде басқа нәрсеге деген сүйіспеншілігін білдіру үшін де осы асты мысал еткен. Айша анамыздың (р.а.) артықшылығы туралы: «Айшаның өзге әйелдерден артықшылығы сәридтің басқа тағамдардан артықшылығы секілді», – деген. Осы сөзбен ол екеуінің де қадірін көтеріп, екеуін де жақсы көретінін білдірген.

2. Ибн әл-Әсир хайсты «құрмаға сүзбе не май қосып, кейде сүзбенің орнына ұн немесе нан қиқымын салып жасайтын тағам» деп сипаттайды.

Ибн Раслан хайсты былай түсіндіреді: «Құрманың сүйегін алып, оны маймен немесе соған ұқсас нәрсемен илейді. Сәрид сияқты болғанша қолмен уқалайды. Кейде оған қуырылған дән ұнтағын қосады».

Демек, нан сәриді ет сорпасына нан қосып жасалады. Хайс сәриді құрма, бал, сүзбе сияқты нәрселерге нан қосып дайындалады. Мұндай қоспа тағамдардың бәріне ортақ, өзгермейтін құрамы жоқ. Үйдегі барға қарай ет сорпасы, май, бал, құрма, ірімшік сияқты қатықты нанға, ұнға не қуырылған дән ұнтағына қосып, дәмді ас жасайды. Осындай тағамды «сәрид» дейді. Бұл атау нанды сорпаға батырып, жібітуді білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Атғима 23, (3783).