Хадис

Етеккірге қатысты үкімдер

Кутуб ситтә, 8-том, 512-тарау · 28 хадис · № 3822–3849

Хадистер

«Хайыз» сөзі тілдік тұрғыдан «ағу» дегенді білдіреді. Бұл – әйелдің жыныс жолынан белгілі бір мезгілдерде келетін қан. Қазақша «етеккір» деп аталады. Арабтар етеккірі келген әйелді «хаиз» дейді. Бұл сөз грамматикалық тұрғыдан ер текті тұлғада келгенімен, етеккір әйелге тән болғандықтан, әйелді білдіреді. Құранда «махиз» сөзі етеккір мағынасында қолданылған: وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ ۖ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ ۖ وَلَا تَقْرَبُوهُنَّ حَتَّىٰ يَطْهُرْنَ ۖ فَإِذَا تَطَهَّرْنَ فَأْتُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ أَمَرَكُمُ اللَّهُ ۚ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ «Һәм олар сенен етеккір жайлы да сұрайды. Оларға былай деп айт: “Етеккір – құрамы өзгерген жиіркенішті қан, сондықтан етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар һәм толық тазарғанға дейін олармен жақындаспаңдар. Етеккірден арылып, толық тазаланғандарында, оларға Алла өздеріңе бұйырған жолмен барыңдар.” Шүбәсіз, Алла қатты өкініп, тәубе ететін тәубешіл құлдарын жақсы көреді және үнемі тазаланушыларды жақсы көреді.» («Бақара», 222-аят).1

Етеккір балиғатқа жеткен шақта басталып, әйел бала көтеру қабілетінен айырылған жасқа дейін жалғасады. Фиқһ еңбектерінде етеккір басталатын ең ерте жас тоғыз деп көрсетілген. Ерекше жағдайда алты жаста да қан келуі мүмкін делінеді. Етеккір әдетте елу не елу бес жасқа дейін жалғасады, кей әйелде одан ертерек тоқтайды. Етеккірдің тоқтауы «ияс», оның жасы «синну ияс» деп аталады. Сол жасқа жеткен әйелді «аиса» дейді.

Етеккір мерзімін есептеуде мәзһабтардың үкімі әртүрлі. Шафиғилерде ең аз мерзім – бір күн, бір түн, ең ұзақ мерзім – он бес күн. Мәликилерде ең аз мерзім – қан көрінетіндей уақыт, тіпті бір сағат та болуы мүмкін. Ханафилерде ең аз мерзім – үш күн, үш түн, яғни жетпіс екі сағат. Ең ұзағы – он күн, он түн, яғни екі жүз қырық сағат. Осы аралықта көрінген қан етеккір қаны саналады. Қан үздіксіз келуі шарт емес. Мысалы, үш күн қан келіп, екі күн тоқтап, тағы үш күн келсе, сегіз күннің бәрі етеккір мерзіміне кіреді. Әдеттегі мерзімінен асқан қан кей жағдайда етеккір саналмайды. Мысалы, әдетте жеті күн етеккір көретін әйелдің сегізінші не тоғызыншы күні көрген қаны истихаза, яғни өзге себептен келген қан болуы мүмкін.

Кей әйелдің етеккір мерзімі тұрақсыз болады. Бір айда бес күн, басқа айда алты күн немесе одан да ұзақ қан келуі мүмкін. Мұндайда сақтық үшін әйел алтыншы күні ғұсыл алып, намазын оқиды. Өйткені келген қан истихаза болуы ықтимал. Мерзімнің ұзаруы не қысқаруы екі ай қатарынан қайталанса, әдеттегі мерзімі өзгерді деп есептеледі. Қан он күнге дейін келсе, етеккір саналады. Он күннен асса, әдеттегі мерзімнен кейінгі күндер истихазаға жатады. Мысалы, әдетте жеті күн етеккір көретін әйел он күн қан көрсе, он күннің бәрі етеккір саналады. Қан он бір күнге созылса, жеті күннен асқаны истихазаға жатады. Өйткені бұл үкімде етеккірдің ең ұзақ мерзімі он күн деп есептелген.

Етеккір кезінде әйел намаз оқымайды, ораза ұстамайды, жыныстық қатынасқа түспейді. Құран оқымайды, Құран кітабын қолына алмайды, мешітке кірмейді және Қағбаны тауап етпейді.

Етеккірге қатысты осы үкімдерді әр мұсылман ер мен әйелдің білгені жөн. Толығырақ мәліметті ғылымхал кітаптарынан қарауға болады.

Етеккір кезіндегі үкімдер

3822
Кутуб ситтә, № 3822 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ الْيَهُودَ كَانُوا إِذَا حَاضَتِ الْمَرْأَةُ فِيهِمْ لَمْ يُؤَاكِلُوهَا وَلَمْ يُجَامِعُوهَا فِي الْبُيُوتِ فَسَأَلَ أَصْحَابُ النَّبِيِّ ﷺ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ إِلَى آخِرِ الْآيَةِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اصْنَعُوا كُلَّ شَيْءٍ إِلَّا النِّكَاحَ. فَبَلَغَ ذَلِكَ الْيَهُودَ. فَقَالُوا: مَا يُرِيدُ هَذَا الرَّجُلُ أَنْ يَدَعَ مِنْ أَمْرِنَا شَيْئًا إِلَّا خَالَفَنَا فِيهِ. فَجَاءَ أُسَيْدُ بْنِ حُضَيْرٍ وَعَبَّادُ بْنِ بِشْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنَّ الْيَهُودَ تَقُولُ كَذَا كَذَا، أَفَلَا نُجَامِعُهُنَّ؟ فَتَغَيَّرَ وَجْهُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ حَتَّىٰ ظَنَّا أَنَّهُ قَدْ وَجَدَ عَلَيْهِمَا فَخَرَجَا فَاسْتَقْبَلَتْهُمَا هَدِيَّةٌ مِنْ لَبَنٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَرْسَلَ فِي آثَارِهِمَا فَسَقَاهُمَا فَعَرَفَا أَنَّهُ لَمْ يَجِدْ عَلَيْهِمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ. «وَجَدَ عَلَيْهِ»: يَجِدُ مَوْجِدَةً إِذَا غَضِبَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Яһудилер араларындағы әйелдің етеккірі келсе, онымен бірге тамақ ішпейтін, бір үйде бірге отырмайтын. Сахабалар Алла елшісінен (с.а.с.) осы туралы сұрады. Сонда Алла тағала мына аятты түсірді: وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ ۖ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ ۖ وَلَا تَقْرَبُوهُنَّ حَتَّىٰ يَطْهُرْنَ ۖ فَإِذَا تَطَهَّرْنَ فَأْتُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ أَمَرَكُمُ اللَّهُ “Һәм олар сенен етеккір жайлы да сұрайды. Оларға былай деп айт: ‘Етеккір – құрамы өзгерген жиіркенішті қан, сондықтан етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар һәм толық тазарғанға дейін олармен жақындаспаңдар. Етеккірден арылып, толық тазаланғандарында, оларға Алла өздеріңе бұйырған жолмен барыңдар.’” («Бақара», 222-аят). Алла елшісі (с.а.с.): “Жыныстық қатынастан өзге амалдың бәріне рұқсат”, – деді. Мұны естіген яһудилер: “Мына кісі біздің бірде-бір ісімізді сол күйінде қалдырмай, бәріне қарсы шықпақ”, – десті. Үсәйд ибн Худайр мен Аббад ибн Бишр (р.а.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, яһудилер осылай дейді. Әйелдерімізбен жыныстық қатынасқа түссек болмай ма?” – деп сұрады. Алла елшісінің жүзі өзгеріп, екеуі оны ренжітіп алдық деп ойлады да, шығып кетті. Жолай Алла елшісіне сыйға әкелінген сүт кезікті. Алла елшісі екеуін қайта шақыртып, сүттен ішкізді. Сонда олар Алла елшісінің өздеріне ренжімегенін түсінді».

Түсіндірме

1. Түсіндірме жазған ғалымдар сахабалардың сұрағы аят түспей тұрып қойылғанын айтады. Олар «бұрынғы шариғаттар бізге де жүреді» деген ұғымға сүйеніп сұраған болуы мүмкін.

Нәуауи аяттағы бірінші «махиз» сөзін етеккір қаны деп түсіндіреді. Екінші сөздің мағынасы талас тудырған. Көбіне ол етеккірдің өзі деп қабылданады. Оны жыныс мүшесі немесе етеккірдің уақыты деп түсінген ғалымдар да бар.

Үсәйд пен Аббадтың (р.а.) сұрағында қандай жақындық айтылғаны жөнінде ғалымдар түрлі пікір білдірген. Кейбірі олардың әйелдерімен бірге тұруды және бірге тамақ ішуді, өзгелері жыныстық қатынасты меңзегенін айтады. Сірә, екеуі яһудилердің әдетіне бұл тұста да қарсы болып, жыныстық қатынасқа рұқсат алғысы келген. Бұл тілектері ислам шариғатына сай болмағандықтан, Алла елшісінің (с.а.с.) жүзі өзгерген. Дегенмен ол ансардың осы екі беделді кісісінің көңілін аулап, арттарынан сүт жіберді. Сөйтіп, оларға деген ілтипатының сақталғанын білдірді.1

  1. 1Мүслим, «Хайыз» (302). Әбу Дәуіт, «Никах» (2165). Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» (2977, осы риуаят). Нәсәи, «Таһарат», 181 (1/152).
3823
Кутуб ситтә, № 3823 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَنْ أَتَى حَائِضًا فِي فَرْجِهَا، أَوْ امْرَأَةً فِي دُبُرِهَا، أَوْ كَاهِنًا فَقَدْ بَرِئَ مِمَّا أُنْزِلَ عَلَىٰ مُحَمَّدٍ ﷺ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім етеккірдегі әйелмен жыныстық қатынасқа түссе немесе әйелмен артқы жолы арқылы қатынасқа түссе, не балгерге жүгінсе, Мұхаммедке түсірілгенге теріс айналғаны».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) бұл хадисте исламда тыйым салынған үш амалды қатаң ескертеді:

• Етеккірдегі әйелмен жыныстық қатынасқа түсу.

• Әйелмен артқы жолы арқылы жыныстық қатынасқа түсу.

• Ғайыпты білу немесе бір істі шешу үшін балгерге жүгіну. Хадисте бұл амалдар исламнан теріс айналу деп сипатталады.

Тирмизи: «Бұл хадистің мағынасы – тағлиз, яғни тыйымды қатаң сөзбен жеткізу», – дейді. Содан кейін Алла елшісінен жеткен мына риуаятты келтіреді: «Кім етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түссе, бір динар садақа берсін».

Тирмизи бұл сөздің мақсаты адамды күпірлікпен айыптау емес, тыйымды қатаң ескерту екенін былай түсіндіреді: «Етеккірдегі әйелмен жыныстық қатынасқа түсу адамды діннен шығаратын амал болса, Алла елшісі (с.а.с.) сол күнә үшін кәффарат өтеуді бұйырмас еді».

2. Әйелмен артқы жолы арқылы жыныстық қатынасқа түсуге дінімізде қатаң тыйым салынған. Бұл жыныстық жақындықтың әдебі айтылған мына аятқа да қайшы: نِسَاؤُكُمْ حَرْثٌ لَكُمْ فَأْتُوا حَرْثَكُمْ أَنَّىٰ شِئْتُمْ ۖ وَقَدِّمُوا لِأَنْفُسِكُمْ ۚ وَاتَّقُوا اللَّهَ «Әйелдерің сендер үшін “егіндік”. Ендеше, егінжайларыңа қалаған жақтарыңнан, қалай барамын десеңдер, солай барыңдар және өздерің үшін ертеңгі күнді ойлап дайындық жасаңдар. Аллаға қарсы келуден сақтаныңдар.» («Бақара», 223-аят).2

Алла елшісі бір хадисінде былай деген:

لَا يَنْظُرُ اللَّهُ إِلَى رَجُلٍ أَتَى رَجُلًا أَوِ امْرَأَةً فِي الدُّبُرِ.

«Еркекпен немесе әйелмен артқы жол арқылы жыныстық қатынасқа түскен ер адамға Алла қарамайды».

Басқа бір хадисте былай делінген:

مَلْعُونٌ مَنْ أَتَى امْرَأَتَهُ فِي دُبُرِهَا.

«Әйелімен артқы жол арқылы жыныстық қатынасқа түскен кісі лағынетке ұшыраған».3

3. Балгерлікке бұрын кеңінен тоқталғанбыз. Мұнда әл-Жазаридің түсіндірмесін келтірейік: «Балгер – құпия жайттарды білемін деп, болашақты болжап айтатын адам. Арабтарда Шиқ пен Сатих сияқты атақты балгерлер болған. Олардың кейбірі өзіне бағынатын жындары мен қызметшілері ғайыптан хабар жеткізеді деген. Өзгелері кей ишараға қарап, не боларын алдын ала білеміз деген. Мысалы, сұраған кісінің сөзі мен қимылына қарап, іздеген заты қайда тұрғанын айтып береді. Бұларды көбіне ‘арраф’ деп атайды. Олар ұрланған немесе жоғалған заттың орнын табады делінеді». Хадистегі «балгерге жүгінсе» деген сөз балгер, арраф, жұлдызшы, палшы сияқты ғайыпты білеміз дейтін адамдардың бәрін қамтиды.

4. Тирмизидің айтуынша, хадистегі сөз тағлиз бен ташдидті, яғни қатаң ескертуді білдіреді. Түсіндірмешілер мына жайтты да айтады: «Егер адам әйелмен артқы жолы арқылы қатынасқа түсуді халал санаса немесе балгерге оның айтқанын шын деп мойындап барса, сол істің харамдығын қабылдамаған болады. Бұл жағдайда хадистегі күпірлік сөзі тура мағынасында түсіндіріледі. Ал мұны халал санамаса және балгерді растамаса, мұндай амал нығметті жоққа шығару, яғни куфрану ниғмат деп жорылады».

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (135). Ибн Мәжа, «Таһарат» (639).
  2. 2«Бақара» сүресі, 223-аят.
  3. 3Тирмизи, «Радағ» (1165). Әбу Дәуіт, «Никах» (2162), екінші дәйексөз.
3824
Кутуб ситтә, № 3824 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتْ إِحْدَانَا إِذَا كَانَتْ حَائِضًا وَأَرَادَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أَنْ يُبَاشِرَهَا أَمَرَهَا أَنْ تَتَّزِرَ بِإِزَارٍ فِي فَوْرِ حَيْضَتِهَا ثُمَّ يُبَاشِرُهَا. وَأَيُّكُمْ يَمْلِكُ أَرْبَهُ كَمَا كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَمْلِكُ أَرْبَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. وَفِي رِوَايَةِ أَبِي دَاوُدَ: «فِي فَوْحِ حَيْضَتِهَا».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Арамыздағы бір әйелдің етеккірі келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оған жақындағысы келсе, етеккірінің басында изарын орап байлауын бұйыратын. Содан кейін оған жақындайтын. Сендердің қайсың өз нәпсісін Алла елшісі ұстағандай ұстай алады?»1

Әбу Дәуіттің бір нұсқасында «фаур» сөзінің орнына «фаух» делінген.

Екеуі де етеккірдің басын немесе қанның мол келетін кезін білдіреді.

  1. 1Бұхари, «Хайыз» (302). Мүслим, «Хайыз» (293). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 11/45.
3825
Кутуб ситтә, № 3825 · тараудағы реті: 4

وَفِي رِوَايَةِ النَّسَائِيِّ عَنْ جُمَيْعِ بْنِ عُمَيْرٍ قَالَ: «دَخَلْتُ عَلَىٰ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مَعَ أُمِّي وَخَالَتِي فَسَأَلَتَاهَا كَيْفَ كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَصْنَعُ إِذَا حَاضَتْ إِحْدَاكُنَّ؟ قَالَتْ: كَانَ يَأْمُرُنَا إِذَا حَاضَتْ إِحْدَانَا أَنْ تَأْتَزِرَ بِإِزَارٍ وَاسِعٍ ثُمَّ يَلْتَزِمُ صَدْرَهَا وَثَدْيَهَا».

Қазақша аудармасы

Нәсәи Жумайғ ибн Умәйрден мына риуаятты жеткізеді: «Анам, нағашы әпкем және мен Айшаға (р.а.) бардық. Екеуі одан: “Сендердің біріңнің етеккірің келгенде, Пайғамбар (с.а.с.) қалай жақындайтын?” – деп сұрады. Айша: “Біріміздің етеккіріміз келсе, кең изар орауымызды бұйыратын, содан кейін кеудемізге жанасатын”, – деді».1

  1. 1Нәсәи, «Хайыз», 12–13 (1/189). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 11/46.
3826
Кутуб ситтә, № 3826 · тараудағы реті: 5

وَعِنْدَ مَالِكٍ: «أَنَّ عُبَيْدَ اللَّهِ بْنَ عَبْدِ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ، أَرْسَلَ إِلَى عَائِشَةَ يَسْأَلُهَا: هَلْ يُبَاشِرُ الرَّجُلُ امْرَأَتَهُ وَهِيَ حَائِضٌ؟ فَقَالَتْ: لِتَشُدَّ إِزَارَهَا عَلَىٰ أَسْفَلِهَا ثُمَّ يُبَاشِرُهَا إِنْ شَاءَ».

Қазақша аудармасы

«Муаттадағы» бір риуаятта былай делінеді: «Убәйдулла ибн Абдулла ибн Омар Айшаға (р.а.) кісі жіберіп: “Ер адам етеккірдегі әйеліне жанаса ала ма?” – деп сұратты. Айша: “Әйел белден төмен изарын орап байласын. Содан кейін ері қаласа, оған жанаса алады”, – деп жауап берді».1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 95 (1/58). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 11/46.
3827
Кутуб ситтә, № 3827 · тараудағы реті: 6

وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِيِّ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَانَ يُبَاشِرُ الْمَرْأَةَ مِنْ نِسَائِهِ وَهِيَ حَائِضٌ إِذَا كَانَ عَلَيْهَا إِزَارٌ إِلَى أَنْصَافِ الْفَخِذَيْنِ وَالرُّكْبَتَيْنِ مُحْتَجِزَةً».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Нәсәидегі бір нұсқада: «Алла елшісі (с.а.с.) етеккірдегі жұбайына жанасатын. Ол изарын санының ортасына дейін немесе тізесіне дейін түсіріп, орап байлайтын», – делінеді.1

«فَوْرُ حَيْضَتِهَا، وَفَوْحُ حَيْضَتِهَا» بِالرَّاءِ وَالْحَاءِ الْمُهْمَلَتَيْنِ: أَيْ أَوَّلُهُ وَمُعْظَمُهُ. وَ«الِاحْتِجَازُ» شَدُّ الْإِزَارِ عَلَىٰ الْعَوْرَةِ، وَمِنْهُ حَجَزَةُ السَّرَاوِيلِ، وَالْحَاجِزُ الْحَائِلُ بَيْنَ الشَّيْئَيْنِ.

Түсіндірме

1. Бұл хадистердегі «мүбашарат» ерлі-зайыптылардың бір-бірінің денесіне жанасуын білдіреді. Арабша «башара» – тері, «башара» етістігі – бір-біріне денесін тигізу. Мұнда жыныстық қатынасқа түспей, сипау немесе сүю сияқты жақындық меңзелген.

Келтірілген риуаяттар етеккірдегі әйелдің кіндігі мен тізесінің арасынан өзге жеріне жанасуға рұқсат екенін көрсетеді.

2. Етеккірдегі әйелге жақындаудың жайы әр риуаятта әр қырынан қарастырылған. Олардың біразын келтірдік, қалғандары алдағы хадистерде беріледі. «Аун әл-мағбудта» бұл мәселе былай түйінделген: «Етеккірдегі әйелге жақындаудың бірнеше түрі бар.

• Етеккірдегі әйелмен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Бұл амалдың харам екені Құран мен сүннетте бекітілген және ғалымдар бұған бірауыздан келіскен.

• Кіндіктен жоғары және тізеден төмен жерлерге әртүрлі жолмен, мысалы қолмен сипап немесе сүйіп жанасуға болады. Ғалымдар мұның адал екеніне бірауыздан келіскен.

• Алдыңғы және артқы жыныс мүшелеріне тимей, кіндік пен тізе арасына жанасу мәселесінде шафиғи ғалымдарының үш пікірі бар.

• Ең кең тараған пікір бойынша, бұл – харам. Имам Мәлік пен Әбу Ханифа да осы пікірде. Ғалымдардың көпшілігі осыны ұстанған.

• Екінші пікір бойынша, бұл – мәкрүһ, харам емес. Нәуауи: “Дәлелі жағынан ең қуатты, таңдаулы пікір – осы”, – дейді.

• Үшінші пікір бойынша, адам құмарлығының әлсіздігінен не діндарлығынан өзін ұстай алатынына, әйелінің жыныс мүшесіне жақындамайтынына сенімді болса, рұқсат. Өзіне сенімді болмаса, рұқсат берілмейді. Жанасуға рұқсат бергендер арасында Икрима, Мүжаһид, Хасан Басри, Шағби, Ибраһим ән-Нахағи, Суфиян әс-Сәури, Әузағи, Ахмад ибн Ханбал, Имам Мұхаммед, Тахауи, мәлики ғалымдарынан Асбағ және басқалар бар». Мүбәракфури былай дейді: «Бұл топтың пікірі бойынша, жыныстық қатынастан өзге жақындыққа рұқсат. Осы пікір сахих дәлелдердің бәріне сай келеді».

Сақтық тұрғысынан кіндік пен тізе арасына жанаспаған жөн. Айша анамыз өз нәпсісін Алла елшісіндей ұстай алатын адам табылуы қиын екенін ескертіп, Алла елшісі етеккірдегі жұбайларына кіндігі мен тізесінің арасын изармен жапқызғанын арнайы айтқан.

  1. 1Бұхари, «Хайыз» (302). Мүслим, «Хайыз» (293, 295). Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 95 (1/58). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (267–268, 273). Тирмизи, «Таһарат» (132). Нәсәи, «Хайыз», 12–13 (1/189).
3828
Кутуб ситтә, № 3828 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ أَسْلَمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَجُلًا سَأَلَ النَّبِيَّ ﷺ فَقَالَ: مَا يَحِلُّ لِي مِنِ امْرَأَتِي وَهِيَ حَائِضٌ؟ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لِتَشُدَّ عَلَيْهَا إِزَارَهَا ثُمَّ شَأْنُكَ بِأَعْلَاهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм (р.а.) былай жеткізеді: «Бір кісі Пайғамбардан (с.а.с.): “Әйелімнің етеккірі келгенде, қандай жақындыққа рұқсат?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Беліне изар байласын. Изардан жоғары жеріне жанасуыңа болады”, – деді».1

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 93 (1/57).
3829
Кутуб ситтә, № 3829 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Мұғаз

وَعَنْ مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، مَا يَحِلُّ لِي مِنَ امْرَأَتِي وَهِيَ حَائِضٌ؟ قَالَ: مَا فَوْقَ الْإِزَارِ، وَالتَّعَفُّفُ عَنْ ذَلِكَ أَفْضَلُ». أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Муаз (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, әйелімнің етеккірі келгенде, қандай жақындыққа рұқсат? – деп сұрадым. Ол: “Изардан жоғары жеріне жанасуыңа болады. Одан да тартынғаның абзал”, – деді».1

  1. 1Рәзиннің қосымшасы. Әбу Дәуіт, «Таһарат» (212–213), мағыналас риуаяттар.
3830
Кутуб ситтә, № 3830 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Икрима

وَعَنْ عِكْرَمَةَ عَنْ بَعْضِ أَزْوَاجِ النَّبِيِّ ﷺ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ كَانَ إِذَا أَرَادَ مِنَ الْحَائِضِ شَيْئًا أَلْقَى عَلَىٰ فَرْجِهَا ثَوْبًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Икрима Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайларының бірінен былай жеткізеді: «Пайғамбар (с.а.с.) етеккірдегі жұбайына жақындағысы келгенде, оның жыныс мүшесінің үстін матамен жабатын».1

Түсіндірме

Бұл риуаяттар № 3827 хадистің түсіндірмесінде қарастырылды. Сол жерде келтірілген Нәуауидің пікірі, әсіресе, соңғы риуаятқа сүйенген болса керек.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (272).
3831
Кутуб ситтә, № 3831 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِذَا وَقَعَ رَجُلٌ بِأَهْلِهِ وَهِيَ حَائِضٌ فَلْيَتَصَدَّقْ بِنِصْفِ دِينَارٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Ер кісі етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түссе, жарты динар садақа берсін».1

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (136). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», № 3831.
3832
Кутуб ситтә, № 3832 · тараудағы реті: 11

وَفِي رِوَايَةٍ قَالَ: «إِذَا أَصَابَهَا فِي أَوَّلِ الدَّمِ، وَالدَّمُ أَحْمَرُ فَدِينَارٌ، وَإِنْ أَصَابَهَا فِي انْقِطَاعِ الدَّمِ، وَالدَّمُ أَصْفَرُ، فَنِصْفُ دِينَارٍ». قَالَ التِّرْمِذِيُّ: قَدْ رُوِيَ هَذَا الْحَدِيثُ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ مَوْقُوفًا.

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Ер кісі әйелімен етеккірдің басында, қан қызыл кезінде жыныстық қатынасқа түссе, бір динар садақа берсін. Қан тоқтауға жақындап, бөлінді сарғайған кезде қатынасқа түссе, жарты динар садақа берсін», – делінеді.

Тирмизи: «Бұл хадис Ибн Аббастың (р.а.) өз сөзі ретінде де, яғни мауқуф түрде де жеткізілген», – дейді.1

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (137), қызыл және сары қан туралы нұсқа.
3833
Кутуб ситтә, № 3833 · тараудағы реті: 12

وَفِي رِوَايَةِ أَبِي دَاوُدَ: «عَنِ النَّبِيِّ ﷺ فِي الَّذِي يَأْتِي أَهْلَهُ وَهِيَ حَائِضٌ، قَالَ: يَتَصَدَّقُ بِدِينَارٍ أَوْ نِصْفِ دِينَارٍ». قَالَ أَبُو دَاوُدَ: هَكَذَا الرِّوَايَةُ الصَّحِيحَةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттегі бір риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түскен адам жайында: «Бір динар немесе жарты динар садақа берсін», – дегені айтылады.

Әбу Дәуіт: «Сахих нұсқада осылай, “Бір динар немесе жарты динар” делінген», – дейді.1

Яғни тек «Жарты динар» делінген нұсқа мұншалықты қуатты саналмаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (264).
3834
Кутуб ситтә, № 3834 · тараудағы реті: 13

وَفِي رِوَايَةٍ قَالَ: «إِذَا أَصَابَهَا فِي أَوَّلِ الدَّمِ فَدِينَارٌ، وَإِذَا أَصَابَهَا فِي انْقِطَاعِ الدَّمِ فَنِصْفُ دِينَارٍ».

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта: «Ер кісі әйелімен етеккір қанының басында жыныстық қатынасқа түссе, бір динар, ал қан тоқтаған кезде қатынасқа түссе, жарты динар садақа берсін», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Соңғы төрт риуаят етеккірдегі әйелімен қателесіп жыныстық қатынасқа түскен адамның үкімі мен өтеміне қатысты. Бәрінің негізі бір, Ибн Аббастан жеткен. Дегенмен мәтіні мен жеткізу тізбегінде айырма бар. Риуаят бірде мәрфуғ, бірде мауқуф түрде келген.

2. Етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түскен адамның үкімі жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Хаттаби: «Ғалымдардың көпшілігі “Мұндай адамға өтем міндеттелмейді. Ол Алладан кешірім сұрайды” деп үкім берген», – дейді. Олар өтемді міндеттемеуіне риуаяттардағы мөлшердің әртүрлі келуін негіз еткен. Нұсқалары мынадай:

• Бір риуаятта мөлшер «бір динар немесе жарты динар» деп екіұшты берілген.

• Бір риуаятта «бір динар, оны таппаса, жарты динар садақа береді» делінген.

• Бір риуаятта қан келіп тұрғанына не тоқтағанына қарай бір немесе жарты динар деп ажыратылған.

• Бір риуаятта «қан қызыл болса, бір динар, сары болса, жарты динар» делінген.

• Бір риуаятта «қан жаңа келсе, бір динар, сарғайса, жарты динар садақа береді» делінген.

Кей ғалымдар айырмашылықтарға қарамастан, әр нұсқада белгілі бір мөлшердің аталғанын негізге алған. Олар мұны етеккірдегі әйелімен жыныстық қатынасқа түскен ер адамға өтем беру міндетті екенінің дәлелі деп санаған. Хаттаби осы пікірді ұстанғандар қатарында Қатада, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуяны атайды. Имам Шафиғи әуелде осы пікірді қолдаған, кейін «Өтем міндет емес» деген.

Өтемді міндеттемеген ғалымдардың айтуынша, риуаят сахих тізбекпен мәрфуғ түрде жетпеген. Ол мурсал немесе Ибн Аббастың өз сөзі, яғни мауқуф болып келген. Олар: «Нақты дәлелсіз адамға міндет жүктелмейді», – деген.

Ибн Аббас: «Етеккір қанының басында әйелімен жыныстық қатынасқа түссе, бір динар, соңына таман түссе, жарты динар садақа береді», – деп үкім берген. Қатада: «Қан келіп тұрған кезде қатынасқа түссе, бір динар, қан тоқтап, әйелі әлі ғұсыл алмай тұрғанда қатынасқа түссе, жарты динар садақа береді», – деген. Ахмад ибн Ханбалдың «Бір динар не жарты динар беруді өзі таңдайды» деген сөзі де жеткен. Хасан Басри мұндай адамға Рамазан айында әйелімен қатынасқа түскен кісіге жүктелетін жаза қолданылады деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (265), Ибн Аббастың сөзі. Тирмизи, «Таһарат» (136–137). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (264–266). Нәсәи, «Таһарат», 182 (1/153). Ибн Мәжа, «Таһарат» (640).
3835
Кутуб ситтә, № 3835 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أَغْسِلُ رَأْسَ النَّبِيِّ ﷺ وَأَنَا حَائِضٌ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Етеккірім келгенде де Алла елшісінің (с.а.с.) басын жуатынмын», – деген.1

  1. 1Бұхари, «Хайыз» (296), «Иғтикаф», 2–4, 19, «Либас», 76. Мүслим, «Хайыз» (297). Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 102 (1/60). Әбу Дәуіт, «Саум» (2467, 2469). Тирмизи, «Саум» (804). Нәсәи, «Хайыз», 20 (1/193).
3836
Кутуб ситтә, № 3836 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يَتَّكِئُ فِي حِجْرِي وَأَنَا حَائِضٌ فَيَقْرَأُ الْقُرْآنَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Етеккірім келгенде Пайғамбар (с.а.с.) менің тіземе басын қойып, Құран оқитын».1

  1. 1Бұхари, «Хайыз» (297), «Таухид», 52. Әбу Дәуіт, «Таһарат» (260). Нәсәи, «Хайыз», 16 (1/191).
3837
Кутуб ситтә, № 3837 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Айша

وَعَنْهَا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: نَاوِلِينِي الْخُمْرَةَ مِنَ الْمَسْجِدِ فَقُلْتُ: إِنِّي حَائِضٌ. فَقَالَ: إِنَّ حَيْضَتَكِ لَيْسَتْ فِي يَدِكِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мешіттегі хумраны алып берші”, – деді. “Етеккірім келіп тұр”, – дедім. Ол: “Етеккірің қолыңда емес қой”, – деді».1

«الْخُمْرَةُ»: حَصِيرٌ صَغِيرٌ مِنْ لَيْفِ أَوْ غَيْرِهِ بِقَدْرِ الْكَفِّ، وَهُوَ الَّذِي يَتَّخِذُهُ الْآنَ الشِّيعَةُ لِلسُّجُودِ. وَ«الْحِيضَةُ»: بِكَسْرِ الْحَاءِ: الْحَالَةُ الَّتِي تَلْزَمُهَا الْحَائِضُ، وَبِفَتْحِهَا الدَّفْعَةُ الْوَاحِدَةُ مِنْ دَفَعَاتِ الْحَيْضِ.

  1. 1Мүслим, «Хайыз» (298). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (261). Тирмизи, «Таһарат» (134). Нәсәи, «Хайыз», 18 (1/192).
3838
Кутуб ситтә, № 3838 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Мәймуна

وَعَنْ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَضَعُ رَأْسَهُ فِي حِجْرِ إِحْدَانَا فَيَتْلُو الْقُرْآنَ وَهِيَ حَائِضٌ، وَتَقُومُ إِحْدَانَا بِخُمْرَتِهِ إِلَى الْمَسْجِدِ فَتَبْسُطُهَا وَهِيَ حَائِضٌ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мәймуна (р.а.) былай дейді: «Біріміздің етеккіріміз келгенде де Алла елшісі (с.а.с.) оның тізесіне басын қойып, Құран оқитын. Арамыздағы бір әйел етеккірі келіп тұрса да, Алла елшісінің хумрасын мешітке апарып төсейтін».1

  1. 1Нәсәи, «Хайыз», 19 (1/192).
3839
Кутуб ситтә, № 3839 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ جَوَارِيَهُ كُنَّ يَغْسِلْنَ رِجْلَيْهِ وَيُعْطِينَهُ الْخُمْرَةَ وَهُنَّ حُيَّضٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта: «Күңдері етеккір көріп жүргенде де оның аяқтарын жуып, хумрасын алып беретін», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Соңғы бес риуаятта әйелдің етеккір кезінде атқара алатын істеріне және онымен бірге жүргенде жасауға болатын амалдарға мысал берілген.

• Алғашқы риуаятта Айша Алла елшісінің басын жуған. Демек, әйелдің етеккірі келсе де, ол басқа кісінің басын жуып, осындай тазалық істерін атқара алады.

• Келесі риуаятта Алла елшісі етеккірдегі Айшаның тізесіне басын қойып, Құран оқыған. Нәуауи осыған сүйеніп: «Құранды жатып, етеккірдегі әйелге сүйеніп немесе нәжіс бар жерге жақын тұрып оқуға рұқсат», – деген.

• № 3837 хадиске қарағанда, етеккірдегі әйел мешітке кірмей-ақ, ішінен бір нәрсе алып, басқа адамға бере алады. Ол адам мешіттің ішінде болса да, сыртында болса да, бұған рұқсат.

2. Хадистегі «хумра» – сәждеге арналған шағын жайнамаз. Атауы сәжде кезінде адамның жүзін жерден қалқалайтынына байланысты. Кей ғалымдар хумра адамның жүзі сыйып кететіндей ғана шағын төсеніш дейді. Басқа риуаяттар отыруға жететін үлкен төсеніштің де хумра деп аталғанын көрсетеді. Оны шиден де, матадан да жасауға болады. Бүгінде шииттер Кербала топырағынан жасалған алақандай кесекті өздерімен алып жүріп, намазда соған сәжде етеді. Бұл амал хумраға ұқсайды.

№ 3837 хадистегі Айша хумраны мешіттен алмақ болды ма, әлде мешітте отырған Алла елшісіне сырттан ұсынбақ болды ма деген мәселе талқыланған. Хадисті екі түрлі түсінуге болады. Қазы Иядтың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) мешітте иғтикафта отырып, бөлмесіндегі Айшаға хумраны ұсынуын өтінген. Айша етеккірі келіп тұрғандықтан, мешітке қолын созудан тартынған. Алла елшісі оған алаңдамауын білдіріп: «Етеккірің қолыңда емес қой», – деген. Осы пікірді ұстанған Нәуауи: «Егер Айшаға мешітке кіріп, хумраны сол жерден әкелуді бұйырса, қолын атап айтудың мәні болмас еді», – дейді.

Әбу Дәуіт, Нәсәи, Тирмизи, Ибн Мәжа, Хаттаби және имамдардың көпшілігі хумраны мешіттен әкелу сұралған деген пікірде. Мұндайда етеккірдегі әйел мешітке кірмейді. Іштегі кісі оған хумраны ұстатады да, ол оны үйге алып келеді. Немесе мешітке қолын созып, хумраны өзі алады. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп: «Бір кісі белгілі бір үйге не мешітке кірмеуге ант етіп, сол жерге барып, қолын ішке созып бір нәрсе алса, антын бұзған болмайды. Өйткені қолының ішке кіруі өзінің кіргенін білдірмейді», – деген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 88 (1/52).
3840
Кутуб ситтә, № 3840 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «بَيْنَا أَنَا مُضْطَجِعَةٌ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي الْخَمِيلَةِ إِذْ حِضْتُ فَانْسَلَلْتُ فَأَخَذْتُ ثِيَابَ حَيْضَتِي فَلَبِسْتُهَا. فَقَالَ لِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَنَفِسْتِ؟ قُلْتُ: نَعَمْ. فَدَعَانِي فَاضْطَجَعْتُ مَعَهُ فِي الْخَمِيلَةِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «الْخَمِيلَةُ»: كِسَاءٌ لَهُ خَمَلٌ أَوْ إِزَارٌ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) барқыт жамылғының астында бірге жатқан едім. Етеккірім келгенін сезгенде, жамылғының астынан сырғып шығып, етеккір кезінде киетін киімімді кидім. Алла елшісі: “Етеккірің келді ме?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. Ол мені қасына шақырды. Жамылғының астында қайта бірге жаттық».1

Түсіндірме

1. Риуаят мүміндердің аналарының әрқайсысында етеккір кезінде киетін бөлек киімі болғанын анық көрсетеді. Ол киімнің әдеттегі киімнен кеңірек болғаны № 3825 риуаятта айтылды.

2. Бұл риуаят етеккірдегі әйел күйеуімен бір жамылғының астында жата алатынын көрсететін тағы бір дәлел. Әбу Дәуіттегі өзге риуаятта Айша (р.а.) былай дейді: «Етеккірім келгенде төсектен түсіп, ши төсенішке жататынмын. Алла елшісі (с.а.с.) маған жақындамайтын. Мен де тазарғанша оған жақындамайтынмын». Кей ғалымдар керісінше мағынадағы риуаяттар көп болғандықтан, мұны мансух санаған. Кейбірі бұл амалды сақтыққа жатқызған. Ибн Аббас (р.а.) әйелінің етеккірі келгенде бөлек жататын. Алла елшісінің жұбайы әрі Ибн Аббастың нағашы әпкесі Мәймуна (р.а.) мұны естігенде: «Алла елшісінің сүннетінен бас тартасың ба? Аллаға ант етейін, ол етеккірі келген жұбайымен бірге жататын. Араларында тізесін жауып тұратын матадан өзге ештеңе болмайтын», – деп хабар жіберді. Келесі хадис те осыған мысал. Аяттағы فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ «Етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар» («Бақара», 222-аят) деген бұйрық жыныстық қатынасқа түспеу мағынасында түсіндірілген.

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 4, 21–22, «Саум», 24. Мүслим, «Хайыз» (296). Нәсәи, «Таһарат», 179 (1/149–150).
3841
Кутуб ситтә, № 3841 · тараудағы реті: 20

وَعَنْ عُمَارَةِ بْنِ غُرَابٍ: «أَنَّ عَمَّةً لَهُ حَدَّثَتْهُ أَنَّهَا سَأَلَتْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فَقَالَتْ: إِحْدَانَا تَحِيضُ وَلَيْسَ لَهَا وَلِزَوْجِهَا إِلَّا فِرَاشٌ وَاحِدٌ؟ فَقَالَتْ عَائِشَةُ: أُخْبِرُكِ بِمَا صَنَعَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: دَخَلَ لَيْلًا وَأَنَا حَائِضٌ فَمَضَى إِلَى مَسْجِدِهِ قَالَ أَبُو دَاوُدَ: يَعْنِي مَسْجِدَ بَيْتِهِ فَلَمْ يَنْصَرِفْ حَتَّىٰ غَلَبَتْنِي عَيْنِي وَأَوْجَعَهُ الْبَرْدُ، فَقَالَ: ادْنِي مِنِّي. فَقُلْتُ: إِنِّي حَائِضٌ. فَقَالَ: وَإِنْ اكْشِفِي عَنْ فَخِذَيْكِ. فَكَشَفْتُ فَخِذَيَّ. فَوَضَعَ خَدَّهُ وَصَدْرَهُ عَلَىٰ فَخِذَيَّ، وَحَنَيْتُ عَلَيْهِ حَتَّىٰ دَفِئَ وَنَامَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Умара ибн Ғурабқа әкесінің әпкесі Айшадан (р.а.) былай сұрағанын жеткізген: «Біріміздің етеккіріміз келгенде, күйеуімізден бөлек жата алмаймыз. Өйткені екеумізге бір ғана төсек бар».

Айша былай жауап берген: «Алла елшісінің (с.а.с.) не істегенін айтайын. Бір түні ол үйге кірді. Етеккірім келіп тұрған еді. Алла елшісі үйіндегі намаз оқитын жерге өтті. Мен қалғып кеткенше, ол сол жерден шықпады. Суықтан жаурап, қасыма келді де: “Маған жақында”, – деді. “Етеккірім келіп тұр”, – дедім. Ол: “Оқасы жоқ. Сандарыңды аш”, – деді. Сандарымды аштым. Ол жағы мен кеудесін саныма қойды. Мен үстіне еңкейіп, ол жылынып ұйықтап кеткенше солай отырдым». Әбу Дәуіт хадистегі «мешіті» сөзін «үйіндегі намаз оқитын жері» деп түсіндірген.1

«حَنَىٰ عَلَيْهِ» يَحْنَى إِذَا أَنْثَنَى عَلَيْهِ مَائِلًا، وَ«حَنَا عَلَيْهِ» يَحْنُو إِذَا عَطَفَ عَلَيْهِ وَأَشْفَقَ.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (270).
3842
Кутуб ситтә, № 3842 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كُنْتُ أَشْرَبُ مِنَ الْإِنَاءِ وَأَنَا حَائِضٌ ثُمَّ أُنَاوِلُهُ النَّبِيَّ ﷺ فَيَضَعُ فَاهُ عَلَىٰ مَوْضِعِ فِيَّ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ بِهَذَا اللَّفْظِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Етеккірім келіп тұрған кезде ыдыстан су ішіп, содан соң оны Алла елшісіне (с.а.с.) ұсынатынмын. Ол менің ернім тиген жерден ішетін».1

  1. 1Мүслим, «Хайыз» (300). Ибраһим Жанан, «Күтүб-и ситте», 11/56.
3843
Кутуб ситтә, № 3843 · тараудағы реті: 22

وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ، وَلَفْظُهُمَا: «كُنْتُ أَتَعَرَّقُ الْعَرْقَ وَأَنَا حَائِضٌ فَأَعْطِيهِ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَيَضَعُ فَمَهُ فِي الْمَوْضِعِ الَّذِي وَضَعْتُ فَمِيَ فِيهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт пен Нәсәи нұсқасында Айша былай дейді: «Етеккірім келген күндері сүйектегі етті тістеп жеп, содан соң сүйекті Алла елшісіне (с.а.с.) беретінмін. Ол менің аузым тиген жерден тістейтін».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (259). Нәсәи, «Хайыз» (380).
3844
Кутуб ситтә, № 3844 · тараудағы реті: 23

وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «أَنَّ شُرَيْحَ بْنَ هَانِئٍ سَأَلَ عَائِشَةَ: هَلْ تَأْكُلُ الْمَرْأَةُ مَعَ زَوْجِهَا وَهِيَ طَامِثٌ؟ قَالَتْ: نَعَمْ، كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَدْعُونِي فَآكُلُ مَعَهُ وَأَنَا عَارِكٌ فَكَانَ يَأْخُذُ الْعَرْقَ فَيُقْسِمُ عَلَيَّ فِيهِ فَأَخُذُهُ فَأَتَعَرَّقُ مِنْهُ، ثُمَّ أَضَعُهُ فَيَأْخُذُهُ فَيَعْتَرِقُ مِنْهُ وَيَضَعُ فَمَهُ حَيْثُ وَضَعْتُ فَمِي مِنَ الْعَرْقِ، وَيَدْعُو بِالشَّرَابِ فَيُقْسِمُ عَلَيَّ فِيهِ قَبْلَ أَنْ يَشْرَبَ مِنْهُ فَأَخُذُهُ فَأَشْرَبُ مِنْهُ، ثُمَّ أَضَعُهُ فَيَأْخُذُهُ فَيَشْرَبُ مِنْهُ فَيَضَعُ فَمَهُ حَيْثُ وَضَعْتُ فَمِي مِنَ الْقَدَحِ». «الْطَامِثُ» الْمَرْأَةُ الْحَائِضُ، وَهِيَ الْعَارِكُ. وَ«الْعَرْقُ» الْعَظْمُ عَلَيْهِ بَقِيَّةُ اللَّحْمِ. وَ«تَعَرَّقَهُ» أَكْلُ اللَحْمِ الْبَاقِي عَلَيْهِ.

Қазақша аудармасы

Нәсәидегі басқа риуаятта Шурайх ибн Һани Айшадан (р.а.): «Етеккірдегі әйел күйеуімен бірге ас іше ала ма?» – деп сұраған. Айша былай жауап берген: «Иә. Етеккірім келіп тұрған кезде Алла елшісі (с.а.с.) мені шақыратын. Онымен бірге ас ішетінмін. Ол етті сүйекті алып, қолыма ұстатып, әуелі мен жеуімді ант етіп өтінетін. Біраз жеген соң өзіне беретінмін. Ол менің аузым тиген жерден жейтін. Сусын алдырғанда да өзі ішпей тұрып, әуелі мен ішуімді тағы да ант етіп өтінетін. Сусыннан ішіп, ыдысты қойғанда, Алла елшісі оны алып, менің ернім тиген жерден ішетін».1

  1. 1Нәсәи, «Таһарат» (279), кеңейтілген нұсқа. Мүслим, «Хайыз» (300). Әбу Дәуіт, «Таһарат» (259), қысқа нұсқалар.
3845
Кутуб ситтә, № 3845 · тараудағы реті: 24

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَعْدٍ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلْتُ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ مُوَاكَلَةِ الْحَائِضِ فَقَالَ: وَاكِلْهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Сағд әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардан (с.а.с.) етеккірдегі әйелмен бірге ас ішу жайын сұрадым. Ол: “Онымен бірге ас іш”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл риуаяттар сахабалардың етеккірдегі әйелмен бірге жүру жөнінде күмәнданғанын, мұндай күмәннің кейін де болғанын көрсетеді. Бұған яһудилердің әдеті себеп болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, олар етеккірдегі әйелді өздерінен бөлек ұстаған. Исламда етеккір кезінде жыныстық қатынасқа тыйым салынғанымен, күнделікті қарым-қатынасқа рұқсат етілген. Әйелмен бірге ас ішуге, бір төсекте жатуға, жыныстық қатынастан өзге жақындыққа болады. Құлшылыққа қатысты шектеуге себеп болған хадас – үкімдік жағдай. Әйелдің қолы немесе ерні тиген затқа нәжіс жұқпайды. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) етеккірдегі Айшаға басын жуғызған, ол ішкен ыдыстың дәл ерні тиген жерінен ішкен, етті де Айша тістеген жерден жеген. Бұл амалдар етеккірдегі әйелмен қарым-қатынастың шегін көрсетеді.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (133).
3846
Кутуб ситтә, № 3846 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّ امْرَأَةً قَالَتْ لَهَا: أَتُجْزِي إِحْدَانَا صَلَاتُهَا إِذَا طَهُرَتْ؟ فَقَالَتْ: أَحَرُورِيَّةٌ أَنْتِ؟ كُنَّا نُحِيضُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَنُؤْمَرُ بِقَضَاءِ الصَّوْمِ وَلَا نُؤْمَرُ بِقَضَاءِ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. «الْحَرُورِيَّةُ»: جَمَاعَةٌ مِنَ الْخَوَارِجِ نَزَلُوا قَرْيَةً تُسَمَّى حَرُورَاءَ؛ وَقَوْلُهَا أَحَرُورِيَّةٌ أَنْتِ؟ تُرِيدُ أَنَّكِ خَالَفْتِ السُّنَّةَ وَخَرَجْتِ عَنِ الْجَمَاعَةِ كَخُرُوجِ أُولَئِكَ عَنْ جَمَاعَةِ الْمُسْلِمِينَ.

Қазақша аудармасы

Айшаға (р.а.) бір әйел: «Етеккірден тазарған соң оқитын намаздарымыз жеткілікті ме?» – деп, етеккір кезінде оқылмаған намаздардың қазасы туралы сұрады. Айша: «Сен харуриясың ба? Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында етеккіріміз келгенде, ұстай алмаған оразамыздың қазасын өтеу бұйырылатын, ал оқылмаған намаздың қазасын өтеу бұйырылмайтын», – деп жауап берді.1

Түсіндірме

1. «Харури», әйел текті тұлғасы «харурия», Куфадан екі миль жердегі Харура ауылынан шыққан адамды білдіреді. Харижилердің бір тобы Әлиге қарсы алғаш сол жерде топтасқандықтан, «харури» сөзі «харижи» мағынасында қолданылған.

Айша сұраған әйелге «Сен харуриясың ба?» деуімен: «Сүннеттен бас тартып, баршаға ортақ амалдан бөлінгің келе ме? Сүннет бойынша, етеккір кезінде оқылмаған намаздың қазасы өтелмейді», – дегісі келген. Харижи топтарына ортақ ұстаным – Құранда келгенді негіз етіп, сүннетте қосымша баяндалған үкімдерді қабылдамау.

Айша (р.а.) осы қарсы сұрақпен әйелдің сұрағы орынсыз екенін білдірген. Кей риуаятта сұрақ қойған әйелдің аты Муазә деп аталады.

2. Ғалымдар етеккірдегі әйелдің оразаны қаза етіп, намазды қаза етпеуін былай түсіндіреді: «Намаз күн сайын қайталанады. Сондықтан қазасын өтеу қиындық туғызар еді. Ораза күн сайын қайталанбайды, ол жылына бір ай ғана. Сол себепті оның қазасы өтеледі». Айша бұл мәселені Алла елшісінің етеккір кезінде оқылмаған намаздың қазасын өтеуді бұйырмағанымен ғана түсіндірген.

  1. 1Бұхари, «Хайыз», 20 (321). Мүслим, «Хайыз» (335), екі нұсқа. Әбу Дәуіт, «Таһарат» (262–263). Тирмизи, «Таһарат» (130), «Саум» (787). Нәсәи, «Хайыз», 17 (1/191–192), «Саум», 64 (4/191).
3847
Кутуб ситтә, № 3847 · тараудағы реті: 26

وَعَنْ أُمِّ بُسَّةَ وَاسْمُهَا مُسَّةُ الْأَزْدِيَّةُ، قَالَتْ: «حَجَجْتُ فَدَخَلْتُ عَلَىٰ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَقُلْتُ: يَا أُمَّ الْمُؤْمِنِينَ، إِنَّ سَمُرَةَ بْنَ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَأْمُرُ النِّسَاءَ أَنْ يَقْضِينَ صَلَاةَ الْمَحِيضِ. فَقَالَتْ: لَا يَقْضِينَ. كَانَتِ الْمَرْأَةُ مِنْ نِسَاءِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ تَقْعُدُ فِي النِّفَاسِ أَرْبَعِينَ لَيْلَةً لَا يَأْمُرُهَا النَّبِيُّ ﷺ بِقَضَاءِ صَلَاةِ النِّفَاسِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Үммі Бусса, есімі Мусса әл-Әздия, былай дейді: «Қажылық кезінде Үммі Сәләмаға (р.а.) кіріп: “Уа, мүміндердің анасы! Сәмура ибн Жундуб (р.а.) әйелдерге етеккір кезінде оқылмаған намаздардың қазасын өтеуді бұйырыпты”, – дедім. Ол: “Қазасын өтемейді. Алла елшісінің (с.а.с.) үйіндегі әйелдердің бірі нифас кезінде қырық түн намаз оқымайтын. Алла елшісі оған нифас кезінде оқылмаған намаздардың қазасын өтеуді бұйырмайтын”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Риуаяттағы «Алла елшісінің үйіндегі әйелдер» сөзі оның жұбайларымен шектелмейді. «Ниса» сөзі жұбайларымен қоса қыздарын, күңдерін және жақын туыстарын да қамтиды.

2. Тирмизи былай дейді: «Сахабалар, табиғиндер және кейінгі ғалымдар нифас қаны қырық күн бойы тоқтамаса, әйел сол күндері намаз оқымайды дегенге бірауыздан келіскен. Ертерек тазарғанын байқаса, ғұсыл алып, намазын бастайды. Қан қырық күннен кейін де жалғасса, көпшілік ғалым: “Қырық күннен кейін келген қан үшін намазды қалдырмайды”, – деген. Суфиян әс-Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуя осылай үкім берген».

Хасан Басридің «Қан жалғасса, елу күн намаз оқымайды» дегені, ал Ата мен Шағбидің «Алпыс күн намаз оқымайды» дегені жеткен.

Автор қырық күн деп көрсеткен пікірдің дәлелін қуаттырақ санайды. Нифастың ең аз мерзіміне нақты күн саны белгіленбеген. Әйел тазарған соң ғұсыл алып, намазын бастайды.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (312).
3848
Кутуб ситтә, № 3848 · тараудағы реті: 27Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: «أَنَّهَا قَالَتْ فِي الْمَرْأَةِ الْحَامِلِ تَرَى الدَّمَ: إِنَّهَا تَدَعُ الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ بَلَاغًا.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) қан көрген жүкті әйел жайында: «Мұндай әйел намаз оқымайды», – деген.1

Түсіндірме

Айша (р.а.) жүкті әйелден келген қанды етеккір қаны деп түсінгендіктен, оған намаз оқымау жөнінде үкім берген. Ибн әл-Мүсәйяб, Ибн Шиһаб, кең тараған пікірінде Мәлік, кейінгі пікірінде Шафиғи және өзге ғалымдар жүкті әйелдің етеккірі келуі мүмкін деген. Олар Айшаның осы риуаятына сүйенген.

Әбу Ханифа мен оның шәкірттері, Ахмад ибн Ханбал және Суфиян әс-Сәури жүкті әйелдің етеккірі келмейді деген пікірде. Олардың негізгі дәлелі – күңнің етеккірі оның жүкті еместігінің белгісі ретінде қабылданған. Олар: «Жүкті әйелдің де етеккірі келетін болса, етеккіріне қарап оның жүкті еместігіне үкім шығарылмас еді», – дейді.

Өзге пікірді ұстанғандар: «Әйелдің етеккіріне қарап, жүкті емес деу көбіне солай болатынына негізделген. Жүкті әйелде етеккірдің келуі өте сирек. Сирек құбылыстың болуын көп кездесетін жағдайға сүйеніп жоққа шығаруға болмайды», – деп жауап берген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 100 (1/60). Имам Мәлік риуаятты бәлағ түрінде, яғни жеткізу тізбегін атамай келтірген.
3849
Кутуб ситтә, № 3849 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «لَا تَقْرَأِ الْحَائِضُ وَلَا الْجُنُبُ شَيْئًا مِنَ الْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Етеккірдегі әйел де, жүніп кісі де Құраннан ештеңе оқымасын», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құраннан аз да, көп те оқымауын білдіреді. Бұл жөнінде әлсіз деп бағаланған бірнеше риуаят бар. Ғалымдар олардың бірін-бірі қуаттайтынын айтып, солардан шыққан үкіммен амал ету керек деген.

Тирмизи былай дейді: «Сахабалар, табиғиндер және кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы пікірде. Суфиян әс-Сәури, Ибн әл-Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад пен Исхақ: “Етеккірдегі немесе жүніп кісі Құраннан оқымайды. Алайда бір аяттың бөлігін, бір әріпті немесе соған ұқсас қысқа сөзді айта алады. Жүніп пен етеккірдегі адамның тәсбих пен тәһлил айтуына рұқсат”, – деген».

2. Көпшілік ғалым жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құран оқуын харам санаған. Бұл жөнінде өзгеше пікір айтқан ғалымдар да бар:

• Ибраһим ән-Нахағи жүніп кісінің бір аят оқуынан айып көрмеген.

• Ибн Аббастың да жүніп кісінің Құран оқуынан айып көрмегені айтылады. Бұл пікірді ұстанғандар Алла елшісінің (с.а.с.) қандай жағдайда да Алланы зікір еткенін білдіретін риуаятқа сүйенген. Сондай-ақ ол қажылық кезінде етеккірі келген Айшаға «тауаптан өзге қажылар істейтін амалдың бәрін жасауды» бұйырған. Қажылардың амалдарына зікір, тәлбия, дұға және қырағат та кіретіндіктен, бұл істерге рұқсат деп түсінген. Ал тауапқа тыйым салуды оның намаз тәрізді арнайы құлшылық болуымен түсіндірген.

Бұхаридың да осы пікірді құптағаны аңғарылады.

3. Ханафи мәзһабында мына үкімдер негізге алынады:

• Жүніп кісі мен етеккірдегі әйел ғұсыл алғанша намаз оқымайды және Құран оқу ниетімен бір аят та оқымайды. Ал дұға мен Алланы мадақтауға арналған аяттарды дұға не мадақ ниетімен айтуға болады. Мысалы, жүніп немесе етеккірдегі әйел «Фатиханы» дұға ниетімен оқи алады.

Осындай жағдайда балаға Құранды сөзбе-сөз, әр сөзін бөліп үйретуге болады деген пікір де бар.

• Бір аятқа, тіпті жарты аятқа да қол тигізе алмайды. Мұсхафты жалаң қолмен ұстамайды. Мұсхафқа бекітілмеген тысқаппен немесе орамалмен ұстауға болады. Сөмкеде не сандықта тұрса, оны сол күйінде көтеруге болады.

• Қағбаны тауап етпейді және зәру жағдай болмаса, мешітке кірмейді.

• Аят жазылған қағазды не ақшаны қолмен ұстамайды.

4. Жүніп кісі мен етеккірдегі әйелге ғұсыл алғанға дейін мына істерді жасау мәкрүһ:

• Діни кітапты қолмен ұстап оқу.

• Қолын жумай, аузын шаймай ішіп-жеу.

• Қолға ұстамай, жерде жатқан қағазға Құран аятын жазу.

Жүніп кісі мен етеккірдегі әйелдің Құран мәтініне көз жүгіртуіне болады. Бұл мәкрүһ саналмайды.

Етеккір кезіндегі тазалыққа қатысты түсіндірме осы тақырыптың соңында, № 3865 хадистен кейін беріледі.

  1. 1Тирмизи, «Таһарат» (131). Ибраһим Жананның «Күтүб-и ситтесінде» (11/61) сөз Ибн Омардан қысқартылып берілген. Бұл жерде Тирмизидегі жеткізу үлгісі қалпына келтірілді.