Хадис

Кутуб ситтә, № 3822

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
512. Етеккірге қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 3822 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3822
Кутуб ситтә, № 3822 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ الْيَهُودَ كَانُوا إِذَا حَاضَتِ الْمَرْأَةُ فِيهِمْ لَمْ يُؤَاكِلُوهَا وَلَمْ يُجَامِعُوهَا فِي الْبُيُوتِ فَسَأَلَ أَصْحَابُ النَّبِيِّ ﷺ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ ذَلِكَ، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ إِلَى آخِرِ الْآيَةِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: اصْنَعُوا كُلَّ شَيْءٍ إِلَّا النِّكَاحَ. فَبَلَغَ ذَلِكَ الْيَهُودَ. فَقَالُوا: مَا يُرِيدُ هَذَا الرَّجُلُ أَنْ يَدَعَ مِنْ أَمْرِنَا شَيْئًا إِلَّا خَالَفَنَا فِيهِ. فَجَاءَ أُسَيْدُ بْنِ حُضَيْرٍ وَعَبَّادُ بْنِ بِشْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ: إِنَّ الْيَهُودَ تَقُولُ كَذَا كَذَا، أَفَلَا نُجَامِعُهُنَّ؟ فَتَغَيَّرَ وَجْهُ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ حَتَّىٰ ظَنَّا أَنَّهُ قَدْ وَجَدَ عَلَيْهِمَا فَخَرَجَا فَاسْتَقْبَلَتْهُمَا هَدِيَّةٌ مِنْ لَبَنٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَرْسَلَ فِي آثَارِهِمَا فَسَقَاهُمَا فَعَرَفَا أَنَّهُ لَمْ يَجِدْ عَلَيْهِمَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ. «وَجَدَ عَلَيْهِ»: يَجِدُ مَوْجِدَةً إِذَا غَضِبَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Яһудилер араларындағы әйелдің етеккірі келсе, онымен бірге тамақ ішпейтін, бір үйде бірге отырмайтын. Сахабалар Алла елшісінен (с.а.с.) осы туралы сұрады. Сонда Алла тағала мына аятты түсірді: وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ ۖ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُوا النِّسَاءَ فِي الْمَحِيضِ ۖ وَلَا تَقْرَبُوهُنَّ حَتَّىٰ يَطْهُرْنَ ۖ فَإِذَا تَطَهَّرْنَ فَأْتُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ أَمَرَكُمُ اللَّهُ “Һәм олар сенен етеккір жайлы да сұрайды. Оларға былай деп айт: ‘Етеккір – құрамы өзгерген жиіркенішті қан, сондықтан етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар һәм толық тазарғанға дейін олармен жақындаспаңдар. Етеккірден арылып, толық тазаланғандарында, оларға Алла өздеріңе бұйырған жолмен барыңдар.’” («Бақара», 222-аят). Алла елшісі (с.а.с.): “Жыныстық қатынастан өзге амалдың бәріне рұқсат”, – деді. Мұны естіген яһудилер: “Мына кісі біздің бірде-бір ісімізді сол күйінде қалдырмай, бәріне қарсы шықпақ”, – десті. Үсәйд ибн Худайр мен Аббад ибн Бишр (р.а.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, яһудилер осылай дейді. Әйелдерімізбен жыныстық қатынасқа түссек болмай ма?” – деп сұрады. Алла елшісінің жүзі өзгеріп, екеуі оны ренжітіп алдық деп ойлады да, шығып кетті. Жолай Алла елшісіне сыйға әкелінген сүт кезікті. Алла елшісі екеуін қайта шақыртып, сүттен ішкізді. Сонда олар Алла елшісінің өздеріне ренжімегенін түсінді».

Түсіндірме

1. Түсіндірме жазған ғалымдар сахабалардың сұрағы аят түспей тұрып қойылғанын айтады. Олар «бұрынғы шариғаттар бізге де жүреді» деген ұғымға сүйеніп сұраған болуы мүмкін.

Нәуауи аяттағы бірінші «махиз» сөзін етеккір қаны деп түсіндіреді. Екінші сөздің мағынасы талас тудырған. Көбіне ол етеккірдің өзі деп қабылданады. Оны жыныс мүшесі немесе етеккірдің уақыты деп түсінген ғалымдар да бар.

Үсәйд пен Аббадтың (р.а.) сұрағында қандай жақындық айтылғаны жөнінде ғалымдар түрлі пікір білдірген. Кейбірі олардың әйелдерімен бірге тұруды және бірге тамақ ішуді, өзгелері жыныстық қатынасты меңзегенін айтады. Сірә, екеуі яһудилердің әдетіне бұл тұста да қарсы болып, жыныстық қатынасқа рұқсат алғысы келген. Бұл тілектері ислам шариғатына сай болмағандықтан, Алла елшісінің (с.а.с.) жүзі өзгерген. Дегенмен ол ансардың осы екі беделді кісісінің көңілін аулап, арттарынан сүт жіберді. Сөйтіп, оларға деген ілтипатының сақталғанын білдірді.1

  1. 1Мүслим, «Хайыз» (302). Әбу Дәуіт, «Никах» (2165). Тирмизи, «Тәпсір», «Бақара» (2977, осы риуаят). Нәсәи, «Таһарат», 181 (1/152).