وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَعْدٍ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلْتُ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ مُوَاكَلَةِ الْحَائِضِ فَقَالَ: وَاكِلْهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Сағд әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардан (с.а.с.) етеккірдегі әйелмен бірге ас ішу жайын сұрадым. Ол: “Онымен бірге ас іш”, – деді».1
Түсіндірме
Бұл риуаяттар сахабалардың етеккірдегі әйелмен бірге жүру жөнінде күмәнданғанын, мұндай күмәннің кейін де болғанын көрсетеді. Бұған яһудилердің әдеті себеп болуы мүмкін. Жоғарыда айтылғандай, олар етеккірдегі әйелді өздерінен бөлек ұстаған. Исламда етеккір кезінде жыныстық қатынасқа тыйым салынғанымен, күнделікті қарым-қатынасқа рұқсат етілген. Әйелмен бірге ас ішуге, бір төсекте жатуға, жыныстық қатынастан өзге жақындыққа болады. Құлшылыққа қатысты шектеуге себеп болған хадас – үкімдік жағдай. Әйелдің қолы немесе ерні тиген затқа нәжіс жұқпайды. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) етеккірдегі Айшаға басын жуғызған, ол ішкен ыдыстың дәл ерні тиген жерінен ішкен, етті де Айша тістеген жерден жеген. Бұл амалдар етеккірдегі әйелмен қарым-қатынастың шегін көрсетеді.
- 1Тирмизи, «Таһарат» (133).