Хадис

Кутуб ситтә, № 3839

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
512. Етеккірге қатысты үкімдер
Нөмірі
№ 3839 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 18
3839
Кутуб ситтә, № 3839 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ جَوَارِيَهُ كُنَّ يَغْسِلْنَ رِجْلَيْهِ وَيُعْطِينَهُ الْخُمْرَةَ وَهُنَّ حُيَّضٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта: «Күңдері етеккір көріп жүргенде де оның аяқтарын жуып, хумрасын алып беретін», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Соңғы бес риуаятта әйелдің етеккір кезінде атқара алатын істеріне және онымен бірге жүргенде жасауға болатын амалдарға мысал берілген.

• Алғашқы риуаятта Айша Алла елшісінің басын жуған. Демек, әйелдің етеккірі келсе де, ол басқа кісінің басын жуып, осындай тазалық істерін атқара алады.

• Келесі риуаятта Алла елшісі етеккірдегі Айшаның тізесіне басын қойып, Құран оқыған. Нәуауи осыған сүйеніп: «Құранды жатып, етеккірдегі әйелге сүйеніп немесе нәжіс бар жерге жақын тұрып оқуға рұқсат», – деген.

• № 3837 хадиске қарағанда, етеккірдегі әйел мешітке кірмей-ақ, ішінен бір нәрсе алып, басқа адамға бере алады. Ол адам мешіттің ішінде болса да, сыртында болса да, бұған рұқсат.

2. Хадистегі «хумра» – сәждеге арналған шағын жайнамаз. Атауы сәжде кезінде адамның жүзін жерден қалқалайтынына байланысты. Кей ғалымдар хумра адамның жүзі сыйып кететіндей ғана шағын төсеніш дейді. Басқа риуаяттар отыруға жететін үлкен төсеніштің де хумра деп аталғанын көрсетеді. Оны шиден де, матадан да жасауға болады. Бүгінде шииттер Кербала топырағынан жасалған алақандай кесекті өздерімен алып жүріп, намазда соған сәжде етеді. Бұл амал хумраға ұқсайды.

№ 3837 хадистегі Айша хумраны мешіттен алмақ болды ма, әлде мешітте отырған Алла елшісіне сырттан ұсынбақ болды ма деген мәселе талқыланған. Хадисті екі түрлі түсінуге болады. Қазы Иядтың айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) мешітте иғтикафта отырып, бөлмесіндегі Айшаға хумраны ұсынуын өтінген. Айша етеккірі келіп тұрғандықтан, мешітке қолын созудан тартынған. Алла елшісі оған алаңдамауын білдіріп: «Етеккірің қолыңда емес қой», – деген. Осы пікірді ұстанған Нәуауи: «Егер Айшаға мешітке кіріп, хумраны сол жерден әкелуді бұйырса, қолын атап айтудың мәні болмас еді», – дейді.

Әбу Дәуіт, Нәсәи, Тирмизи, Ибн Мәжа, Хаттаби және имамдардың көпшілігі хумраны мешіттен әкелу сұралған деген пікірде. Мұндайда етеккірдегі әйел мешітке кірмейді. Іштегі кісі оған хумраны ұстатады да, ол оны үйге алып келеді. Немесе мешітке қолын созып, хумраны өзі алады. Ғалымдар осы хадиске сүйеніп: «Бір кісі белгілі бір үйге не мешітке кірмеуге ант етіп, сол жерге барып, қолын ішке созып бір нәрсе алса, антын бұзған болмайды. Өйткені қолының ішке кіруі өзінің кіргенін білдірмейді», – деген.

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 88 (1/52).