Хадис

Оразаны ашуға рұқсат берілетін жағдайлар

Кутуб ситтә, 8-том, 437-тарау · 13 хадис · № 3204–3216

Хадистер

3204
Кутуб ситтә, № 3204 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَامَ الْفَتْحِ إِلَى مَكَّةَ فِي رَمَضَانَ، فَصَامَ حَتَّى بَلَغَ كُرَاعَ الْغَمِيمِ، فَصَامَ النَّاسُ، ثُمَّ دَعَا بِقَدَحٍ مِنْ مَاءٍ فَرَفَعَهُ حَتَّى نَظَرَ النَّاسُ ثُمَّ شَرِبَ، فَقِيلَ لَهُ بَعْدَ ذَلِكَ: إِنَّ بَعْضَ النَّاسِ قَدْ صَامَ، فَقَالَ: أُولَئِكَ الْعُصَاةُ، أُولَئِكَ الْعُصَاةُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбирдің (р.а.) айтуынша, Алла Елшісі (с.а.с.) Мекке алынған жылы Рамазан айында Меккеге аттанды. Курағ әл-Ғамимге жеткенше өзі де, жұрт та ораза ұстады. Сол жерде бір тостаған су алдырып, жұрт көретіндей жоғары көтерді де, суды ішті. Кейін кей адамдардың оразасын жалғастырғанын естігенде, «Олар бұйрыққа бағынбады! Олар бұйрыққа бағынбады!» – деді.1

Түсіндірме

1. Курағ әл-Ғамим – Усфан маңындағы ойпат.

2. Хадис сапарда басталған оразаны ашуға болатынын Алла Елшісінің (с.а.с.) ісімен көрсетеді. Нәуәуи оның оразасын жалғастырғандарға айтқан сөзін екі түрлі түсіндіреді:

• Оразаны жалғастырған адамдарға оның зияны тиюі мүмкін еді.

• Алла Елшісі белгілі бір пайдасын көздеп, оларға ауыз ашуды бұйырған. Олар бұйрықты орындамай, оразасын жалғастырған. Міндетті бұйрықты орындамау бағынбауға жатады.

Екі түсіндірме бойынша да жолаушыға зияны тимейтін болса, оразасын жалғастырғаны үшін оны бұйрыққа бағынбады деп айтуға болмайды.

Тирмизидің риуаятындағы «Ораза жұртқа ауыр тиді» деген қосымша сөз Нәуәуидің бірінші түсіндірмесін қуаттайды.

3. Тирмизи сапардағы ораза туралы бірнеше пікірді келтіреді. Кей сахабалар мен кейінгі буын өкілдері сапарда ауыз ашуды абзал санаған, тіпті сапарда ораза ұстаған адам оны қайта өтеуге тиіс дегендер де болған. Басқалары шамасы жеткен адамның сапарда ораза ұстауына рұқсат берген.

Ахмад пен Исхақ бірінші көзқарасты ұстанған. Суфиян әс-Сәури, Мәлик, Абдулла ибн әл-Мүбәрак, Әбу Ханифа және Шәфиғи екінші көзқарасты таңдаған.

Омар ибн Абдулазиз يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلَا يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ «Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалықты қаламайды» («Бақара» сүресі, 185-аят) деген аятқа сүйеніп, жолаушыға өзіне жеңілін таңдаған абзал деген. Ауыз ашу жеңіл болса, ашады. Ораза ұстау жеңіл болса, ұстайды. Кей адам сапарда Рамазан оразасын қиналмай ұстайды, ал кейін қазасын өтеу оған қолайсыз болуы мүмкін. Мұндай адамға оразасын ұстаған абзал.

  1. 1Мүслим, «Сиям», №1114. Тирмизи, «Саум», №710. Нәсәи, «Саум», 49 (4/177).
3205
Кутуб ситтә, № 3205 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فِي سَفَرٍ، فَمِنَّا الصَّائِمُ وَمِنَّا الْمُفْطِرُ، فَنَزَلْنَا مَنْزِلًا فِي يَوْمٍ حَارٍّ، أَكْثَرُنَا ظِلًّا صَاحِبُ الْكِسَاءِ، وَمِنَّا مَنْ يَتَّقِي الشَّمْسَ بِيَدِهِ، فَسَقَطَ الصُّوَّامُ، وَقَامَ الْمُفْطِرُونَ فَضَرَبُوا الْأَبْنِيَةَ، وَسَقَوُا الرِّكَابَ، فَقَالَ: ذَهَبَ الْمُفْطِرُونَ الْيَوْمَ بِالْأَجْرِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге сапарда едік. Кейбіріміз ораза ұстадық, кейбіріміз ұстамадық. Күн ыстықта бір жерге аялдадық. Сол күні ең мол көлеңке жамылғысы бар адамға бұйырды. Арамызда күннен қолымен көлегейленгендер де болды. Ораза ұстағандар қалжырап, сұлап қалды. Ораза ұстамағандар тұрып, шатыр құрды, көліктерді суарды. Сонда Алла Елшісі “Бүгін сауапты ораза ұстамағандар алды”, – деді».1

Түсіндірме

Әнәс сапарда күннің ыстығы оразалы адамдардың жұмыс істеуіне мұрша бермегенін баяндайды. Шатыр құру, түйелерді суару, жем беру, ас әзірлеу сияқты қызметті ораза ұстамағандар атқарған.

Алла Елшісі (с.а.с.) мұны «Бүгін сауапты ораза ұстамағандар алды» деген сөзбен білдірген. Олар жолдастарына қызмет етудің сауабын алып, сол күнгі игілікте озған.

• Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, шайқас кезінде жолдастарына қызмет етуді нәпіл оразадан артық санаған.

• Хадис жорықта бір-біріне көмектесуге үндейді.

• Сапарда осындай жағдай туса, ораза ұстамау абзал.

• Сапарда ұсталған ораза жарамды. Хадисте сапардағы ораза есептелмейді деген пікірге негіз жоқ.

  1. 1Бұхари, «Жиһад», 71. Мүслим, «Сиям», №1119. Нәсәи, «Саум», 52 (4/182).
3206
Кутуб ситтә, № 3206 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ فِي سَفَرٍ، فَرَأَى رَجُلًا قَدِ اجْتَمَعَ عَلَيْهِ النَّاسُ، وَقَدْ ظُلِّلَ عَلَيْهِ، فَقَالَ: مَا لَهُ؟ فَقَالُوا: رَجُلٌ صَائِمٌ، فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَيْسَ الْبِرُّ أَنْ تَصُومُوا فِي السَّفَرِ». وَفِي رِوَايَةٍ: «لَيْسَ مِنَ الْبِرِّ الصَّوْمُ فِي السَّفَرِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Бір сапарда Алла Елшісі (с.а.с.) жұрт қаумалап, көлеңкелеп тұрған бір кісіні көрді. “Бұл не жағдай?” – деп сұрады. Жұрт “Ораза ұстап жүр”, – деді. Сонда Алла Елшісі “Сапарда ораза ұстау ізгілікке жатпайды”, – деді».1

Түсіндірме

Хадистің өзге нұсқаларында оқиға Мекке алынған жылғы сапарда болғаны айтылады. Ораза әлгі адамға ауыр тигендіктен, Алла Елшісі (с.а.с.) оған ауыз ашуды бұйырған. Осыдан қажет кезінде берілген жеңілдікті пайдалану мұстахаб, ал оны тәрк ету мәкруһ екені аңғарылады. Бір нұсқада Алла Елшісі «Алланың сендерге берген жеңілдігін пайдаланыңдар», – деген.

  1. 1Бұхари, «Саум», 36 (№1946). Мүслим, «Сиям», №1115. Әбу Дәуіт, «Саум», №2407. Нәсәи, «Саум», 48 (4/176).
3207
Кутуб ситтә, № 3207 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَأَلَ حَمْزَةُ بْنُ عَمْرٍو الْأَسْلَمِيُّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنِ الصَّوْمِ فِي السَّفَرِ، وَكَانَ كَثِيرَ الصِّيَامِ، فَقَالَ: إِنْ شِئْتَ فَصُمْ، وَإِنْ شِئْتَ فَأَفْطِرْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Жиі ораза ұстайтын Хамза ибн Амр әл-Әсләми (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.) сапарда ораза ұстау туралы сұрады. Алла Елшісі “Қаласаң, ұста, қаламасаң, ұстама”, – деді».1

Түсіндірме

Екі хадис те сапардағы ораза жайлы. Біріншісінде Алла Елшісі (с.а.с.) оразадан қалжыраған адамның жағдайын көріп, оған ауыз ашуды бұйырды. Екіншісінде сапардағы оразаның жалпы үкімін сұраған адамға қалауына қарай ұстауға да, ұстамауға да рұқсат берді.

Алғашқы буын ғалымдары арасында бұл мәселе талас тудырған. Кейбірі сапарда ұсталған ораза парыздың орнына жүрмейді, қазасын өтеу міндет деген. Олар «Ал кім осы айда науқас болса немесе сапарға шықса, ораза ұстамаған күндерін басқа уақытта өтесін» («Бақара» сүресі, 185-аят) деген аяттың сыртқы мағынасына және لَيْسَ مِنَ الْبِرِّ الصِّيَامُ فِي السَّفَرِ «Сапарда ораза ұстау ізгілікке жатпайды» деген хадиске сүйенген.

Олардың уәжі бойынша, ізгілікке жатпайтын ораза жарамды амалға саналмайды. Сондықтан сапарда ұсталған оразамен парыз өтелмей, қазасын өтеу қажет. Заһирилердің бір тобы осы көзқараста болған.

Бұл мәселе жөніндегі ғалымдардың пікірлері №3204 хадистің түсіндірмесінде берілді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 33. Мүслим, «Сиям», №1121. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 24 (1/295). Тирмизи, «Саум», №711. Әбу Дәуіт, «Саум», №2402. Нәсәи, «Саум», 56 (4/185).
3208
Кутуб ситтә, № 3208 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فَمِنَّا الصَّائِمُ وَمِنَّا الْمُفْطِرُ، فَلَا الصَّائِمُ يَعِيبُ عَلَى الْمُفْطِرِ، وَلَا الْمُفْطِرُ يَعِيبُ عَلَى الصَّائِمِ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге сапарда болдық. Кейбіріміз ораза ұстадық, кейбіріміз ұстамадық. Ораза ұстаған адам ұстамағанды, ұстамаған адам ұстағанды кінәламады».1

Түсіндірме

Әбу Дәуіттің нұсқасында сапардың Рамазанда болғаны айтылады. Демек, әңгіме парыз ораза жайлы. Бұл риуаят сапарда шамасы келген адамның Рамазан оразасын ұстай алатынын көрсетеді. Ал №3206 хадистегі сөз ораза ауыр тиіп, адам қалжыраған жағдайға қатысты. Ибн Хажар ғалымдардың пікірін былай жеткізген: «Шамасы жеткен адамға ораза ұстаған абзал. Шамасы жетпейтінін білген адамға ұстамаған абзал». Бұл жайлы өзге пікірлер жоғарыда келтірілді.

  1. 1Бұхари, «Саум», 37 (№1947). Мүслим, «Сиям», №1118. Мәлик, «Муатта», «Сиям», 23 (1/295). Әбу Дәуіт, «Саум», №2405.
3209
Кутуб ситтә, № 3209 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «خَرَجْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي رَمَضَانَ فِي حَرٍّ شَدِيدٍ، إِنْ كَانَ أَحَدُنَا لَيَضَعُ يَدَهُ عَلَى رَأْسِهِ مِنْ شِدَّةِ الْحَرِّ، وَمَا فِينَا صَائِمٌ إِلَّا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَابْنُ رَوَاحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрда (р.а.) былай дейді: «Рамазанның аптап ыстығында Алла Елшісімен (с.а.с.) бірге сапарға шықтық. Ыстықтың күштілігінен адам қолын төбесіне қоятын. Арамызда Алла Елшісі (с.а.с.) мен Абдулла ибн Рауахадан басқа ешкім ораза ұстамаған еді».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 35. Мүслим, «Сиям», №1122. Әбу Дәуіт, «Саум», №2409.
3210
Кутуб ситтә, № 3210 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Амр ибн Умәйя әд-Дамри

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ أُمَيَّةَ الضَّمْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَدِمْتُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مِنْ سَفَرٍ فَقَالَ: انْتَظِرِ الْغَدَاءَ يَا أَبَا أُمَيَّةَ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي صَائِمٌ. قَالَ: إِذًا أُخْبِرَكَ عَنِ الْمُسَافِرِ، إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى وَضَعَ عَنْهُ الصِّيَامَ وَنِصْفَ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Умәйя әд-Дамри (р.а.) былай дейді: «Сапардан қайтып келе жатып, Алла Елшісіне (с.а.с.) жолықтым. Ол “Уа, Әбу Умәйя! Таңғы асқа қал”, – деді. Мен “Оразамын”, – дедім. Сонда ол “Онда жолаушының үкімін айтайын. Алла Тағала жолаушыны сапар кезінде ораза ұстаудан және намаздың жартысын оқудан босатты”, – деді».1

Түсіндірме

1. Нәсәи жинағында хадистің бірнеше нұсқасы бар. Мағынасы бір, сөз қолданысында айырмашылық кездеседі.

2. «Ораза ұстаудан босатты» деген сөз жолаушының сапарда ораза ұстауы өз еркінде екенін білдіреді. «Бақара» сүресінің 185-аятында ұстамаған күндерін кейін өтеу міндеті айтылады. Ал намаздың жартысын оқудан босату – төрт рәкат парыз намазды екі рәкат етіп қысқарту.

  1. 1Нәсәи, «Саум», 50 (4/178, №2267).
3211
Кутуб ситтә, № 3211 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي عَبْدِ اللَّهِ بْنِ كَعْبِ بْنِ مَالِكٍ اسْمُهُ أَنَسُ بْنُ مَالِكٍ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى وَضَعَ شَطْرَ الصَّلَاةِ عَنِ الْمُسَافِرِ، وَأَرْخَصَ لَهُ فِي الْإِفْطَارِ، وَأَرْخَصَ فِيهِ لِلْمُرْضِعِ وَالْحُبْلَى إِذَا خَافَتَا عَلَى وَلَدَيْهِمَا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Кәғб ибн Мәликтің әулетінен шыққан Әнәс ибн Мәлик Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла Тағала жолаушыны намаздың жартысын оқудан босатып, оған оразасын ашуға рұқсат берді. Балаларына қауіп төнеді деп қорыққан жүкті және бала емізетін әйелдерге де ораза ұстамауға рұқсат етті».1

Түсіндірме

Хадисте Рамазан оразасын кейінге қалдыруына рұқсат етілген үш топ аталады:

1. Жолаушылар. Олардың үкімі алдыңғы хадистерде кеңірек түсіндірілді.

2. Бала емізетін әйелдер.

3. Жүкті әйелдер.

Жүкті және бала емізетін әйелдердің оразаны кейінге қалдыруына осы хадисте рұқсат берілген. Қазасын өтеу мен пидия беру жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

• Мужаһид, Шәфиғи және Ахмад ибн Ханбал олардың ораза қазасын өтеп, оған қоса мұқтаждарға ас беруі керек деген. Өйткені олар баласына қауіп төнеді деп ораза ұстамайды.

• Имам Мәликтің пікірінше, жүкті әйел науқас кісінің үкіміне кіретіндіктен, оразаның қазасын ғана өтейді. Ал бала емізетін әйел қазасын өтеумен бірге пидия береді.

• Хасан Басри мен Ата жүкті және бала емізетін әйелдер науқас кісі сияқты оразаның қазасын ғана өтейді, мұқтаждарды тамақтандыруы міндет емес деген. Әбу Ханифа мен шәкірттері, Әузағи және Суфиян әс-Сәури де осы пікірді ұстанған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2408. Тирмизи, «Саум», №715. Нәсәи, «Саум», 51 (4/180–182), 62 (4/190). Ибн Мәжа, «Сиям», №1668.
3212
Кутуб ситтә, № 3212 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ مُحَمَّدِ بْنِ كَعْبٍ قَالَ: «أَتَيْتُ أَنَسَ بْنَ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي رَمَضَانَ وَهُوَ يُرِيدُ سَفَرًا، وَقَدْ رُحِّلَتْ لَهُ رَاحِلَةٌ، وَلَبِسَ ثِيَابَ سَفَرِهِ، فَدَعَا بِطَعَامٍ فَأَكَلَ، فَقُلْتُ لَهُ: سُنَّةٌ؟ قَالَ: نَعَمْ، ثُمَّ رَكِبَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Кәғб былай дейді: «Рамазанда Әнәс ибн Мәликке (р.а.) бардым. Ол сапарға жиналып жатыр екен. Көлігі әзірленіп, өзі жол киімін киіп қойған. Ас алдырып, тамақтанды. Мен “Бұл сүннет пе?” – деп сұрадым. Ол “Иә”, – деді де, көлігіне мініп, жолға шықты».1

Түсіндірме

Бұл хадисті Рамазанда сапарға аттанған адамның үйінен шықпай тұрып ауыз ашуына болады дегендер дәлел етеді. Жолаушы үкімінің қай сәттен басталатыны жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.

Ибн әл-Араби Тирмизи жинағына жазған «әл-Арида» түсіндірмесінде бұл хадисті сахих деп, Ахмад ибн Ханбалдың соған сүйенгенін айтады. Мәликилер бұған қосылмаған. Үйден шықпай тұрып ауыз ашқан адамның кәффарат өтеуі керек пе деген мәселеде олардың өз ішінде пікір айырмасы бар. Имам Мәлик кәффарат қажет емес деген. Ибн әл-Араби де кәффаратты міндеттегендердің дәлелін қабылдамайды. Көпшілік ғалым бойынша, жолаушы үкімі елді мекеннің шеткі үйлерінен өткенде басталады.2

  1. 1Тирмизи, «Саум», №799–800.
  2. 2Сапар намазы туралы №2896–2922 риуаяттардың түсіндірмесін қараңыз.
3213
Кутуб ситтә, № 3213 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ مَالِكٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ كَانَ إِذَا كَانَ فِي سَفَرٍ فِي رَمَضَانَ فَعَلِمَ أَنَّهُ دَاخِلُ الْمَدِينَةِ مِنْ أَوَّلِ يَوْمِهِ، دَخَلَ وَهُوَ صَائِمٌ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабар бойынша, Омар (р.а.) Рамазанда сапарда жүргенде Мәдинаға күннің басында кіретінін білсе, қалаға оразалы күйде кіретін.1

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Сиям», 27 (1/296).
3214
Кутуб ситтә, № 3214 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ مَنْصُورٍ الْكَلْبِيِّ: «أَنَّ دِحْيَةَ بْنَ خَلِيفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ خَرَجَ مِنْ قَرْيَةٍ مِنْ دِمَشْقَ إِلَى قَدْرِ قَرْيَةِ عَقَبَةَ مِنَ الْفُسْطَاطِ، وَذَلِكَ ثَلَاثَةُ أَمْيَالٍ، فِي رَمَضَانَ، فَأَفْطَرَ وَأَفْطَرَ مَعَهُ نَاسٌ كَثِيرٌ، وَكَرِهَ آخَرُونَ أَنْ يُفْطِرُوا، فَلَمَّا رَجَعَ إِلَى قَرْيَتِهِ قَالَ: وَاللَّهِ لَقَدْ رَأَيْتُ الْيَوْمَ أَمْرًا مَا كُنْتُ أَظُنُّ أَنِّي أَرَاهُ، إِنَّ قَوْمًا رَغِبُوا عَنْ هَدْيِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَأَصْحَابِهِ. اللَّهُمَّ اقْبِضْنِي إِلَيْكَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Мансұр әл-Кәлби былай дейді: «Дихя ибн Халифа (р.а.) Рамазанда Дамаскіге қарасты Мизза ауылынан шығып, Фустат пен Ақаба ауылының аралығындай үш миль жол жүрді. Дихя ауыз ашты, қасындағы көп адам да онымен бірге ауыз ашты. Басқалары оразасын бұзбады. Ауылына оралғанда Дихя “Уаллаһи, бүгін көремін деп еш ойламаған жағдайға куә болдым. Кей адамдар Алла Елшісінің (с.а.с.) және сахабаларының жолынан теріс айналды”, – деді. Ол мұны оразасын ашпағандар жайлы айтты да, “Уа, Алла! Мені Өз қасыңа ал!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

Хадисте Дихяның үш миль жол жүргенде ауыз ашқаны, ал кейбір адамдар мұндай қашықтықты ауыз ашуға жеткілікті санамай, оразасын жалғастырғаны баяндалады. Кей ғалымдар шариғи сапардың қашықтығы аят пен хадисте нақты белгіленбеген деп, осы риуаятты дәлелге келтіреді.

Хаттаби бұл риуаятты ораза ашуға рұқсат беретін сапарды белгілі қашықтықпен шектемегендерге дәлел деп келтіреді. Олар «сапар» сөзінің сыртқы мағынасына сүйенген. Хаттаби мұны Дәуіт әз-Заһири мен өзге заһирилердің пікірі деп болжайды. Фақиһтар ораза ашуға намазды қысқартып оқуға рұқсат беретін қашықтықта ғана рұқсат еткен. Ирак ғалымдары оны үш күндік, Хижаз ғалымдары екі түндік не соған жуық жол деп межелеген.

Хаттаби Дихяның Алла Елшісі (с.а.с.) қысқа сапарда ауыз ашқан деп айтпағанын ескертеді. Дихя кей адамдарды Алла Елшісінің сүннетінен теріс айналды деген. Бәлкім, ол олардың ораза ашуға берілген жеңілдікті қабылдамағанын меңзеген. Дихя «сапар» сөзінің тілдік мағынасына сүйенген болуы да мүмкін. Бірқатар сахаба өзгеше амал еткен. Ибн Омар мен Ибн Аббас (р.а.) төрт бәридтен қысқа сапарда намазды қысқартуды және ораза ашуды жөн көрмеген. Хаттаби бұл екі сахабаны фиқһ пен ілімде Дихядан ілгері санайды.2

Бәйхақидің түсіндіруінше, Дихя әл-Кәлби сапардағы жеңілдік туралы аяттың сыртқы мағынасын негізге алған болуы мүмкін. «Алла Елшісі мен сахабаларының жолынан теріс айналды» дегенде, ол белгілі қашықтықты емес, аяттағы жеңілдікті қабылдаудан бас тартуды меңзеген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2413.
  2. 2Бір бәрид – төрт фарсах, бір фарсах – төрт миль, бір миль – төрт мың зирағ. Демек, бір бәрид – алпыс төрт мың зирағ. Ибн әл-Әсир, «ән-Ниһая», 1/116.
3215
Кутуб ситтә, № 3215 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ عُبَيْدِ بْنِ جَبْرٍ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ أَبِي بَصْرَةَ الْغِفَارِيِّ صَاحِبِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي سَفِينَةٍ مِنَ الْفُسْطَاطِ فِي رَمَضَانَ، فَدَفَعَ فَقُرِّبَ غَدَاؤُهُ، فَقَالَ: اقْتَرِبْ. قُلْتُ: أَلَسْتَ تَرَى الْبُيُوتَ؟ قَالَ: أَتَرْغَبُ عَنْ سُنَّةِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ؟ فَأَكَلَ وَأَكَلْتُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ұбайд ибн Жәбр былай дейді: «Рамазан айында Алла Елшісінің (с.а.с.) сахабасы Әбу Басра әл-Ғифаримен (р.а.) бірге Фустаттан кемемен жолға шықтым (бағытымыз Александрия еді). Кеме қозғалған соң, оған таңғы ас әкелінді. (Ол елді мекеннен ұзап шықпай жатып ас алдырған еді.) Әбу Басра “Жақында”, – деді. Мен “Үйлер әлі көрініп тұр ғой”, – дедім. Ол “Алла Елшісінің сүннетінен бет бұрасың ба?” – деді. Содан кейін ол да, мен де тамақтандық».1

Түсіндірме

Бұл хадис жолға шыққан оразалы кісінің қаладан толық ұзамай тұрып ауыз ашуына дәлел ретінде келтіріледі. Әбу Дәуіт нұсқасындағы осы мәселеге қатысты қосымша сөздер жақшаға алынды. Риуаяттан кейбір сахабалардың сапар басталғанда елді мекеннен ұзап шықпай-ақ ауыз ашуды сүннет санағаны аңғарылады.

Хаттаби бұл хадисті оразалы тұрғылықты адам жолға шыққан күні ауыз аша алады деген пікірге дәлел еткен. Шағби мен Ахмад ибн Ханбал осы пікірде болған. Хасан Басри сапарға шықпақ күні қаласа, үйінде-ақ ауыз ашуына рұқсат берген. Исхақ ибн Рахауия көлігіне мінгеннен кейін ашуға болады деген. Әбу Ханифа мен шәкірттері, Мәлик, Әузағи және Шәфиғи жолға шыққан күні оразаны жалғастыруды жөн көрген. Нахаи, Мәкхул мен Зуһриден де осыған ұқсас пікір жеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2412.
3216
Кутуб ситтә, № 3216 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ سَلَمَةَ بْنِ الْمُحَبَّقِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَدْرَكَهُ رَمَضَانُ فِي السَّفَرِ وَلَهُ حَمُولَةٌ تَأْوِي بِهِ إِلَى شِبَعٍ، فَلْيَصُمْ رَمَضَانَ حَيْثُ أَدْرَكَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. الْحُمُولَةُ بِالضَّمِّ: الْأَحْمَالُ، وَبِالْفَتْحِ: الْإِبِلُ يُحْمَلُ عَلَيْهَا، أَيْ مَنْ كَانَ صَاحِبَ أَحْمَالٍ.

Қазақша аудармасы

Сәләма ибн әл-Мухаббақ (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) «Кім Рамазанға сапарда жетсе және оны ас-су табылатын жерге жеткізетін көлігі болса, Рамазан оны қай жерде қарсы алса, сол жерде оразасын ұстасын», – дегенін жеткізеді.1

Түсіндірме

Хадисте көлігі бар жолаушы ораза ұстауға ынталандырылады. Яғни көлігі оны күн батқанша ас-суы бар мекенге жеткізе алса, ораза ұстағаны жөн. Тибидің түсіндіруінше, бұл бұйрық ораза ұстаудың абзалдығын білдіреді. Өйткені сапарда ораза ашуға рұқсат беретін мәтіндер де бар. Кей ғалымдар жолаушының жағдайына қарамастан, ораза ашуға болады деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2410–2411.