وَعَنْ رَجُلٍ مِنْ بَنِي عَبْدِ اللَّهِ بْنِ كَعْبِ بْنِ مَالِكٍ اسْمُهُ أَنَسُ بْنُ مَالِكٍ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى وَضَعَ شَطْرَ الصَّلَاةِ عَنِ الْمُسَافِرِ، وَأَرْخَصَ لَهُ فِي الْإِفْطَارِ، وَأَرْخَصَ فِيهِ لِلْمُرْضِعِ وَالْحُبْلَى إِذَا خَافَتَا عَلَى وَلَدَيْهِمَا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.
Абдулла ибн Кәғб ибн Мәликтің әулетінен шыққан Әнәс ибн Мәлик Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Алла Тағала жолаушыны намаздың жартысын оқудан босатып, оған оразасын ашуға рұқсат берді. Балаларына қауіп төнеді деп қорыққан жүкті және бала емізетін әйелдерге де ораза ұстамауға рұқсат етті».1
Түсіндірме
Хадисте Рамазан оразасын кейінге қалдыруына рұқсат етілген үш топ аталады:
1. Жолаушылар. Олардың үкімі алдыңғы хадистерде кеңірек түсіндірілді.
2. Бала емізетін әйелдер.
3. Жүкті әйелдер.
Жүкті және бала емізетін әйелдердің оразаны кейінге қалдыруына осы хадисте рұқсат берілген. Қазасын өтеу мен пидия беру жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.
• Мужаһид, Шәфиғи және Ахмад ибн Ханбал олардың ораза қазасын өтеп, оған қоса мұқтаждарға ас беруі керек деген. Өйткені олар баласына қауіп төнеді деп ораза ұстамайды.
• Имам Мәликтің пікірінше, жүкті әйел науқас кісінің үкіміне кіретіндіктен, оразаның қазасын ғана өтейді. Ал бала емізетін әйел қазасын өтеумен бірге пидия береді.
• Хасан Басри мен Ата жүкті және бала емізетін әйелдер науқас кісі сияқты оразаның қазасын ғана өтейді, мұқтаждарды тамақтандыруы міндет емес деген. Әбу Ханифа мен шәкірттері, Әузағи және Суфиян әс-Сәури де осы пікірді ұстанған.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2408. Тирмизи, «Саум», №715. Нәсәи, «Саум», 51 (4/180–182), 62 (4/190). Ибн Мәжа, «Сиям», №1668.