1. Уисал – бірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау. Алла Елшісі (с.а.с.) өзі уисал ұстағанымен, үмбетін оған үндемеген. Табандап қойғандарға шамалары жетпейтінін көрсету үшін рұқсат берген. Бірақ сол кезде Рамазан айы аяқталып қалды. Ай ұзарса, шектен шыққандар төзімі таусылып, жеңілдік сұрайтындай ұзақ жалғастыратынын айтқан.
Ибн Хажар мұны Алла Елшісінің (с.а.с.) Тайыфты қоршағандағы әрекетіне ұқсатады. Тайыф жұрты берік қамалына бекінгенде, Алла Елшісі қоршауды тоқтатып, кері қайтуды жөн көрді. Әскер қоршауды жалғастыруды қалады. Сонда Алла Елшісі ертесіне ертемен шайқасқа шығуды бұйырды. Бірталай кісі жараланып, қиындық көрді. Содан кейін әскер кері қайтуға бейіл болды. Алла Елшісі қайтуға бұйрық бергенде, жұрт қуанды.
2. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, уисалға түбегейлі тыйым салынбағанын, төзімі жеткен адам оны шамасына қарай ұстай алатынын айтқан. Дегенмен Пайғамбар (с.а.с.) былай деген:
إِيَّاكُمْ وَالْوِصَالَ، إِيَّاكُمْ وَالْوِصَالَ
«Уисалдан аулақ болыңдар, уисалдан аулақ болыңдар».
Ибн әл-Арабидің түсіндіруінше, сахабаларға берілген рұқсат оларды райынан қайтару үшін жасалған, оны жалпыға ортақ рұқсат деп түсінуге болмайды.
3. Хадистегі «тағаммуқ» сөзі қатты кетуді, шектен шығуды білдіреді. «Раббым мені тамақтандырады әрі сусындатады» дегенді оразаны жалғастыруға Алланың күш-қуат беруі деп те түсіндірген. Бұл қуат оған ас пен сусынның орнын басады.