وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّهُ قَالَ: «يَسْتَاكُ الصَّائِمُ أَوَّلَ النَّهَارِ وَآخِرَهُ، وَلَا يَبْلَعُ رِيقَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.
Ибн Омар (р.а.) «Ораза ұстаған адам күннің басында да, соңында да мисуәк қолданады, сол кезде сілекейін жұтпайды», – деген.1
Түсіндірме
Бұл екі риуаят ораза ұстаған адамға мисуәк қолдануға болатынын көрсетеді. Хаттабидің айтуынша, кей ғалымдар оразалы адамның ауыз иісі ауызашарға дейін сақталсын деп, күннің соңына таман мисуәк қолдануды мәкруһ санаған. Бұл пікір Имам Шәфиғи мен Әузағиға да телінеді. Осы көзқарасты ұстанғандар Әбу Һурайраның (р.а.) Атаға айтқан мына сөзін дәлел еткен: «Мисуәкті екіндіге дейін қолдан. Екінді намазынан кейін оны қоя тұр. Өйткені мен Алла Елшісінің (с.а.с.) “Ораза ұстаған адамның ауыз иісі Алланың алдында жұпар иісінен де жағымды”, – дегенін естідім».
Бұл тақырыпта дәрежесі бұдан жоғары риуаяттар да бар. Сол себепті ғалымдардың көпшілігі оразалы адамның мисуәк қолдануын мәкруһ санамаған.
- 1Бұхари, «Саум», 25 (тарау басындағы муаллақ хабар).