Хадис

Үтір намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 404-тарау · 22 хадис · № 2980–3001

Хадистер

«Үтір» сөзі «тақ» дегенді білдіреді. Бұл – құптаннан кейін оқылатын намаздың атауы. Ислам ғалымдары үтірге қатысты мына мәселелерді талқылаған:

1. Үтір намазының үкімі қандай? Ол уәжіп пе?

2. Үтір неше рәкаттан тұрады?

3. Оған ниет ету шарт па?

4. Бұл намазда арнайы аяттар оқыла ма?

5. Үтірдің алдындағы намаз жұп рәкатпен оқылуы керек пе?

6. Үтірдің соңғы уақыты қашан?

7. Жолаушы үтір намазын көлік үстінде оқи ала ма?

8. Үтірдің қазасы өтеле ме?

9. Құныт дегеніміз не? Намаздың қай тұсында оқылады? Онда не айтылады? Оны жеке оқи ма, әлде жамағатпен бірге оқи ма?

10. Үтірден кейін екі рәкат оқу сүннет пе?

11. Үтірдің уақыты қашан кіреді?

12. Нәпіл намаздардың ішіндегі ең абзалы үтір ме, әлде рәуатиб сүннеттері одан абзал ма?

Осы және өзге де мәселелерге қатысты хадистерге тоқталайық.

2980
Кутуб ситтә, № 2980 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Бурайда

عَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْوِتْرُ حَقٌّ. فَمَنْ لَمْ يُوتِرْ فَلَيْسَ مِنَّا. قَالَهَا ثَلَاثًا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Бурайда (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үтір – хақ. Кім үтір оқымаса, бізден емес». Расулалла (с.а.с.) мұны үш рет қайталаған.1

Түсіндірме

1. «Үтір – хақ» деген сөз үтір намазын оқуға ынталандыру үшін айтылған. Сахих риуаяттардағы «хақ» сөзі «парыз» деген мағынада қолданылмаған. Әбу Мұхаммедтің «Үтір – уәжіп» дегенін естіген Убада ибн әс-Самит (р.а.): «Әбу Мұхаммед қателесті», – деп, Пайғамбар (с.а.с.) парыз намаздың саны бесеу екенін айтқан хадисті келтірген. Талха ибн Ұбайдулла (р.а.) да бәдәуидің сұрағына берілген жауапты жеткізгенде парыз намаздың бесеу екенін нақты айтқан. Әнәс (р.а.) Миғраж туралы хадисте де солай деген. Ислам ғалымдары үтірдің парыз еместігіне бірауыздан келіскен. Тек Хасан ибн Зияд Әбу Ханифадан үтірді парыз санаған деген риуаят жеткізген. Бірақ Әбу Ханифаның шәкірттері бұл риуаятты қабылдамаған. Себебі Әбу Ханифаға дейін-ақ ғалымдар үтірдің парыз еместігіне келіскен еді.

2. «Кім үтір оқымаса, бізден емес» деген сөз осы сүннетті ұнатпай, жек көргендіктен тастаған адамға қатысты түсіндірілген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1419.
2981
Кутуб ситтә, № 2981 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «الْوِتْرُ لَيْسَ بِحَتْمٍ كَصَلَاتِكُمُ الْمَكْتُوبَةِ، وَلَكِنْ سَنَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ، وَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ وِتْرٌ يُحِبُّ الْوِتْرَ، فَأَوْتِرُوا يَا أَهْلَ الْقُرْآنِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) былай дейді: «Үтірдің үкімі парыз намаздарыңдікіндей үзілді-кесілді емес. Дегенмен, Расулалла (с.а.с.) оны сүннет етіп: “Алла – тақ, тақ санды жақсы көреді. Ендеше, уа, Құран иелері, үтір оқыңдар!” – деген».1

Түсіндірме

1. «Хатм» сөзі «парыз» және «уәжіп» мағыналарында қолданылады. Үтір намазының үкімі жөніндегі Ханафи мәзһабының көзқарасын ескеріп, бұл сөзді «үзілді-кесілді» деп аудардық.

2. Ғалымдардың көпшілігі үтірді сүннет санаған. Әбу Ханифа оны уәжіп деген. Одан «парыз» деген сөз де риуаят етілген. Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуф үтірдің үкімі жөнінде Әбу Ханифамен келіспеген. Алайда Ибн Хажардың айтуынша, Әбу Ханифа бұл пікірде жалғыз болмаған. Ибн Әбу Шәйбаның жеткізуінше, Сағид ибн әл-Мусайяб, Әбу Ұбайда, Абдулла ибн Масғуд пен Даххак та үтірді уәжіп санаған.

  1. 1Тирмизи, «Үтір», № 453–454. Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1416. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 27 (3, 228–229).
2982
Кутуб ситтә, № 2982 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ ابْنِ مُحَيْرِيزٍ: «إِنَّ رَجُلًا مِنْ بَنِي كِنَانَةَ يُدْعَى الْمُخْدِجِيَّ سَمِعَ رَجُلًا بِالشَّامِ يُكَنَّى أَبَا مُحَمَّدٍ يَقُولُ: الْوِتْرُ وَاجِبٌ. قَالَ الْكِنَانِيُّ: فَسَأَلْتُ عُبَادَةَ بْنَ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فَقَالَ: كَذَبَ أَبُو مُحَمَّدٍ. سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: خَمْسُ صَلَوَاتٍ كَتَبَهُنَّ اللَّهُ تَعَالَى عَلَى الْعِبَادِ، فَمَنْ جَاءَ بِهِنَّ وَلَمْ يُضَيِّعْ مِنْهُنَّ شَيْئًا اسْتِخْفَافًا بِحَقِّهِنَّ كَانَ لَهُ عِنْدَ اللَّهِ عَهْدٌ أَنْ يُدْخِلَهُ الْجَنَّةَ، وَمَنْ لَمْ يَأْتِ بِهِنَّ فَلَيْسَ لَهُ عِنْدَ اللَّهِ عَهْدٌ، إِنْ شَاءَ عَذَّبَهُ وَإِنْ شَاءَ أَدْخَلَهُ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ الْأَرْبَعَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. أَبُو مُحَمَّدٍ هَذَا مِنَ الْأَنْصَارِ لَهُ صُحْبَةٌ. وَقَوْلُهُ «كَذَبَ أَبُو مُحَمَّدٍ» أَيْ أَخْطَأَ، وَلَا يَجُوزُ أَنْ يَكْذِبَ فِي شَيْءٍ مِنَ الْأَخْبَارِ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мұхайриз былай жеткізген: «Бәни Кинанадан шыққан әл-Мұхдижи деген кісі Шамда Әбу Мұхаммед деген күниясы бар адамның “Үтір намазы уәжіп” дегенін естіпті. Әл-Мұхдижи былай дейді: “Осыны Убада ибн әс-Самиттен (р.а.) сұрадым. Ол: ‘Әбу Мұхаммед қателесіпті. Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: Алла құлдарына бес намазды парыз етті. Кім сол намаздарды өтеп, олардың ақысын жеңіл көріп, ешқайсысын кемітпесе, Алла оны жәннатқа кіргізуге уәде еткен. Кім оларды өтемесе, оған Алланың уәдесі жоқ. Қаласа, оны азаптайды, қаласа, жәннатқа кіргізеді’, – деді”».1

Түсіндірме

1. «Алла құлдарына жазды» деген сөз «парыз етті» дегенді білдіреді.

2. Кейбір ғалымдар осы хадиске сүйеніп, үтір намазы уәжіп емес деген.

3. Хадисте намазға жеңіл-желпі қарау, яғни оған немқұрайды қарау сөз болып отыр. Ұмытып, жаңылысып немесе еріксіз жіберген кемшіліктер бұған жатпайды.

4. Бұл хадис намазды тәрк еткендерді де мүмін санап, осы себеппен кәпір деуге болмайтынына дәлел ретінде келтірілген.

5. «Қаласа, оны азаптайды» деген сөзді «күнәсінің мөлшеріне қарай азаптайды» деп түсіндірген.

6. «Әбу Мұхаммед қателесті» деген сөздің түпнұсқасында «кизб» етістігі қолданылған. Әдетте ол «жалған айту» дегенді білдіреді, бірақ шархшылар бұл жерде «қателесу» мағынасында келгенін айтады. Араб тілінде өтірік те, қателік те «сидқ», яғни шындыққа қарсы ұғым болғандықтан, «кизб» кейде «қателік» орнына да жүреді. Хадистерде бұл қолданыс жиі кездеседі. Әбу Мұхаммед – ансардан шыққан сахаба. Сахабаның Расулалладан (с.а.с.) жеткен хабар жайында өтірік айтуы мүмкін емес. Сахабалардың бір-бірін өтірік айтты деп айыптағаны болмаған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салатул-ләйл», 14 (1, 123). Әбу Дәуіт, «Салат», № 425 және «Үтір», № 1420. Нәсәи, «Салат», 6 (1, 230).
2983
Кутуб ситтә, № 2983 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: اجْعَلُوا آخِرَ صَلَاتِكُمْ بِاللَّيْلِ وَتْرًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Түнгі намаздарыңның соңғысы үтір болсын».1

  1. 1Бұхари, «Үтір», 4. Мүслим, «Мусафирин», № 751. Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1438. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 30 (3, 230–231).
2984
Кутуб ситтә, № 2984 · тараудағы реті: 5

وَلِمَالِكٍ عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ: «اجْعَلُوا آخِرَ صَلَاتِكُمْ مِنَ اللَّيْلِ وَتْرًا».

Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Ибн Масғудтан (р.а.) мына сөзді жеткізген: «Түнде оқитын намаздарыңның соңғысын үтір етіңдер».1

  1. 1Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 9-том, 292-бет. Жанан бұл нұсқаны «Муаттадан» таба алмағанын ескертеді.
2985
Кутуб ситтә, № 2985 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Әйюб

وَعَن أَبِي أَيُّوبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْوِتْرُ حَقٌّ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ، فَمَنْ أَحَبَّ أَنْ يُوتِرَ بِخَمْسٍ فَلْيَفْعَلْ، وَمَنْ أَحَبَّ أَنْ يُوتِرَ بِثَلَاثٍ فَلْيَفْعَلْ، وَمَنْ أَحَبَّ أَنْ يُوتِرَ بِوَاحِدَةٍ فَلْيَفْعَلْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُهُ، وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үтір – әр мұсылманның мойнындағы ақы. Қалаған адам үтірді бес, қалаған адам үш, қалаған адам бір рәкат етіп оқысын».1

Түсіндірме

1. Шариғат тілінде «ақы» сөзі «уәжіп» мағынасында да қолданылады. Уәжіп үкімі ахад хабармен бекітіледі. Бұл хадисте үтір «ақы» деп аталғандықтан, оны уәжіп санағандар осы сөзге сүйенген. Әбу Ханифа да үтірді уәжіп десе, көпшілік ғалым сүннет санаған. Ибн Омардың (р.а.) бір риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) түйе үстінде үтір оқығаны айтылады. Үтірді уәжіп санамағандар осы риуаятты дәлел еткен. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) мініс көлігінің үстінде парыз оқымаған.

2. Хадисте рәкат санын таңдауға ерік берілген. Мұны үтірдің парыз да, уәжіп те еместігіне дәлел еткендер бар. Нәждтен келген бір бәдәуи туралы хадисті де үтірдің сүннет екеніне дәлел еткен. Алла елшісі (с.а.с.) бәдәуиге: «Түн мен күндізде бес уақыт намаз бар», – дейді. Бәдәуи: «Олардан басқа намаз бар ма?» – деп сұрағанда: «Өз қалауыңмен нәпіл оқуыңа болады», – деп жауап береді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1422. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 40 (3, 238–239). Ибн Мәжа, «Иқамат», № 1190.
2986
Кутуб ситтә, № 2986 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَن أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُوتِرُ بِثَلَاثَ عَشَرَةَ. فَلَمَّا كَبُرَ وَضَعُفَ أَوْتَرَ بِسَبْعٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ. وَزَادَ التِّرْمِذِيُّ فَقَالَ: «وَقَالَ إِسْحَاقُ بْنُ إِبْرَاهِيمَ: مَعْنَى مَا رُوِيَ أَنَّهُ كَانَ يُوتِرُ بِثَلَاثَ عَشْرَةَ أَنَّهُ كَانَ يُصَلِّي مِنَ اللَّيْلِ ثَلَاثَ عَشْرَةَ رَكَعَةً مَعَ الوِتْرِ، فَنُسِبَتْ صَلَاةُ اللَّيلِ إِلَى الْوِتْرِ».

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) үтірін он үш рәкат етіп оқитын. Қартайып, әлсірегенде жеті рәкат оқитын».1

Түсіндірме

1. Бұл хадисте Расулалланың (с.а.с.) он үш және жеті рәкат оқығаны айтылады. Тирмизи риуаяттың соңында түрлі хабарларға сүйеніп, Алла елшісінің (с.а.с.) үтірді он үш, он бір, тоғыз, жеті, бес, үш және бір рәкат етіп оқығанын атап өткен.

2. Тирмизи Исхақ ибн Ибраһимнің түсіндірмесін келтіреді. Үтірді он үш рәкат оқыды деудің мәні – Пайғамбар (с.а.с.) түнгі намаз бен үтірді қосып, он үш рәкат оқыған. Риуаятта түнгі намаз да үтірге қосылып аталған. Бұл санды құптан намазының соған сәйкес рәкат санымен шатастырмау керек.

  1. 1Тирмизи, «Үтір», № 457–458. Нәсәиде рәкат саны бөлек берілген нұсқасы бар («Қиямул-ләйл», № 1708).
2987
Кутуб ситтә, № 2987 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْوِتْرُ مِنْ آخِرِ اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үтір түннің соңында оқылады».

2988
Кутуб ситтә, № 2988 · тараудағы реті: 9

وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِى: «صَلَاةُ اللَّيْلِ مَثْنَى مَثْنَى، فَإِذَا أَرَدْتَ أَنْ تَنْصَرِفَ فَارْكَعْ رَكْعَةً تُوتِرُ لَكَ مَا قَدْ صَلَّيْتَ».

Қазақша аудармасы

Бұхаридің риуаятында былай делінген: «Түнгі намаз екі рәкаттан оқылады. Намазды аяқтағың келгенде, бір рәкат оқы. Сол бір рәкат бұған дейін оқыған намазыңды тақ етеді».1

Түсіндірме

Бұл екі риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) түнгі намазды қалай оқығаны және үтірдің уақыты баяндалады. Бұхаридегі нұсқада бұл сөз түнгі намаз туралы қойылған сұраққа жауап ретінде айтылған.

Жоғарыда айтылғандай, ғалымдар үтірдің уақыты, рәкат саны және әр екі рәкаттан кейін сәлем беру мәселелері жөнінде әртүрлі пікір ұстанған. Бұл хадистер үтірді түннің соңында оқып, оған дейінгі намазды екі рәкаттан соң сәлем беріп жалғастыру керек дегендерге дәлел болған.

Ханафи ғалымдары «екі рәкаттан оқылады» дегенді «әр екі рәкаттан соң отырып, әт-тахият оқылады» деп түсінген. Мұны әр жолы сәлем беру керек деп ұқпаған. Ғалымдардың көпшілігі әр екі рәкаттан соң сәлем беріледі деген пікірде. Ибн Хажар: «Алла елшісінің (с.а.с.) екі рәкаттан бөліп те, төрт рәкатты біріктіріп те оқығаны жөнінде сахих риуаяттар бар», – дейді.

Әзірет Айшадан (р.а.) мына риуаят та жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) құптаннан таң атқанға дейін он бір рәкат намаз оқитын. Әр екі рәкаттан соң сәлем беріп, соңғы бір рәкатты бөлек оқитын».

Тағы бірқатар хадисте түнгі намазды бір рәкатпен аяқтау бұйырылған.

  1. 1Бұхари, «Үтір», № 993, «Салат», 24, «Тәһәжжуд», 10. Мүслим, «Мусафирин», № 749, 753.
2989
Кутуб ситтә, № 2989 · тараудағы реті: 10

وَعَنْ عَبْدِ الْعَزِيزِ بْنِ جُرَيْجٍ قَالَ: «سَأَلْنَا عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: بِأَيِّ شَيْءٍ كَانَ يُوتِرُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَتْ: كَانَ يَقْرَأُ فِي الْأُولَى بِـ﴿سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى﴾، وَفِي الثَّانِيَةِ بِـ﴿قُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ﴾، وَفِي الثَّالِثَةِ بِـ﴿قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ﴾ وَالْمُعَوِّذَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Абдулазиз ибн Журайж былай дейді: «Әзірет Айшадан (р.а.): “Расулалла (с.а.с.) үтірде қандай сүрелерді оқитын?” – деп сұрадық. Ол: “Бірінші рәкатта سَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الْأَعْلَى ‘Ұлық, асқақ Раббыңның есімін ұлықта!’ аятынан басталатын сүрені, екінші рәкатта قُلْ يَا أَيُّهَا الْكَافِرُونَ ‘Былай деп айт: Әй, кәпірлер!’ аятынан басталатын сүрені, үшінші рәкатта قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ ‘Былай деп айт: Ол Алла жалғыз!’ аятынан басталатын сүре мен мұғаууизатайнды, яғни ‘Фалақ’ пен ‘Нас’ сүрелерін оқитын”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1424. Тирмизи, «Үтір», № 463. Ибн Мәжа, «Иқамат», № 1173.
2990
Кутуб ситтә, № 2990 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ خَارِجَةَ بْنِ حُذَافَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَمَدَّكُمُ اللَّهُ بِصَلَاةٍ هِيَ خَيْرٌ لَكُمْ مِنْ حُمْرِ النَّعَمِ، وَهِيَ الْوِتْرُ، فَجَعَلَهَا اللَّهُ لَكُمْ فِيمَا بَيْنَ الْعِشَاءِ الْآخِرَةِ إِلَى طُلُوعِ الْفَجْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. «حُمْرُ النَّعَمِ»: خِيَارُ الْإِبِلِ وَأَغْلَاهَا قِيمَةً.

Қазақша аудармасы

Харижа ибн Хузафа (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла сендерге қызыл түйелерден де қайырлы бір намаз қосты. Ол – үтір намазы. Алла оның уақытын құптан намазынан таң атқанға дейін белгіледі».1

Түсіндірме

Хадистегі أَمَدَّ сөзі «қосты», «жәрдем берді» деген мағынада. Алла бес уақыт намазға үтірді қосып, ақыретке мол сауап жинауға мүмкіндік берген. Хадисте үтірдің сауабы дүниедегі ең қымбат малдан да артық екені айтылған. «Хумрун-нағам», яғни «қызыл түйелер» сол кездегі ең бағалы малды білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1418. Тирмизи, «Үтір», № 452.
2991
Кутуб ситтә, № 2991 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مِنْ كُلِّ اللَّيْلِ قَدْ أَوْتَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ أَوَّلِ اللَّيْلِ وَأَوْسَطِهِ وَآخِرِهِ فَانْتَهَى وَتْرُهُ إِلَى السَّحْرِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) үтірді түннің әр мезгілінде – басында да, ортасында да, соңында да оқыған. Ақырында оны сәресі мезгілінде оқитын болды».1

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіттің риуаятында Масруқ әзірет Айшадан (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) үтірді қашан оқитын?» – деп сұрағанда, ол осы жауапты берген.

2. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) үтірді құптаннан таң атқанға дейін түннің әр мезгілінде оқығанын көрсетеді. Кейінгі жылдары таң атуға аз қалғанда, сәресі мезгілінде оқығандықтан, кейбір ғалымдар дәл осы мезгілді мұстахаб санаған.

3. Әбу Дәуіт пен Тирмизидегі нұсқада Расулалланың (с.а.с.) дүниеден өткенге дейін үтірді сәресі мезгілінде оқығаны айтылады. Оның үтірді әртүрлі уақытта оқуы сол кездегі жағдайына байланысты болған.

4. Ғалымдар сәресі мезгілін әртүрлі түсіндірген:

– Таң намазының уақыты кіруге аз қалған шақ.

– Мауардидің пікірінше, түннің соңғы алтыдан бірі.

– Таң намазының уақыты кірер алдындағы жалған таң.

  1. 1Бұхари, «Үтір», 2. Мүслим, «Мусафирин», № 745. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 30 (3, 230). Тирмизи, «Үтір», № 456, «Сауабул-Құран», № 2925. Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1435, 1437.
2992
Кутуб ситтә, № 2992 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ خَافَ أَنْ لَا يَقُومَ مِنْ آخِرِ اللَّيْلِ فَلْيُوتِرْ أَوَّلَهُ، وَمَنْ طَمِعَ أَنْ يَقُومَ آخِرَهُ فَلْيُوتِرْ آخِرَ اللَّيْلِ فَإِنَّ صَلَاةَ آخِرِ اللَّيْلِ مَشْهُودَةٌ مَحْضُورَةٌ وَذَلِكَ أَفْضَلُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім түннің соңында ояна алмаймын деп қорықса, үтірін түннің басында оқысын. Кім түннің соңында тұра аламын деп үміттенсе, үтірін түннің соңында оқысын. Өйткені түннің соңындағы намазға періштелер қатысып, куә болады. Сол абзал».1

Түсіндірме

Үтірді түннің кез келген мезгілінде оқуға рұқсат. Дегенмен, Алла елшісі (с.а.с.) оны түннің соңында оқуға үндеп, бұл мезгілдің артықшылығын айтқан. Түнгі және күндізгі періштелер сол уақытта намаз оқыған адамның қасында болып, оның құлшылығына куә болады. Шархта бұл намаздың ықыласпен орындалуына себеп болатыны да айтылған.

  1. 1Мүслим, «Мусафирин», № 755. Тирмизи, «Үтір», № 455.
2993
Кутуб ситтә, № 2993 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Әбу Қатада

وَعَنْ أَبِي قَتَادَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِأَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَتَى تُوتِرُ؟ فَقَالَ: أُوتِرُ مِنْ أَوَّلِ اللَّيْلِ. وَقَالَ لِعُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَتَى تُوتِرُ؟ فَقَالَ: أُوتِرُ آخِرَ اللَّيْلِ. فَقَالَ لِأَبِي بَكْرٍ: أَخَذَ هَذَا بِالْحَذَرِ، وَأَخَذَ هَذَا يَعْنِى عُمَرَ بِالْقُوَّةِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) Әбу Бәкірден (р.а.): “Үтірді қашан оқисың?” – деп сұрады. Ол: “Түннің басында оқимын”, – деді. Омардан (р.а.) да солай сұрағанда, ол: “Түннің соңында оқимын”, – деп жауап берді. Расулалла (с.а.с.) Әбу Бәкірді меңзеп: “Мынау сақтық жолын ұстанған”, – деді. Ал Омарды меңзеп: “Мынау өз күшіне сенген”, – деді».1

Түсіндірме

Расулалланың (с.а.с.) Әбу Бәкірге (р.а.) айтқан сөзінің мәні мынадай: «Үтірді түннің басында, ұйықтар алдында оқып, қаза болып қалуынан сақтандың. Түннің соңына қалдырсаң, ояна алмай қалуың мүмкін еді. Құптаннан кейін дереу оқып, сақтық жасадың».

Ал Омарға (р.а.) айтқан сөзі оның сауабы мол түнгі намазды оқуға жігері жететінін, сол намазға деген ықыласын білдіреді.

Хадисте үтірді түннің соңында оқу абзал екені байқалады. Түннің басында оқыған адам да айыпталмаған. Әркім шамасына қарай осы екі мезгілдің бірінде оқи алады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салатул-ләйл», 16 (1, 124). Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1434.
2994
Кутуб ситтә, № 2994 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: صَلَاةُ اللَّيْلِ وَالنَّهَارِ مَثْنَى مَثْنَى». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Түнгі және күндізгі намаздар екі рәкаттан оқылады».1

Түсіндірме

Хадис жалпылама айтылғанымен, Ислам ғалымдары оны нәпіл намаздарға қатысты түсінген. Шауқани «Нәйл әл-аутарда» былай дейді: «Бұл хадис түнгі және күндізгі нәпілдерді екі рәкаттан оқу мұстахаб екенін көрсетеді. Адам қаласа, одан көп те, аз да оқи алады. Рәкат саны арнайы көрсетілген намаздардың үкімі бөлек».

Имам Мәлик, Шафиғи мен Ахмад ибн Ханбал нәпіл намаздың екі рәкаттан оқылатынына келіскен. Алла елшісі (с.а.с.) Мекке алынған күні сегіз рәкат ишрақ намазын оқып, әр екі рәкаттан кейін сәлем берген. Айт пен тасаттық намаздары да күндіз оқылатын екі рәкатты намаздарға жатады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1295. Тирмизи, «Жұма», № 597. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 26 (3, 227). Ибн Мәжа, «Иқамат», № 1322.
2995
Кутуб ситтә, № 2995 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ نَامَ عَنْ وِتْرِهِ أَوْ نَسِيَهُ فَلْيُصَلِّ إِذَا ذَكَرَ أَوْ اسْتَيْقَظَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) Расулалланың (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Үтірді оқымай ұйықтап қалған немесе ұмытқан адам оны есіне түскенде не оянғанда оқысын».1

Түсіндірме

Бұл хадис уақытында оқылмаған үтірдің қазасын өтеуге және үтірді уәжіп санағандардың пікіріне дәлел болған. Ғалымдардың көпшілігі үтірдің қазасын өтеуді мәндуп санаған. Қазасын өтеу керек дегендер қатарында сахабалардан Әли, Сағд ибн Әбу Уаққас, Абдулла ибн Омар, Убада ибн әс-Самит, Әбу Дарда, Амир ибн Рабиға, Мұғаз ибн Жәбәл және Ибн Аббас бар. Табиғиндерден Әмир ибн Шурахбил, Ибраһим Нахағи, Әбу әл-Алия, Хаммад ибн Әбу Сүлейман, ал имамдардан Суфиян әс-Сәури, Әбу Ханифа, Әузағи, Мәлик, Шафиғи, Ахмад және Исхақ осы пікірді ұстанған. Үтірдің қазасы қай мезгілде өтелетіні туралы сегіз пікір айтылған. Солардың кейбірі:

Таң намазын оқығанға дейін.

Таң намазын оқып қойған күннің өзінде күн шыққанға дейін.

Таң намазынан кейін, тіпті күн шыққаннан соң да күн тас төбеге келгенге дейін.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1431. Тирмизи, «Үтір», № 465.
2996
Кутуб ситтә, № 2996 · тараудағы реті: 17

وَعَنْ أَبِي جَمْرَةَ قَالَ: «سَأَلْتُ عَائِذَ بْنَ عَمْرٍو، وَكَانَ مِنْ أَصْحَابِ الشَّجَرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ: هَلْ يُنْقَضُ الْوِتْرُ؟ قَالَ: إِذَا أَوْتَرْتَ مِنْ أَوَّلِهِ فَلَا تُوتِرْ مِنْ آخِرِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ. وَزَادَ رَزِينٌ رَحِمَهُ اللَّهُ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا وِتْرَانِ فِي لَيْلَةٍ وَاحِدَةٍ».

Қазақша аудармасы

Әбу Жамра былай дейді: «Ағаш түбінде серт берген сахабалардың бірі Аиз ибн Амрдан (р.а.): “Үтір бұзыла ма?” – деп сұрадым. Ол: “Түннің басында үтір оқысаң, түннің соңында қайта оқыма”, – деді».1

Рәзин Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін қосқан: «Бір түнде екі рет үтір оқылмайды».

Түсіндірме

Үтірді бұзу туралы мәселе мынадан туған. Адам үтірін оқып, ұйықтап қалады. Түнде оянып, нәпіл намаз оқығысы келеді. Сонда ол әуелгі үтіріне бір рәкат қосып, оны жұп еткен соң нәпіл оқи ма? Одан кейін «Түнгі намаздарыңның соңғысы үтір болсын» деген хадиске сай үтірді қайта оқи ма? Әлде әуелгі үтіріне тиіспей, қалағанынша нәпіл оқи бере ме?

Риуаятта осы соңғы жол көрсетілген: «Түннің басында үтір оқысаң, соңында қайта оқыма».

Алғашқы буын ғалымдарының бұл мәселедегі пікірлері әртүрлі. Ибн Омар (р.а.) мұндайда әуелгі үтірді бір рәкат қосып жұп ету керек деген. Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарында осы хадиске сай әуелгі үтір бұзылмайды.

  1. 1Бұхари, «Мағази», № 4176. «Бір түнде екі үтір болмайды» деген сөз Әбу Дәуітте (№ 1439) және Тирмизиде (№ 470) де келген.
2997
Кутуб ситтә, № 2997 · тараудағы реті: 18

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا بِمَكَّةَ، وَالسَّمَاءُ مُغَيِّمَةٌ، فَخَشِيَ الصُّبْحَ فَأَوْتَرَ بِوَاحِدَةٍ. ثُمَّ انْكَشَفَ الْغَيْمُ فَرَأَى أَنَّ عَلَيْهِ لَيْلًا فَشَفَعَ بِوَاحِدَةٍ، ثُمَّ صَلَّى رَكْعَتَيْنِ رَكْعَتَيْنِ، فَلَمَّا خَشِيَ الصُّبْحَ أَوْتَرَ بِوَاحِدَةٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Меккеде Ибн Омармен (р.а.) бірге болдым. Аспан бұлтты еді. Ол таң атып қалар деп, бір рәкат үтір оқыды. Содан соң бұлт сейіліп, әлі түн екенін көрді. Алдыңғы бір рәкатына тағы бір рәкат қосып, оны жұп етті. Содан кейін екі рәкаттан намаз оқыды. Таң атып қалар деп қауіптенгенде тағы бір рәкат үтір оқыды».1

Түсіндірме

Ибн Омар (р.а.) түнгі намазды бір рәкатпен аяқтау керек деген пікірді ұстанған. Сондықтан әуелде нәпілін бір рәкат үтірмен аяқтады. Бұлт сейіліп, әлі түн екенін көрген соң нәпілді жалғастыру үшін алдыңғы бір рәкатына тағы бір рәкат қосып, оны жұп етті. Одан кейін нәпіл оқып, түнгі намазын бір рәкатпен тәмамдады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салатул-ләйл», 19 (1, 125).
2998
Кутуб ситтә, № 2998 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا يُسَلِّمُ فِي رَكْعَتَىِ الْوِتْرِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) үтірдің алғашқы екі рәкатынан кейін сәлем бермейтін».1

  1. 1Нәсәи, «Қиямул-ләйл», № 1698.
2999
Кутуб ситтә, № 2999 · тараудағы реті: 20

وَعَنْ نَافِعٍ أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «كَانَ يُسَلِّمُ بَيْنَ الرَّكْعَةِ وَالرَّكْعَتَيْنِ فِي الْوِتْرِ، حَتَّى يَأْمُرَ بِبَعْضِ حَاجَتِهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ، وَرَوَاهُ مَالِكٌ بِلَفْظٍ آخَرَ.

Қазақша аудармасы

Нафиғтың жеткізуінше, Абдулла ибн Омар (р.а.) үтірдің екі рәкаты мен соңғы бір рәкатының арасында сәлем беретін, тіпті сол арада қажет шаруасын тапсыратын.1

Түсіндірме

Ибраһим Жанан бұл риуаятты Пайғамбарға (с.а.с.) телінген нұсқаға сүйеніп түсіндірген. Оның пайымынша, үш рәкат әдетте бір сәлеммен оқылған. Қажет шаруа туғанда екінші рәкаттан кейін сәлем беріп, шаруасын айтқан да, қалған бір рәкатты артынан толықтырған. Жанан мұны «Үтір екіге бөлініп оқылмаса, дұрыс болмайды» деген пікірге жауап ретінде келтіреді.

Осы хадистер үтірдің екі түрлі оқылуына рұқсат екенін көрсетеді. Алғашқы екі рәкаттан кейін сәлем беріп, соңғысын бөлек оқуға да, екінші рәкатта әт-тахият оқып, тек үшінші рәкаттан кейін сәлем беруге де болады. Ханафи мәзһабында үш рәкат бірге оқылады. Шафиғи мәзһабында екі рәкаттан соң сәлем беріліп, соңғы рәкат бөлек оқылады.

  1. 1Бұхари, «Үтір», № 991. Мәлик, «Муатта», «Салатул-ләйл», 20 (1, 125). Екі жинақ та мұны Ибн Омардың амалы ретінде береді. Ибраһим Жананның 9-том, 300-беттегі шархында риуаят Пайғамбарға (с.а.с.) телінген.
3000
Кутуб ситтә, № 3000 · тараудағы реті: 21

وَلِمَالِكٍ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ دِينَارٍ أَنَّ عَبْدَ اللَّهِ بْنَ عُمَرَ كَانَ يَقُولُ: «صَلَاةُ الْمَغْرِبِ وِتْرُ صَلَاةِ النَّهَارِ».

Қазақша аудармасы

«Муаттада» Абдулла ибн Динар Абдулла ибн Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Ақшам намазы – күндізгі намаздың үтірі».1

Түсіндірме

Күндізгі өзге намаздар жұп рәкаттан тұрады. Ақшам намазы үш рәкат болғандықтан, күндізгі намаздардың тақ саны, яғни үтірі саналады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Салатул-ләйл», 22 (1, 125), № 276. Мұнда Ибн Омардың сөзі ретінде берілген. Ибраһим Жанан 9-томның 301-бетінде оны Пайғамбарға (с.а.с.) теліп келтіреді.
3001
Кутуб ситтә, № 3001 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ فِي وَتْرِهِ: اللَّهُمَّ إِنَّى أَعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ، وَبِمُعَافَاتِكَ مِنْ عُقُوبَتِكَ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْكَ، لَا أُحْصِى ثَنَاءً عَلَيْكَ، أَنْتَ كَمَا أَثْنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) үтірінде мына дұғаны айтатын: “Уа, Алла! Қаһарыңнан разылығыңа, жазаңнан есендік беруіңе сыйынамын. Өзіңнен Өзіңе сыйынамын. Саған айтылар мадақты санап тауыса алмаймын. Сен Өзіңді қалай мадақтаған болсаң, сондайсың”».1

  1. 1Тирмизи, «Дағуат», № 3561. Әбу Дәуіт, «Үтір», № 1427. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», № 1747.