وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي ثوْبٍ وَبَعْضُهُ عَلَىَّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ عَنْ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مِثْلُهُ.
Әзірет Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) бір ұшы менің үстімде жатқан матаның екінші ұшымен оранып намаз оқыды», – деген. Әбу Дәуіт осыған ұқсас риуаятты Мәймунәдан (р.а.) да жеткізген.1
Түсіндірме
Мүслимдегі бір хадис бұл риуаятты түсіндіреді. Онда әзірет Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) түнде намаз оқығанда, мен оның қасында, хайыз күйінде жататынмын. Менің үстімдегі матаның бір ұшы Алла елшісінің үстінде еді», – деген.
Фиқыһ ғалымдары осы хадистен хайыз күйіндегі әйелдің қасында намаз оқуға болады деген үкім шығарған. Хадис, сондай-ақ, қан не өзге нәжіс жұқпаған әйелдің киімі таза болатынына дәлел.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 80, (631).