وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُهْدِىَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَرُّوجٌ مِنْ حَرِيرٍ فَلَبِسَهُ فَصَلَّى فِيهِ، ثُمَّ انْصَرَفَ فَنَزَعَهُ نَزَعًا شَدِيدًا كَالْكَارِهِ لَهُ وَقَالَ لَا يَنْبَغِى هَذَا لِلْمُتَّقِينَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ. «الْفَرُّوجُ»: بِالتَّخْفِيفِ الْقِبَاءُ الَّذِي لَهُ شِقٌّ مِنْ خَلْفِهِ.
Уқба ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) жібектен тігілген шапан сыйға берілді. Ол шапанды киіп намаз оқыды. Намаздан шыққан соң, шапанды ұнатпағандай, шұғыл шешіп лақтырып: “Мұны кию тақуаларға лайық емес”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Фәрруж» – артқы етегі тілік сырт киім. Алла елшісінің (с.а.с.) оны киіп намаз оқуы оқиғаның жібекке тыйым салынбай тұрып болғанын аңғартады. Киім таза жібектен емес, жібек аралас жіптен тоқылған деген пікір де бар. Алла елшісінің тыйымнан кейін жібек киюі қисынға келмейді. Әлі тыйым салынбаған кезде киімді шешіп лақтыруы оны ұнатпағанын білдірсе керек. Мұның тыйымнан бұрын болғанына Мүслим Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаят дәлел: صَلَّى فِي قَبَاءٍ مِنْ دِيبَاجٍ، ثُمَّ نَزَعَهُ، وَقَالَ: نَهَانِي عَنْهُ جِبْرِيلُ. «Алла елшісі (с.а.с.) жібек шапан киіп намаз оқыды. Содан кейін оны шешіп: “Жәбірейіл маған мұны киюге тыйым салды”, – деді». Осы оқиғадан кейін ерлерге жібек киюге тыйым салынды және жібек киіп намаз оқуға берілген рұқсаттың күші жойылды.
- 1Нәсәи, Қибла: 19, (2, 72); Бұхари осымен мағыналас бір риуаят келтірген. (Салат, 16, Либас 12); Мүслим, Либас: 23, (2075).