Хадис

Әуретті жабу

Кутуб ситтә, 7-том, 371-тарау · 16 хадис · № 2677–2692

Хадистер

2677
Кутуб ситтә, № 2677 · тараудағы реті: 1

عَنْ بَهْزٍ بِنِ حَكِيمٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ عَوْرَاتُنَا مَا نَأتِى مِنْهَا وَمَا نَذَرُ؟ قَالَ: اِحْفَظْ عَوْرَتَكَ إِلَّا مِنْ زَوْجَتِكَ، أَوْ مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ. قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: فَالرَّجُلُ يَكُونُ مَعَ الرَّجُلِ؟ قَالَ: إِنِ اسْتَطَعْتَ أَنْ لَا يَرَاهَا أَحَدٌ فَافْعَلْ. قُلْتُ: الرَّجُلُ يَكُونُ خَالِيًا؟ قَالَ: فَاللَّهُ أَحَقُّ أَنْ يُسْتَحْيَى مِنْهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Бәһз ибн Хаким әкесінен, әкесі атасынан мына сөзді жеткізген: «“Уа, Алла елшісі, әуретіміздің қай тұсын ашуға болады, қай тұсын жабуымыз керек?” – деп сұрадым. Ол: “Жұбайың мен оң қолың иелік еткендерден басқаның бәрінен әуретіңді жап”, – деді. “Уа, Алла елшісі, ер адам басқа ер адаммен бірге болса ше?” – дедім. “Шамаң жетсе, әуретіңді ешкімге көрсетпе”, – деді. “Кісі жалғыз қалса ше?” – дедім. “Ұялуға бәрінен бұрын Алла лайық”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Ән-Ниһаяда» әурет «көргенде ұялатын нәрсе» деп түсіндіріледі. Шариғи өлшемі бойынша ер адамның әуреті кіндік пен тізенің арасын қамтиды, тізе де соған кіреді. Азат әйелдің жүзі мен білезігіне дейінгі қолынан басқа жері әурет саналады. Күңнің әуреті ер адамдікіндей қаралған. Әуретті жабу намазда да, одан тыс кезде де уәжіп. Жалғыз қалған адамға қатысты түрлі пікір айтылған.

2. Фиқыһ ғалымдары бұл хадиске сүйеніп, хадисте аталғандардан өзгенің алдында әуретті ашуды харам санаған. Бұл тыйым ер мен әйелдің бір-біріне қатысты жағдайымен шектелмейді: ер адамның әуретіне ер адамның, әйелдің әуретіне әйелдің қарауы да харам. Ғалымдар бұл пікірге бірауыздан келіскен. Хадистің соңғы сөзі жалғыз қалған адамды да Алладан ұялып, әуретін жабуға үндейді.

Бөтен адамның әуретіне қарауға Құранда да тыйым салынған: ﴿قُلْ لِّلْمُؤْمِنِينَ يَغُضُّوا۟ مِنْ أَبْصَٰرِهِمْ وَيَحْفَظُوا۟ فُرُوجَهُمْ﴾ «Мүмін ер кісілерге айт: Харамға көз салмасын! Һәм абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын!» … ﴿وَقُل لِّلْمُؤْمِنَٰتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَٰرِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا﴾ «Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Һәм еріксіз көрінетін жерлерінен тыс, әшекейлері мен көріктерін көрсетпесін»2 Бұл аяттар көзді тыйым салынған нәрседен сақтауға және әуретті жабуға үндейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Хамам: 3, (4017); Тирмизи, Әдеп: 22, (2770), 39, (2795); Ибн Мәжа, Никах: 28, (1920).
  2. 2«Нұр» сүресі, 30–31-аяттар.
2678
Кутуб ситтә, № 2678 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِىِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَنْظُرُ الرَّجُلُ إِلَى عَوْرَةِ الرَّجُلِ، وَلَا الْمَرْأَةُ إِلَى عَوْرَةِ الْمَرْأَةِ، وَلَا يُفْضِى الرَّجُلُ إِلَى الرَّجُلِ فِي الثَّوْبِ الْوَاحِدِ، وَلَا تُفْضِي الْمَرْأَةُ إِلَى الْمَرْأَةِ فِي الثَّوْبِ الْوَاحِدِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي. وَالْمُرَادُ بِقَوْلِهِ «لَا يُفْضِى» الخ: أَيْ لَا يَلْصَقُ جَسَدُهُ بِجَسَدِهِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Ер адам басқа ер адамның әуретіне, әйел басқа әйелдің әуретіне қарамасын. Ер адам бір жамылғының ішінде басқа ер адамға, әйел бір жамылғының ішінде басқа әйелге денесін тигізіп жатпасын».1

  1. 1Мүслим, Хайыз: 74, (338); Әбу Дәуіт, Хамам: 3, (4018); Тирмизи, Әдеп: 39, (2794).
2679
Кутуб ситтә, № 2679 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَال: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِيَّاكُمْ وَالتَّعَرِّى، فَإِنَّ مَعَكُمْ مَنْ لَا يُفَارِقُكُمْ إِلَّا عِنْدَ الْغَائِطِ، وَحِينَ يُفْضِى الرَّجُلُ إِلَى أَهْلِهِ، فَاسْتَحْيُوهُمْ وَأَكْرِمُوهُمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. «التَّعَرِّي»: التَّجَرُّدُ مِنَ الثِّيَابِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Жалаңаш жүруден сақтаныңдар! Жандарыңда дәрет сындырғанда және ер адам жұбайымен жақындасқанда ғана алыстайтын періштелер бар. Олардан ұялыңдар, оларға құрмет көрсетіңдер».1

  1. 1Тирмизи, Әдеп: 42, (2801).
2680
Кутуб ситтә, № 2680 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас

وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا زَوَّجَ أَحَدُكُمْ أَمَتَهُ، أَوْ عَبْدَهُ، أَوْ أجِيرَهُ فَلَا يَنْظُرَنَّ إِلَى عَوْرَتِهَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Араларыңнан біреу күңін, құлын немесе жалдамалы қызметшісін үйлендірсе, содан кейін оның әуретіне қарамасын».1

Түсіндірме

1. №2678 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) ер адамның ер адаммен, әйелдің әйелмен бір жамылғы астында денелерін тигізіп жатуына тыйым салған. Хадистегі «әфда» сөзі «тию», «жанасу» дегенді білдіреді. Ибн Дәйбағ оны «дененің денеге тиюі» деп түсіндірген. Бұл сөз кейде қолдың қолға тиюін, кейде денелердің жанасуын білдіреді.

Хадистен ер адамның ер адаммен, әйелдің әйелмен жалаңаш күйде бір жамылғының астында жатуына тыйым салынғанын білеміз. Тибидің айтуынша, мұндай тыйымды бұзғандар тағзир жазасына тартылады.

Нәуәуи мұны харамдықты білдіретін тыйым деп түсіндірген. Осы хадиске сүйеніп, өзге адамның әуретіне дененің кез келген бөлігін тигізуді де харам санаған. Ғалымдар бұл үкімге бірауыздан келіскен. Өкінішке қарай, ортақ монша секілді орындарда бұл мәселеге салғырт қарайтындар бар. Кісі өз әуретін жауып, басқаларға да ескертуге тиіс. Ғалымдар: «Әуретін ашқан адамды көрсең, “сөзіме құлақ аспайды” деп ескертуден бас тартпа. Оған “әуретіңді жап” де. Ескерту жаныңа не малыңа зиян келтіретінін білсең, үндемеуіңе болады», – деген.

Кісі жалғыз қалған кезде қажет болса, мысалы, дәретханада не жуынатын жерде, әуретін аша алады.

2. №2679 хадисте Алла елшісі (с.а.с.) адамнан екі жағдайда ғана алыстайтын періштелер барын айтқан. Бұлар – қорғаушы және амалдарды жазушы періштелер. Оларға лайықты құрмет көрсету қажет. Жуыну немесе дәрет сындыру секілді қажеттілік болмаса, кісі жалғыз қалғанда да әуретін жауып жүргені абзал.

  1. 1Әбу Дәуіт, Либас: 37, (4113, 4114).
2681
Кутуб ситтә, № 2681 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ لِيَ النَّبِيُّ ﷺ: يَا عَلِيُّ لَا تُبْرِزْ فَخِذَكَ، وَلَا تَنْظُرْ إِلَى فَخِذِ حَيٍّ، وَلَا مَيِّتٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған: “Уа, Әли, саныңды ашпа. Тірі адамның да, өлген кісінің де санына қарама”, – деді».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Жәнәиз: 32, (3140).
2682
Кутуб ситтә, № 2682 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «عَدَّ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الْفَخِذَ عَوْرَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) санды әуретке жатқызды», – деген.1

Түсіндірме

1. №2681 риуаят әурет мәселесінде өлі мен тірінің үкімі бірдей екенін көрсетеді.

2. Бұл хадис санды әурет деп санайтын ғалымдардың дәлелі. Әбу Ханифа да осы пікірде болған.

  1. 1Тирмизи, Әдеп: 40, (2798).
2683
Кутуб ситтә, № 2683 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يُصَلِّى أَحَدُكُمْ فِي الثَّوْبِ الْوَاحِدِ لَيْسَ عَلَى عَانِقِهِ، أَوْ قَالَ عَلَى عَانِقَيْهِ، مِنْهُ شَىْءٌ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кісі үстіндегі жалғыз киімінің бір ұшын иығына жаппай намаз оқымасын». Риуаяттың бір нұсқасында «екі иығына» делінген.1

  1. 1Бұхари, Салат: 5; Мүслим, Салат: 277, (516); Әбу Дәуіт, Салат: 78, (626); Нәсәи, Қибла: 18, (2, 71).
2684
Кутуб ситтә, № 2684 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ صَلَّى فِي ثَوْبٍ وَاحِدٍ فَلْيُخَالِفْ بَيْنَ طَرَفَيْهِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَأَبُو دَاوُدَ. وَعِنْدَهُ: «فَلْيُخَالِفْ بِطَرَفَيْهِ عَلَى عَاتِقِهِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Кім бір ғана матаға оранып намаз оқыса, матаның екі ұшын айқастырсын», – дегенін жеткізген.1

Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Матаның екі ұшын иығының үстінен айқастырсын», – делінген.

  1. 1Бұхари, Салат: 5; Әбу Дәуіт, Салат: 78, (627).
2685
Кутуб ситтә, № 2685 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الصَّلَاةِ فِي الثَّوْبِ الْوَاحِدِ فَقَالَ: أَوَلِكُلِّكُمْ ثَوْبَانِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) риуаятында Алла елшісінен (с.а.с.) бір ғана матамен намаз оқуға бола ма деп сұралған. Ол: «Бәріңнің екі-екіден киімдерің бар ма?» – деп жауап берген.1

  1. 1Бұхари, Салат: 4, 9; Мүслим, Салат: 275, (515); Муатта, Салатул-Жамаға: 30, (1, 140); Әбу Дәуіт, Салат: 78, (625); Нәсәи, Қибла: 14, (2, 69-70).
2686
Кутуб ситтә, № 2686 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Омар ибн Әбу Сәләмә

وَعَنْ عُمَرَ بْنِ أَبِي سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ صَلَّى فِي ثَوْبٍ وَاحِدٍ مُلْتَحِفًا بِهِ مُخَالِفًا بَيْنَ طَرَفَيْهِ عَلَى مَنْكِبَيْهِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Омар ибн Әбу Сәләма (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) бір ғана матаға оранып намаз оқыды. Матаның екі ұшын иықтарынан асырып айқастырған еді», – деген.1

Түсіндірме

1. Соңғы төрт хадис (№2683–2686) бір ғана киіммен намаз оқу мәселесіне қатысты.

2. Әбу Һурайра жеткізген №2685 риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) сұрақ қойған адамға: «Бәріңнің екі-екіден киімдерің бар ма?» – деп жауап берген. Әуретті жабу да, намаз оқу да – парыз. Екі мата табу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан әуретін бір матамен жауып та намаз оқуға болады.

Тахауи хадисті: «Бір ғана матамен намаз оқу мәкрүһ болса, екінші мата таба алмаған адам да намазын мәкрүһ күйде оқуға мәжбүр болар еді», – деп түсіндірген.

Мұндай үкім діннің жеңілдік қағидасына үйлеспейді. Дін адамға шамасы келетін істі жүктейді. Хадис бір ғана матаға оранып намаз оқуға рұқсат екенін білдіреді.

3. №2683 және №2684 хадистерде бір матаға оранып намаз оқығанда, мүмкіндігінше оның ұштарын иықтан асырып айқастыру айтылған. Көпшілік ғалымдар мұны намаздың шарты санамаған.

Ахмад ибн Ханбал иықты жабуды намаздың шарты санап: «Иығын жаппаса, намазы жарамсыз», – деген. Одан: «Намазы жарамды, бірақ кісі күнәһар болады», – деген өзге пікір де жеткен.

4. Бұхари Жәбир ибн Абдулладан жеткізген риуаятта жалғыз матаны иыққа асыру мен белге ораудың реті былай түсіндірілген: قَالَ: «فَإِنْ كَانَ وَاسِعًا فَالْتَحِفْ بِهِ، وَإِنْ كَانَ ضَيِّقًا فَاتَّزِرْ بِهِ».

«Мата кең болса, соған оран. Тар болса, беліңе ора».

Демек, қолында бір ғана матасы бар адам матасы жетсе, белін де, иығын да жапқаны дұрыс. Мата қысқа болса, кіндік пен тізенің арасын жауып, намазын оқи береді.

5. Оранатын маталардың атаулары мен қолданысына тоқталайық.

• Мұсылманның әдетте оранатын үш түрлі матасы:

• Сәрпуш – басқа орайтын мата, сүннетке сай сәлде.

• Рида – иықтан төмен қарай үстіңгі денені жабатын мата.

• Изар – белден төмен орайтын мата. Бұл маталар денеге жабысып, тырысып тұрмай, кең болғаны жөн. Бұл қағида күнделікті киімге де қатысты. Шариғат мұндай егжей-тегжейдің бәрін міндеттемейді. Әуелі парызды дұрыс орындау қажет, қалғанын әркім мүмкіндігіне қарай істейді. Амалды тиянақты орындаған сайын сауабы да молаяды.

Исламдағы киіну әдебіне киім туралы бөлімде кеңірек тоқталамыз.

  1. 1Бұхари, Салат: 4; Мүслим, Салат: 279, (517); Муатта, Салатул-Жамаға: 29, (1, 140); Әбу Дәуіт, Салат: 78, (628); Тирмизи, Салат: 254, (339); Нәсәи, Қибла: 14, (2, 70).
2687
Кутуб ситтә, № 2687 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا يَقْبَلُ اللَّهُ صَلَاةَ الحَائِضِ إِلَّا بِخِمَارٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِي.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла хайыз көретін әйелдің намазын орамалсыз қабыл етпейді».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «хайыз көретін әйел» – балиғатқа жеткен қыз-келіншек. Етеккірі келіп тұрған әйел намаз оқымайды. Әли әл-Қаридың «Мирқат» еңбегінде балиғатқа жеткен қыз-келіншекпен бірге оған әлі жетпеген қыз баланың да намазда басына орамал тартқаны абзал делінген. Балиғатқа жеткен әйелдің басын жабуы – намазының жарамды болу шарттарының бірі.

2. Хадистегі «химар» – басты жабатын орамал. Оның түрі, түсі мен ұзындығы шарт етілмеген. Әйелдің жабуға тиісті жерін жапса, жеткілікті.

Хадистегі үкім жалпылама айтылғандықтан, заһирилер оны азат әйел мен күңнің әуреті бірдей деген пікіріне дәлел еткен. Әбу Ханифа, Шәфиғи және өзге ғұламалар күңнің әуретін ер адамның әуретімен тең санаған. Ибн Абдулбәрдің «Әл-Истизкарда» жеткізуінше, Имам Мәлик: «Күңнің әуреті азат әйелдікіндей, тек шашы әурет саналмайды», – деген. Ирақи «Шарху-т-Тирмизиде» Имам Мәликтен жеткен мәшһүр риуаят бойынша күңнің әуреті ер адамдікімен бірдей екенін айтқан.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 85, (641); Тирмизи, Салат: 277, (377).
2688
Кутуб ситтә, № 2688 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ الْأَسْوَدِ الْخَوْلَانِيِّ، وَكَانَ فِي حِجْرِ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا زَوْجِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «كَانَتْ مَيْمُونَةُ تُصَلِّى فِي الدِّرْعِ الْوَاحِدِ وَالْخِمَارِ لَيْسَ عَلَيْهَا إِزَارٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Мәймунәнің (р.а.) тәрбиесінде болған Убәйдулла ибн әл-Әсуәд әл-Хаулани: «Мәймунә изарсыз, ұзын көйлек пен орамал киіп намаз оқитын», – деген.1

Түсіндірме

1. Мужаһид әйелдер намазды әдетте төрт бөліктен тұратын киіммен оқығанын айтқан:

• Дирғ – әйелдің иығынан аяғына дейін түсетін ұзын көйлек.2

• Химар – бас орамал.

• Милхафа немесе жубба – ұзын сырт киім.

• Изар – белден төмен орайтын мата.

Бұл – бір пікір. Көпшілік ғалым әйелге ұзын көйлек пен орамал киіп намаз оқуға рұқсат берген. Көйлек тобығына дейін түсіп тұрса, осы екі киімді жеткілікті санаған. Бастан тобыққа дейін жауып тұратын киіммен бір бөлік киіп те оқуға болады. Негізгі шарт – әуретті жабу. Көпшілік ғалым әйелдің орамал, ұзын көйлек және изар киіп оқығанын абзал санаған.

2. Риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Мәймунә (р.а.) ұзын көйлек пен орамал киіп намаз оқыған. Демек, үш не төрт бөлік киім кию міндет дәрежесінде емес, абзал саналады.

  1. 1«Муатта», Салатул-Жамаға: 37, (1, 142).
  2. 2Әйелдің иығынан аяғына дейін түсетін жеңді киімді арабтар «дирғ», кейде «қамис» деп атаған.
2689
Кутуб ситтә, № 2689 · тараудағы реті: 13

وَعَنْ مُحَمَّدٍ بْنِ زَيْدٍ بْنِ قُنْفُذٍ عَنْ أُمِّهِ: «أَنَّهَا سَأَلَتْ أُمَّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مَاذَا تُصَلِّى فِيهِ الْمَرْأَةُ مِنَ الثِّيَابِ؟ فَقَالَتْ: تُصَلِّى فِي الْخِمَارِ وَالدِّرْعِ السَّابِغِ إِذَا غَيَّبَ ظُهُورَ قَدَمَيْهَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Зәйд Ибн Қунфуздың анасынан мына хабарды жеткізген: «Үммі Сәләмадан (р.а.): “Әйел намазды қандай киіммен оқуы керек?” – деп сұрадым. Ол: “Орамал тағып, аяғының үстін жабатын ұзын көйлек киіп оқиды”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаятта ұзын көйлектің аяғының үстін жабатындай болуы керектігі нақтыланған. Мұндай киім риуаятта «сабиғ» деп сипатталған.

2. Осы риуаятқа сүйенген Имам Мәлик, Шәфиғи және Ахмад әйел намазда аяғын да жабуға тиіс деп санаған. Әбу Ханифа аяқтың үстін әуретке жатқызбаған, оның ашық болуы намаздың жарамдылығына кедергі келтірмейді деген.

3. Әйелдің намазда денесінің қай тұстарын жабуы керектігіне қатысты ғалымдар түрлі пікір айтқан. Хаттаби бұл пікірлерді Әбу Дәуіттің жинағына жазған түсіндірмесінде келтірген.

Әузағи мен Шәфиғи: «Әйел жүзі мен қолынан басқа жерін жабуы тиіс», – деген. Ибн Аббас пен Ата ибн Әбу Рабах та осы пікірде болған. Әбу Бәкір ибн Абдуррахман ибн әл-Харис ибн Хишам: «Әйелдің барлық жері, тіпті тырнағы да әурет», – деген. Мәлик ибн Әнәс: «Әйелдің намазда шашы не аяғының үсті ашылып қалса, намаз уақыты шыққанша оны қайта оқиды», – деген.

Ханафи ғалымдарының айтуынша, намазда әйелдің санының төрттен бірі не үштен бірі, құрсағының не басының үштен бірі ашылса, намазы бұзылады. Одан аз ашылса, намаз бұзылмайды. Осы мөлшер жөнінде түрлі пікір айтылған. Кейбір ғалымдар жартысын өлшем еткен. Бұл шектерді белгілейтін нақты риуаят жоқ. Алдыңғы риуаят әйелдің әуреті ашылса, намазы бұзылады деген пікірге дәлел бола алады. Онда «аяғының үстін жабатын ұзын көйлек» делінген. Бұдан намазда әйелдің әуреті түгел жабық болуы шарт деген үкім шығарылған.

  1. 1Муатта, Салатул-Жамаға: 36, (1, 142); Әбу Дәуіт, Салат: 84, (639, 640).
2690
Кутуб ситтә, № 2690 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي خَمِيصَةٍ لَهَا أَعْلَامٌ، فَنَظَرَ إِلَى أَعْلَامِهَا نَظْرَةً فَقَالَ: اذْهَبُوا بِخَمِيصَتِى هَذِهِ إِلَى أَبِي جَهْمِ ابْنِ حُذَيْفَةَ وَائتُونِى بِأنْبِجَانِيَّتِهِ، فَإِنَّهَا ألْهَتْنِى آنِفًا عَنْ صَلَاتِى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِي. وَفِي رِوَايَةِ مَالِكٍ وَأَبِي دَاوُدَ: «كُنْتُ أَنْظُرُ إِلَيْهَا وَأَنَا فِي الصَّلَاةِ فَأخَافَ أَنْ تَفْتِنَنِى». «الْأَنْبِجَانِيَّةُ»: كِسَاءٌ لَهُ خَمَلٌ، وَقِيلَ: هُوَ الْغَلِيظُ مِنَ الصُّوفِ. وَمَعْنَى «أَلْهَتْنِي»: شَغَلَتْنِي. وَقَوْلُهُ «آنِفًا» أَيْ: الْآنَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жолақты хамиса киіп намаз оқыды. Намаздан соң жолақтарына қарап: “Мына хамисаны Әбу Жәһм ибн Хузайфаға апарыңдар да, оның өрнексіз әнбижәния киімін әкеліңдер. Мына киім бағана намазда назарымды бөлді”, – деді».1

«Муатта» мен Әбу Дәуіттегі нұсқада Алла елшісінің (с.а.с.): «Намазда оған көзім түсіп, назарымды бөліп жібере ме деп қорықтым», – дегені айтылады.

Түсіндірме

1. Хамиса – көбіне жүннен тоқылған жолақты төртбұрыш мата, одан тігілген сырт киім де солай аталады.

2. Әнбижәния – түкті, өрнексіз сырт киім, оны қалың жүн мата деп түсіндіргендер де бар. Оны Сирияның осы мата өндірілген Әнбижән қаласының атымен атаған.

3. «Муаттадағы» риуаят бойынша хамисаны Алла елшісіне (с.а.с.) Әбу Жәһм сыйлаған. Ибн Батталдың түсіндіруінше, Алла елшісі Әбу Жәһм «сыйлығым қабыл болмады» деп ойламасын деп, орнына әнбижәниясын алдырған. Әбу Жәһм оны намазда назарын бөлсін деп берген жоқ, басқа мақсатқа пайдаланар деп сыйлаған болуы мүмкін. Алла елшісі әзірет Омарға жіберген мата жайында да оның қолдану мақсатын түсіндірген.

4. Хадистен шығатын үкімдер мен ғибраттар

• Алла елшісі (с.а.с.) намазға айрықша көңіл бөлген.

• Намазда назарды бөлетін нәрселер мәкрүһ саналады.

• Сурет пен мүсін қарапайым адамның да, жүрегі таза, рухы биік жанның да назарын аударуы мүмкін.

• Жолақты матадан киім тігіп, оны киіп намаз оқуға болады.

• Жүректің тыныштығы мен ойдың тазалығы үшін кей дүниелік нәрседен бас тартуға болады.

• Мешітті, әсіресе құбыла жағын назарды аударатын заттармен әрлеу – мәкрүһ.

• Достардың бір-біріне сыйлық беруіне болады.

• Намазда бір зат назарды бөлсе, бұл намазды аяқтауға кедергі емес. Алла елшісі (с.а.с.) назары бөлінсе де, намазын аяқтаған.

• Ойды бөліп, намаздағы ықылас пен кішіпейілділікті әлсірететін зат та «фитна» деп аталады.

  1. 1Бұхари Салат: 14, Азан: 93, Либас: 19; Мүслим, Мәсәжид: 61, (556); Муатта, Салат: 67, (1, 97, 98); Әбу Дәуіт, Салат: 167, (914), Либас: 11; Нәсәи, Қибла: 20, (2, 72).
2691
Кутуб ситтә, № 2691 · тараудағы реті: 15Риуаят етуші: Уқба ибн Амир

وَعَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُهْدِىَ لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَرُّوجٌ مِنْ حَرِيرٍ فَلَبِسَهُ فَصَلَّى فِيهِ، ثُمَّ انْصَرَفَ فَنَزَعَهُ نَزَعًا شَدِيدًا كَالْكَارِهِ لَهُ وَقَالَ لَا يَنْبَغِى هَذَا لِلْمُتَّقِينَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ. «الْفَرُّوجُ»: بِالتَّخْفِيفِ الْقِبَاءُ الَّذِي لَهُ شِقٌّ مِنْ خَلْفِهِ.

Қазақша аудармасы

Уқба ибн Амир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) жібектен тігілген шапан сыйға берілді. Ол шапанды киіп намаз оқыды. Намаздан шыққан соң, шапанды ұнатпағандай, шұғыл шешіп лақтырып: “Мұны кию тақуаларға лайық емес”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Фәрруж» – артқы етегі тілік сырт киім. Алла елшісінің (с.а.с.) оны киіп намаз оқуы оқиғаның жібекке тыйым салынбай тұрып болғанын аңғартады. Киім таза жібектен емес, жібек аралас жіптен тоқылған деген пікір де бар. Алла елшісінің тыйымнан кейін жібек киюі қисынға келмейді. Әлі тыйым салынбаған кезде киімді шешіп лақтыруы оны ұнатпағанын білдірсе керек. Мұның тыйымнан бұрын болғанына Мүслим Жәбирден (р.а.) жеткізген риуаят дәлел: صَلَّى فِي قَبَاءٍ مِنْ دِيبَاجٍ، ثُمَّ نَزَعَهُ، وَقَالَ: نَهَانِي عَنْهُ جِبْرِيلُ. «Алла елшісі (с.а.с.) жібек шапан киіп намаз оқыды. Содан кейін оны шешіп: “Жәбірейіл маған мұны киюге тыйым салды”, – деді». Осы оқиғадан кейін ерлерге жібек киюге тыйым салынды және жібек киіп намаз оқуға берілген рұқсаттың күші жойылды.

  1. 1Нәсәи, Қибла: 19, (2, 72); Бұхари осымен мағыналас бір риуаят келтірген. (Салат, 16, Либас 12); Мүслим, Либас: 23, (2075).
2692
Кутуб ситтә, № 2692 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «صَلَّى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي ثوْبٍ وَبَعْضُهُ عَلَىَّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ عَنْ مَيْمُونَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا مِثْلُهُ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) бір ұшы менің үстімде жатқан матаның екінші ұшымен оранып намаз оқыды», – деген. Әбу Дәуіт осыған ұқсас риуаятты Мәймунәдан (р.а.) да жеткізген.1

Түсіндірме

Мүслимдегі бір хадис бұл риуаятты түсіндіреді. Онда әзірет Айша (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) түнде намаз оқығанда, мен оның қасында, хайыз күйінде жататынмын. Менің үстімдегі матаның бір ұшы Алла елшісінің үстінде еді», – деген.

Фиқыһ ғалымдары осы хадистен хайыз күйіндегі әйелдің қасында намаз оқуға болады деген үкім шығарған. Хадис, сондай-ақ, қан не өзге нәжіс жұқпаған әйелдің киімі таза болатынына дәлел.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 80, (631).