وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ السَّائِبِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى لَنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الصُّبْحَ بِمَكَّةَ فَاسْتَفْتَحَ سُورَةَ الْمُؤْمِنِينَ حَتَّى إِذَا جَاءَ ذِكْرُ مُوسَى وَهَرُونَ أَوْ ذِكْرُ عِيسَى شَكَّ الرَّاوِي أخَذَتْهُ سَعْلَةٌ فَرَكَعَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ، لَكِنَّهُ أَخْرَجَهُ تعْلِيقًا.
Абдулла ибн Сәйиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде бізге таң намазын оқытып, қырағатты “Мүминун” сүресінен бастады. Мұса мен Һарун туралы тұсқа, әлде Иса туралы тұсқа жеткенде (рауи қайсысы екенін нақты айта алмады), оны жөтел қысып, бірден рукуғқа барды».1
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) намаз үстінде сүрені орта тұсында тоқтатқаны баяндалады. Осыған сүйенген бірқатар ғалымдар сүренің бір бөлігін ғана оқуға немесе қырағатты сүренің ортасынан тоқтатуға рұқсат деген. Имам Мәлик мұны мәкрүһ санаған. Кейбір ғалымдар Мұса мен Һарун жайындағы сөз аяттың орта тұсында келгендіктен, намазда аятты да орта тұсында үзуге болады деген. Мұны мәкрүһ санағандар оған дәлел келтіре алмаған. Рұқсат екеніне дәлел көп. Нәуәуидің пікірінше, ұзын сүренің бір бөлігін оқығаннан қысқа сүрені тұтас оқыған абзал. Қырағатта өзара сабақтас сөздердің басынан бастап, аяқталған тұсына дейін оқу – мұстахаб. Ұзын сүренің сабақтас бөліктерін жұрттың бәрі біле бермейді. Мағыналық байланыс үзіліп қалмас үшін қысқа сүрені тұтас оқу – мәндуб.
2. Хадистен адамды жөтел қысып қалса, намазы бұзылмайды деген үкім шығарылған. Ибн Хажар: «Жөтел қысқанда қырағатты тоқтатқан жөн. Қырағатты созып оқу абзал саналатын намаздың өзінде жөтеліп тұрып оқуды жалғастырғаннан оны қысқартқан дұрыс», – деген.
- 1Бұхари, «Азан», 106. Мүслим, «Салат», 163 (№455). Әбу Дәуіт, «Салат», 89 (№648, №649). Нәсәи, «Ифтитах», 76 (2/176). Бұхари хадисті муаллақ түрде, яғни жеткізу тізбегінің басын түсіріп келтірген.