1. Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазында қырағатты созып, өзге намаздарда қысқа қайырғаны жайында көп риуаят жеткен. Жоғарыда солардың бірнешеуі ғана берілді. Соңғы риуаятта қырағатты жеңілдету дегеніміз – аятты аз оқып, қырағатты созбау.
2. Осы тақырыптағы хадистерге (олардың бірқатары төменде беріледі) қарасақ, Пайғамбардың (с.а.с.) қырағатты жағдайға қарай созғаны немесе қысқа қайырғаны байқалады. Сондықтан ханафилер имам жамағатқа ауыр соқпайтынын білсе, қырағатты созып оқуды сүннет санаған.
Шафиғилердің пікірінше, жамағат ұзақ қырағатқа разы екенін ашық білдірсе, имамның қырағатты созуы – сүннет. Жұма күнгі таң намазында жамағаттың келісіміне қарамастан қырағатты созу сүннет саналады.
Мәликилер қырағатты созуды мына шарттар орындалғанда мәндуб санаған:
1. Жамағаттың саны аз болуы керек.
2. Жамағат Құранның ұзақ оқылуына келісім беруі немесе олардың разылығы жүзінен байқалуы керек.
3. Жамағатта үзірлі адам жоқ екені анық болуы немесе солай деп жорамалдауға негіз болуы керек.
Осы шарттардың бірі орындалмаса, қырағатты қысқа қайырған абзал.
3. Қырағаттың мөлшері бес уақыт намаздың әрқайсысында әртүрлі белгіленген.
Ғалымдар сүннетке сай қырағат мөлшерін былай көрсетеді:
• Таң мен бесін намаздарында ұзын муфассал сүрелер (тиуал әл-муфассал) оқылады. Таң намазының қырағаты бесіндегіден ұзақ болады.
• Екінті мен құптан намаздарында орташа көлемдегі муфассал сүрелер (әусат әл-муфассал) оқылады.
• Ақшам намазында қысқа сүрелер оқылады.
• Сапар немесе сырқат сияқты үзір болса, таң мен бесін намаздарының қырағатын қысқартуға болады. Үзірсіз таң намазының қырағатын қысқарту – мәкрүһ.
Мұның хикметін былай түсіндірген: «Таң мен бесін намазы ұйқы басып, адам ғапыл қалатын мезгілдерге сәйкес келеді. Таң намазы түн соңында, ал бесін күндізгі қайлула ұйқысы кезінде кіреді. Ұйқысы не басқа бір себебі бар адам намазға үлгерсін деп, осы екі намазда қырағат созылады. Екінті жұмыс істеген жұрттың шаршаған мезгіліне сәйкес келетіндіктен, қырағаты қысқа болады. Ақшамның уақыты тар, ораза ұстаған жұрт та ауыз ашуға асығады. Сондықтан ақшам намазын жеңілірек оқыған жөн. Құптан ұйқы қысатын мезгілде кіргенімен, оның уақыты кең. Осы жағынан ол екінтіге ұқсайды».
4. Ғалымдар ұзын және қысқа муфассал сүрелердің шегін әртүрлі белгілеген. Ханафилер «Хужураттан» «Буружға» дейінгі сүрелерді ұзын, «Буруждан» «Бәйинәға» дейінгілерін орташа, «Бәйинәдан» «Насқа» дейінгілерін қысқа деп санаған.
Шафиғилер «Хужураттан» «Нәбәға» дейінгі сүрелерді ұзын, «Нәбәдан» «Духаға» дейінгілерін орташа, «Духадан» «Насқа» дейінгілерін қысқа деп санаған. Мәликилер мен ханбалилер басқа межелерді атаған.
5. «Сахихайндағы2» бірқатар риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) намазды жеңілдетуге ерекше мән бергені айтылады. Жамағатқа намазды ең жеңіл оқытқан да өзі еді (كَانَ أَخَفَّ). Алла елшісі (с.а.с.): إِنِّي لَأَدْخُلُ فِي الصَّلَاةِ أُرِيدُ إِطَالَتَهَا فَأَسْمَعُ بُكَاءَ الصَّبِيِّ فَأَتَجَوَّزُ فِي صَلَاتِي مَخَافَةَ أَنْ تَفْتَتِنَ أُمُّهُ «Кейде намазды созып оқымақ болып бастаймын. Сәбидің жылағанын естісем, анасына ауыр тимесін деп намазды қысқартамын», – деген. Кей риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) бірінші рәкатта елу-алпыс аят оқып, екінші рәкатта сәби жылағанда ең қысқа сүрелердің бірін оқығаны айтылады. Белгілі намаздарда қырағатты созу негізге алынғанымен, жағдайға қарай қысқарту абзал болады.