وَعَنْ مُعَاذٍ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ الْجُهَنِيِّ «أَنَّ رَجُلًا مِنْ جُهَيْنَةَ أَخْبَرَهُ أَنَّهُ سَمِعَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَرَأ فِي الصُّبْحِ إِذَا زُلْزِلَتِ فِي الرَّكْعَتَيْنِ كِلْتَيْهِمَا، فَلَا أَدْرِي أَنَسِيَ أَمْ قَرَأَ ذَلِكَ عَمْدًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Мұғаз ибн Абдулла әл-Жуһани былай дейді: «Жуһайна тайпасынан бір кісі маған: “Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазының екі рәкатында да ‘Зілзала’ сүресін оқығанын естідім. Ұмытып солай оқыды ма, әдейі оқыды ма, білмеймін”, – деді».1
Түсіндірме
Соңғы хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазының екі рәкатында да бір сүрені оқығаны айтылады. Риуаятты жеткізген сахаба оның мұны әдейі істегеніне немесе ұмытқанына күмәнданған. Алла елшісі (с.а.с.) әдетте әр рәкатта бөлек сүре оқитын. Егер ұмытып солай оқыса, оны үмбетке рұқсат деуге негіз жоқ. Әдейі оқыса, үмбетіне де рұқсат.
Пайғамбардың (с.а.с.) бір ісінің шариғатқа сай екеніне күмән туса, ғалымдар «Алла елшісінің ісін рұқсат деп жорыған абзал» деген қағида ұстанған. Себебі оның ісі негізінен шариғи үкімді білдіреді, ұмытудан туған әрекет бұл қағидаға кірмейді. Фиқһ негіздерін зерттеген ғалымдар осыған ұқсас тағы бір жағдайды атаған. Алла елшісінің бір ісі табиғи әрекет пе, әлде шариғи үкімді білдіре ме деген күмән туса, ғалымдардың көпшілігі оны ұстануға тиіс сүннет деп санаған.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 134, (816).