وَعَنْ بُرَيْدَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «كُنْتُ نَهَيْتُكُمْ عَنِ الْأَشْرِبَةِ أَنْ تَشْرَبُوا إِلَّا فِي ظُرُوفِ الْأَدَمِ، أَلَا فَاشْرَبُوا فِي كُلِّ وِعَاءٍ غَيْرَ أَنْ لَا تَشْرَبُوا مُسْكِرًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Бурайда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Бұрын сендерге тері ыдыстан басқа ыдыстағы сусынды ішуге тыйым салған едім. Енді кез келген ыдыстан іше беріңдер. Мас қылатын сусын ішпеңдер”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұл риуаят ыдысқа қатысты тыйымның кейін күші жойылғанын анық көрсетеді. Кей нұсқада: «Ыдыс еш нәрсені адал да, харам да етпейді», – деген қосымша бар. Нәуәуи бұл тыйымды былай түсіндіреді: «Аталған ыдыстарда шыра дайындауға исламның алғашқы кезінде тыйым салынды. Ыдыстар қалың болғандықтан, ішіндегі сусынның күйін ажырату қиын еді. Жұрт мас қылмайды деп ойлап, ашыған сусынды ішіп қоюы мүмкін болатын. Ішімдікке рұқсат болған кезең әлі есте еді, мұндай шатасулар да жиі кездесетін. Сол себепті аталған ыдыстарға тыйым салынды. Уақыт өте жұрт ішімдіктің харам екенін біліп, бұл үкім санасына орныққан соң, ыдысқа қатысты тыйым алынды. Мас қылатын сусын ішпеу шартымен нәбізді кез келген ыдыста дайындауға рұқсат берілді».
- 1Мүслим, «Әшриба», 64–66 • Әбу Дәуіт, «Әшриба», 7 (3698) • Тирмизи, «Әшриба», 6 (1870) • Нәсәи, «Әшриба», 40, 48.