عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْخَمْرِ أَنْ يُتَّخَذَ خَلًّا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) хамрдан сірке суын жасауға тыйым салды»1.
Түсіндірме
Шараптан сірке суын жасауға бола ма? Осы жолмен алынған сірке суы таза санала ма? Ғалымдар бұл мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Нәуәуидің түсіндіруінше, Шәфиғи мен көпшілік ғалымдар осы хадиске сүйеніп, шараптан сірке суын жасауға рұқсат бермеген. Олардың уәжі мынау: «Шарапқа қамыр, нан, пияз немесе басқа нәрсе қосып, сірке суын жасаса, шараптың нәжістігі кетпейді. Оған түскен нәрсе де нәжіс болады, мұндай сірке суы да таза саналмайды». Әузағи, Ләйс және Әбу Ханифа бұған рұқсат беріп, алынған сірке суын таза деп есептеген. Имам Мәликтен үш түрлі пікір жеткен.
1. Шараптан сірке суын жасау харам, оны жасаған адам күнәға қалады. Ал алынған сірке суы таза саналады.
2. Шараптан сірке суын жасау харам, алынған сірке суы да таза саналмайды.
3. Шараптан сірке суын жасау адал, алынған сірке суы таза саналады.
Осы пікірлердің біріншісі басым саналады. Ал шарап еш қоспасыз, өздігінен сірке суына айналса, таза болатынына ғалымдар бірауыздан келіскен.
- 1Мүслим, «Әшриба», 11 (1983) • Тирмизи, «Буюғ», 59 (1294).