Хадис

Кутуб ситтә, № 223

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
29. Сауда-саттықта және иқалада жеңілдік таныту
Нөмірі
№ 223 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
223
Кутуб ситтә, № 223 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَقَالَ مُسْلِمًا أَقَالَهُ اللَّهُ عَثْرَتَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кім мұсылманның сауда келісімін бұзу туралы өтінішін қабыл алса, Алла да оның жаңсақ басқан қадамын кешіреді», – деген.1

Түсіндірме

Иқала – сатып алу-сату келісімін екі жақтың өзара келісімімен бұзу. Мұны сатып алушы да, сатушы да ұсына алады. Мәміле жасалған соң, бұрын белгісіз болған немесе айтылмаған ақаудың анықталуы секілді орынды себепсіз келісімді біржақты бұзуға болмайды. Бір тарап келісімді бұзуды ұсынса, екінші тарап оны өз қалауымен қабыл алады. №222 хадисте сатып алушының иқала туралы өтінішін бақ иесі қабылдамаған еді. Алла елшісі (с.а.с.) бақ иесіне: «Келісімді бұз, иқаланы қабыл ал», – деп бұйырған жоқ. Оған сауап әкелетін істен бас тартқанын ғана еске салды.

Дініміз осындай жағдайда екінші тараптың иқалаға келісуін құптайды. Өйткені мәмілені бұзуды ұсынған адам сол саудаға алаңдауы, іштей өкінуі немесе зиян шегуі мүмкін. Өтінішті қабыл алу оның уайымын сейілтеді, екі жақтың арасына сызат түсуіне жол бермей, бір-біріне деген ықыласын арттырады. Дініміз адамның көңіліне қаяу түсіретін қылықты құптамай, өзара сүйіспеншілікке жол ашатын істі қолдайды. Хадисте иқаланы қабыл алған адамның ісі мақталады. Алла оны сүрінуден, қателікке ұрынудан сақтап, қателіктерінен туған күнәларын кешіретіні айтылады.

Иқаланы қабыл алудың өзі – мүмін үшін жеткілікті олжа.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 54 (№3460); Ибн Мәжа, «Тижарат», 26 (№2199).