Хадис

Сауда-саттықта және иқалада жеңілдік таныту

Кутуб ситтә, 2-том, 29-тарау · 6 хадис · № 218–223

САУДА-САТТЫҚ (БӘЙҒ) БӨЛІМІ

Хадистер

218
Кутуб ситтә, № 218 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Жәбир

عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «رَحِمَ اللَّهُ رَجُلًا سَمْحًا إِذَا بَاعَ، وَإِذَا اشْتَرَى، وَإِذَا اقْتَضَى». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لِلْبُخَارِيِّ.

Қазақша аудармасы

Жабир (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Тауар сатқанда, сатып алғанда және алашағын сұрағанда кеңдік танытқан адамға Алла рақым етсін», – деген.1

Түсіндірме

Хадис сауданың әр кезеңінде жеңілдік жасап, мәмілеге екінші тарап та разы болатындай әрекет етуге үндейді. Сатушы да, сатып алушы да бір-біріне түсіністік танытып, қажет жерде жол бере білуі керек. Әсіресе қарызды «бүгін күте тұр, ертең беремін» деп созбай, уағында әрі толық өтеу қажет. Алла елшісі (с.а.с.) осыған назар аударған.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 16 (№2076); Тирмизи, «Буюғ», 75 (№1320, мағыналас риуаят).
219
Кутуб ситтә, № 219 · тараудағы реті: 2

وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ: «غَفَرَ اللَّهُ لِرَجُلٍ كَانَ قَبْلَكُمْ، سَهْلًا إِذَا بَاعَ، سَهْلًا إِذَا اشْتَرَى، سَهْلًا إِذَا اقْتَضَى».

Қазақша аудармасы

Тирмизи жеткізген риуаятта былай делінген: «Алла сендерден бұрын өмір сүрген бір кісінің күнәсін кешірді. Ол тауар сатқанда да, сатып алғанда да, алашағын сұрағанда да жеңілдік танытатын еді».1

Түсіндірме

Мунауи былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Алланың кешіріміне ие болу үшін сол кісіден үлгі алуға үндеген. Оны осы мақсатпен мысалға келтірген».

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 75 (№1320).
220
Кутуб ситтә, № 220 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَرْفَعُهُ: «إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ سَمْحَ الْبَيْعِ، سَمْحَ الشِّرَاءِ، سَمْحَ الْقَضَاءِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сатқанда да, сатып алғанда да, берешекті өтегенде де жеңілдік танытуды жақсы көреді», – деген.1

Түсіндірме

Хадистегі «жеңілдік таныту» ұғымы арабша «сәмх» деп берілген. Мунауидің түсіндіруінше, бұл сөз екі жақтың бір-біріне жеңілдік жасауын («мүсәһәлә») білдіреді. Нәсәи де осы мағынада мына риуаятты жеткізген: أَدْخَلَ اللَّهُ الْجَنَّةَ رَجُلًا كَانَ سَهْلًا مُشْتَرِيًا وَبَائِعًا وَقَاضِيًا وَمُقْتَضِيًا. «Алла сатып алғанда да, сатқанда да, берешегін өтегенде де, алашағын сұрағанда да жеңілдік танытқан адамды жәннатқа кіргізді».2

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 75 (№1319).
  2. 2Нәсәи, «Буюғ», 104 (№4696).
221
Кутуб ситтә, № 221 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ حُذَيْفَةَ وَأَبِي مَسْعُودٍ الْبَدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، أَنَّهُمَا سَمِعَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «إِنَّ رَجُلًا مِمَّنْ كَانَ قَبْلَكُمْ أَتَاهُ الْمَلَكُ لِيَقْبِضَ رُوحَهُ، فَقَالَ: هَلْ عَمِلْتَ مِنْ خَيْرٍ؟ قَالَ: مَا أَعْلَمُ. قِيلَ لَهُ: اُنْظُرْ. قَالَ: مَا أَعْلَمُ شَيْئًا غَيْرَ أَنِّي كُنْتُ أُبَايِعُ النَّاسَ فِي الدُّنْيَا، فَأُنْظِرُ الْمُوسِرَ وَأَتَجَاوَزُ عَنِ الْمُعْسِرِ، فَأَدْخَلَهُ اللَّهُ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Хузайфа мен Әбу Мәсғуд әл-Бәдри (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естіген: «Сендерден бұрын өмір сүрген бір кісінің жанын алуға періште келіп:

– “Бір жақсылық жасадың ба?” – деп сұрады. Әлгі кісі:

– “Білмеймін”, – деп жауап берді. Оған тағы:

– “Ойланып көр”, – деді. Сонда ол:

– “Есіме ештеңе түспей тұр. Дүниеде адамдармен сауда-саттық жасайтын едім. Ауқатты кісіге қарызын өтеуге мұрсат беретінмін, ал қиналған кісіге жеңілдік жасап, кем-кетігін кешіретінмін”, – деді.

Алла оны жәннатқа кіргізді».1

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 17–18, «Әнбия», 50 (№3451), «Истиқраз», 5; Мүслим, «Мусақат», 26–31 (№1560).
222
Кутуб ситтә, № 222 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَمْرَةَ بِنْتِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اِبْتَاعَ رَجُلٌ ثَمَرَةَ حَائِطٍ، فَعَالَجَهُ وَقَامَ فِيهِ حَتَّى تَبَيَّنَ لَهُ النُّقْصَانُ، فَسَأَلَ رَبَّ الْحَائِطِ أَنْ يَضَعَ لَهُ أَوْ يُقِيلَهُ، فَحَلَفَ أَنْ لَا يَفْعَلَ. فَذَهَبَتْ أُمُّ الْمُشْتَرِي إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَذَكَرَتْ لَهُ ذَلِكَ، فَقَالَ: تَأَلَّى أَنْ لَا يَفْعَلَ خَيْرًا. فَسَمِعَ بِذَلِكَ رَبُّ الْحَائِطِ، فَأَتَى رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هُوَ لَهُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Әмрә бинт Абдуррахман (р.а.) былай баяндайды: «Бір кісі бақтың жемісін түгел сатып алды. Жемісті күтіп-баптай жүріп, өнімнің күткенінен кем екенін аңғарды. Бақ иесінен жетпеген мөлшердің ақысын жалпы бағадан шегеруді немесе сауда келісімін бұзуды сұрады. Бақ иесі өтінішін орындамауға ант етті. Сатып алушының анасы Алла елшісіне (с.а.с.) барып, болған жайды айтты. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол жақсылық жасамауға ант етіпті”, – деді. Мұны естіген бақ иесі Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың елшісі, өтінішін қабыл алдым”, – деді».1

  1. 1Мәлік, «Мууатта», «Буюғ», 15 (2/621); Бұхари, «Сулх», 10; Мүслим, «Мусақат», 19 (№1557).
223
Кутуб ситтә, № 223 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ أَقَالَ مُسْلِمًا أَقَالَهُ اللَّهُ عَثْرَتَهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Кім мұсылманның сауда келісімін бұзу туралы өтінішін қабыл алса, Алла да оның жаңсақ басқан қадамын кешіреді», – деген.1

Түсіндірме

Иқала – сатып алу-сату келісімін екі жақтың өзара келісімімен бұзу. Мұны сатып алушы да, сатушы да ұсына алады. Мәміле жасалған соң, бұрын белгісіз болған немесе айтылмаған ақаудың анықталуы секілді орынды себепсіз келісімді біржақты бұзуға болмайды. Бір тарап келісімді бұзуды ұсынса, екінші тарап оны өз қалауымен қабыл алады. №222 хадисте сатып алушының иқала туралы өтінішін бақ иесі қабылдамаған еді. Алла елшісі (с.а.с.) бақ иесіне: «Келісімді бұз, иқаланы қабыл ал», – деп бұйырған жоқ. Оған сауап әкелетін істен бас тартқанын ғана еске салды.

Дініміз осындай жағдайда екінші тараптың иқалаға келісуін құптайды. Өйткені мәмілені бұзуды ұсынған адам сол саудаға алаңдауы, іштей өкінуі немесе зиян шегуі мүмкін. Өтінішті қабыл алу оның уайымын сейілтеді, екі жақтың арасына сызат түсуіне жол бермей, бір-біріне деген ықыласын арттырады. Дініміз адамның көңіліне қаяу түсіретін қылықты құптамай, өзара сүйіспеншілікке жол ашатын істі қолдайды. Хадисте иқаланы қабыл алған адамның ісі мақталады. Алла оны сүрінуден, қателікке ұрынудан сақтап, қателіктерінен туған күнәларын кешіретіні айтылады.

Иқаланы қабыл алудың өзі – мүмін үшін жеткілікті олжа.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 54 (№3460); Ибн Мәжа, «Тижарат», 26 (№2199).