Хадис

Кутуб ситтә, № 224

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
30. Өлшем мен таразы
Нөмірі
№ 224 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
224
Кутуб ситтә, № 224 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «الْوَزْنُ وَزْنُ أَهْلِ مَكَّةَ، وَالْمِكْيَالُ مِكْيَالُ أَهْلِ الْمَدِينَةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ عَكْسُهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Таразымен тартуда Мекке халқының өлшемі, ал көлеммен өлшеуде Мәдина халқының өлшемі негізге алынады», – деген.1

Басқа бір риуаятта осының керісіншесі айтылған.

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадисте қоғам өмірінде айрықша маңызы бар көлем мен салмақ өлшемдеріне тоқталады. Сауда-саттық пен тұтас шаруашылық өмірі көбіне осы өлшемдерге сүйенеді.

Уәзн дегеніміз – таразымен тартып өлшеу. Мөлшері салмағына қарай анықталатын май, бал, қант тәрізді тауарлар уәзндік тауарлар деп аталады. Мұндай тауарларды өлшеуге әртүрлі бірлік қолданылса, ел ішіндегі алауыздықты болдырмау үшін олардың бірін ортақ өлшем етіп алу керек. Хадисте сол кезде іргесі қаланып жатқан Ислам мемлекетінде салмақ өлшеміне Мекке өлшемін негіз ету бұйырылады. Ғалымдар мұны: «Мекке халқы саудамен айналысқандықтан, салмақ өлшеуде тәжірибесі мол еді. Мекке өлшемінің негізге алынуы да содан», – деп түсіндіреді.

Кәйл, негізінен, дәнді дақылдарды ыдыспен өлшеуге қолданылады. Осы тәсілмен өлшенетін тауарлар кәйлдік тауарлар деп аталады. Түрік тіліндегі «кіле» атауы да осы сөзден тараған. Кәйлмен өлшегенде дәннің көлемі есепке алынады. Ғалымдар Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көлем өлшеміне Мәдина өлшеуішін негіз етіп алуын ондағы егіншіліктің өркендеуімен байланыстырады. Мекке халықаралық сауда орталығы еді, халқының күнкөрісі саудаға негізделген. Онда егін егуге жағдай болмаған. Ал Мәдина егіншілікке қолайлы еді, онда бау-бақша мен жеміс өсіру ісі дамыған. Сондықтан көлем өлшеуіштерін Мәдина жұрты жете білген.

Демек, бұл хадис алтын мен күмістің зекетін есептегенде Меккенің салмақ өлшемі дирһамды, ал пітір садақа мен кәффарат секілді діни міндеттерді өтегенде Мәдинаның көлем өлшемі сағты негізге алуды көздейді. Арабияда әр өңір өз дәстүріне сай көлемі мен салмағы азды-көпті өзгеше өлшемдер қолданған. Сондай жағдайда «Екі жүз дирһамы бар адам зекет беруге тиіс» деген сөз «Қай өңірдің дирһам өлшемімен есептеледі?» деген сауал туғызады. Осы хадис осындай мәселелерді шешуге негіз болған.

Мұндай өлшем бірліктерін белгілеп, олардың мөлшерін айқындайтын өзге хадистер де бар.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», 8 (№3340); Нәсәи, «Буюғ», 54 (7/284, №4594).