وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَمَا نَحْنُ جُلُوسٌ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذْ طَلَعَ عَلَيْنَا مُصْعَبُ بْنُ عُمَيْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَا عَلَيْهِ إِلَّا بُرْدَةٌ مُرَقَّعَةٌ بِفَرْوٍ، فَلَمَّا رَآهُ النَّبِىُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَكَى لِلَّذِي كَانَ فِيهِ مِنَ النِّعْمَةِ، ثُمَّ قَالَ: كَيْفَ بِكُمْ إِذَا غَدَا أَحَدُكُمْ فِي حُلَّةٍ، وَرَاحَ فِي أُخْرَى، وَوُضِعَتْ بَيْنَ يَدَيْهِ صَحْفَةٌ، وَرُفِعَتْ أُخْرَى، وَسَتَرْتُمْ بُيُوتَكُمْ كَمَا تُسْتَرُ الْكَعْبَةُ قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ: نَحْنُ يَوْمَئِذٍ خَيْرٌ مِنَّا الْيَوْمَ، نُكْفَى الْمُؤْنَةَ، وَنَتَفَرَّغُ لِلْعِبَادَةِ، فَقَالَ: بَلْ أنْتُمْ الْيَوْمَ خَيْرٌ مِنْكُمْ يَوْمَئِذٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырғанымызда, Мұсғаб ибн Умәйр (р.а.) келді. Үстінде терімен жамалған жалғыз жамылғысы бар еді. Алла елшісі оны көріп, бұрынғы молшылықта жүрген шағын есіне алды да, жылады. Содан кейін: “Бірің таңертең бір киім, кешке басқа киім киіп, алдыңа бір табақ қойылып, екіншісі алынып, үйлеріңді Қағба секілді бүркейтін күн туса, күйлерің қандай болар еді?” – деді. Біз: “Уа, Алланың елшісі! Ол күні бүгінгіден жақсы болар едік. Күнкөрістің қамынан босап, құлшылыққа көбірек уақыт бөлер едік”, – дедік. Сонда ол: “Сендер бүгін ол күндегіден жақсысыңдар”, – деді».
Түсіндірме
1. Мұсғаб ибн Умәйр – исламның алғашқы қаһармандарының бірі. Меккеде ауқатты отбасында өскен, әдемі киінетін, көрікті жігіт еді. Исламды қабылдаған соң отбасының қарсылығына ұшырап, тұрмысы тарылды. Бірақ бұл қиындықтар оның дінге сүйіспеншілігін жеңе алмады. Алла елшісі (с.а.с.) Ақаба анты қабылданған соң, өзі әлі һижрет етпей тұрып, оны Мәдинаға исламды танытуға және намаз үйретуге жіберді. Мәдиналықтарға Құран оқып, дінді таныстырғаны үшін «мұқри», яғни Құран оқытып үйретуші атанды.
Мұсғаб тұрмыстың тарлығына қарамай, ислам жолында аянбай қызмет етті. Ұхұд соғысында шейіт болғанда, денесін орарлық кебін де табылмапты. Үстіндегі жамаулы киімімен басын жауып, аяғына изхир шөбін төсеп жерлеген. Хаббаб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге һижрет етіп, сыйымызды Алладан күттік. Арамызда сыйын бұл дүниеде алуға үлгермей өткендер болды. Кейбіріміздің жемісіміз осы дүниеде пісіп, қолымызға тиді. Мұсғаб ибн Умәйр артында бір жамылғыдан өзге ештеңе қалдырмады. Онымен басын жапсақ, аяғы ашылып, аяғын жапсақ, басы ашылып қала берді. Алла елшісі: “Басын жамылғысымен жауып, аяғына изхир шөбін салыңдар”, – деп бұйырды».
2. Бұл хадисті түсіндірген автор материалдық молшылық діни жігерді әлсіретіп, құлшылықта салғырттыққа соқтыруы мүмкін дейді. Пайғамбар (с.а.с.) көптеген хадисінде мұсылман қоғамының әлсіреуіне молшылық пен соның салдарынан туған салғырттықтың ықпалын ескерткен. Автор тарихтағы ірі өркениеттердің молшылықтың шыңына жеткеннен кейін құлдырағанын мысал етеді. Қазіргі ауқатты елдердегі маскүнемдік, есірткіге әуестік және жыныстық азғындықтың таралуын да қоғамның әлсіреу белгілеріне жатқызады.