وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنِّي أُحِبُّكَ، فَقَالَ: انْظُرْ مَا تَقُولُ قَالَ: وَاللَّهِ إِنِّي أُحِبُّكَ، ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَقَالَ: إِنْ كُنْتَ تُحِبُّنِي فَأَعِدَّ لِلْفَقْرِ تَجْفَافاً، فَإِنَّ الْفَقْرَ أَسْرَعُ إِلَى مَنْ يُحِبُّنِي مِنَ السَّيْلِ إِلَى مُنْتَهَاهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Мұғаффал (р.а.) былай дейді: «Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі, мен Сізді жақсы көремін”, – деді. Алла елшісі: “Не айтып тұрғаныңа қара”, – деді. Әлгі кісі: “Алламен ант етемін, мен Сізді жақсы көремін!” – деп үш рет қайталады. Сонда ол: “Мені жақсы көрсең, кедейлікке қарсы сауыт әзірле. Өйткені мені жақсы көрген адамға кедейлік селдің өз арнасының аяғына жетуінен де тез жетеді”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Алла елшісін (с.а.с.) жақсы көру – әр мүміннің парызы. Бұл хадистегі сөз айрықша терең сүйіспеншілікті білдіреді. Пайғамбар әлгі кісіге айтқан сөзінің салмағын көтере ала ма деген ой салған. «Кедейлікке қарсы сауыт әзірле» деген ескерту де осы шешімге жеңіл қарамауға шақырады. Оның артында талай қиындық пен сынақ бар, кісі көтере алар-алмасын байыптауы керек.
Әли әл-Қари бұл тұстағы «сауытты» сабыр деп түсіндіреді. Сауыт денені зақымнан қалқалағандай, сабыр да кедейліктің зардабын жеңілдетеді.
Селдің мысалға келтірілуі сынақтың тез жететінін аңғартады. Биіктен аққан тасқынның екпіні қатты. Алла елшісінің (с.а.с.) «Сынақтың ең ауыры алдымен пайғамбарларға, кейін оларға ең жақын адамдарға, одан кейін соларға ұқсас жандарға түседі» деген хадисі бұл ойды аша түседі.
Пайғамбарлардың ішінде ауыр сынақтарға ұшыраған Алла елшісінің соңынан ерген кісінің оған жақындығы сүйіспеншілігі жолында көтерген тауқыметі мен төзімінен көрінеді.
Бұл өлшем қазіргі кезде де маңызды. Парыз бен сүннетті орындауға тосқауыл көп. Күнделікті сүннетті былай қойғанда, парызды өтеудің өзі кейде қиынға соғады. Дүниенің жылтырағына алданып, Раббысын естен шығарып, парызы мен сүннетін ұмыт қалдыратындар бар. Олар да Пайғамбарды жақсы көретінін айтады. Оған деген сүйіспеншілік қиындыққа қарамай парыз бен сүннетті орындап, осы жолдағы сынақтарға сабыр етуден көрінеді.
- 1Тирмизи, «Зүһд», 36 (№ 2350, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2351).