وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ بْنِ ثَعْلَبَةَ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذَكَرُوا عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الدُّنْيَا فَقَالَ: أَلَا تَسْمَعُونَ، أَلَا تَسْمَعُونَ؟ إِنَّ الْبَذَاذَةَ مِنَ الْإِيمَانِ، إِنَّ الْبَذَاذَةَ مِنَ الْإِيمَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. « الْبَذَاذَةُ» بِذَالَيْنِ مُعْجَمَتَيْنِ بَيْنَهُمَا أَلِفٌ: رِثَاثَةُ الْهَيْئَةِ وَتَرْكُ الزِّينَةِ، وَالْمُرَادُ بِهِ التَّوَاضُعُ فِي اللِّبَاسِ، وَ تَرْكُ التَّبَجُّحِ بِهِ.
Әбу Умама ибн Сағлаба әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында дүние жайы сөз болды. Сонда ол: “Құлақ аспайсыңдар ма? Құлақ аспайсыңдар ма? Қарапайым киіну – иманнан. Қарапайым киіну – иманнан!” – деді».1
Түсіндірме
1. Алла елшісі (с.а.с.) мүмінді таза әрі қарапайым киінуге шақырады. Дүние жайы сөз болғанда киімдегі қарапайымдылықты қайталап айтуы сәнге құмартудың да дүниеге қызығуға жататынын аңғартады.
2. «Қарапайым киіну» деп аударылған «бәзаза» сөзін Ибн әл-Әсир сән-салтанаттан бой тартып, жұпыны киіну деп түсіндіреді. Мұнда киімге бола даңғойлық танытпау, қарапайым болу меңзелген. Тозып үлгермеген киімді тастай салуды дін құптамайды.
Алдыңғы хадисте айтылғандай, мүмкіндігі бар адамның таңертең бір киім, кешке басқа киім киюге әуестенуі қоғамның тұрмысына салмақ салып, адамгершілік пен діни өміріне де әсер етеді.
Сондықтан ауқатты кісілерге де осы салдарды ескеріп, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты ұстану – дін көрсеткен тура жол.
- 1Әбу Дәуіт, «Тәрәжүл», 1 (№ 4161). Ибн Мәжа, «Зүһд», 22 (№ 4118).