وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: دِيَةُ الْمُعَاهَدِ نِصْفُ دِيَةِ الْحُرِّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Муахадтың құны азат адамның құнының жартысына тең”, – деді».1
Түсіндірме
1. Муахад – келісім негізінде мұсылман елінде тұруға рұқсат алған өзге дін өкілі. Оны зымми деп те атайды. Зиммәт сөзі уәде, амандық, кепілдік, қол сұқпаушылық және құқық деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылмандармен келісім жасасып, олардың қорғауына алынған бұл топ «әһл әз-зиммәт» аталған.
2. Хаттаби мұны Кітап иелері жайлы ең анық риуаят деп бағалаған. Омар ибн Абдулазиз, Уруа ибн әз-Зубәйір, Имам Мәлик, Ахмад ибн Ханбал және Ибн Шубрума осы хадиске сүйенген.
Рәй мектебінің ғалымдары мен Суфиян әс-Сәури зымми мен мұсылманның құнын тең санаған. Шағби, Нәһәи, Мужаһид, Омар, Ибн Мәсғуд (р.а.) және алғашқы буынның өзге де өкілдері осы үкімді ұстанған.
Имам Шәфиғи, Исхақ, Ибн әл-Мусайяб, Хасан әл-Басри, Икрима, Осман ибн Аффан және бір риуаят бойынша Омар (р.а.) зыммидың құны мұсылман құнының үштен біріне тең деген.
- 1Әбу Дәуіт, Дият 23, (4583).