Хадис

Кутуб ситтә, № 1904

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
259. № 1900–1908 хадистер
Нөмірі
№ 1904 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
1904
Кутуб ситтә, № 1904 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَضَى فِي الْمُكَاتَبِ يُقْتَلُ أَنْ يُؤَدَّى بِقَدْرِ مَا أُعْتِقَ مِنْهُ دِيَةُ الْحُرِّ، وَبِقَدْرِ مَا بَقِيَ دِيَةُ الْعَبْدِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَاللَّفْظُ لِلنَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) мүкатәб өлтірілгенде құнның оның азат етілген үлесіне сай бөлігін азат адамның құнымен, ал қалғанын құлдың құнымен есептеуге үкім етті»1.

Түсіндірме

Мүкатәб – белгілі бір соманы төлеп, бостандығын алу жөнінде қожайынымен келісім жасасқан құл. Хадисте осындай адам өлтірілсе, қожайыны мен мұрагерлеріне қанша құн төленетіні айтылады. Азат адам үшін діни мәтіндерде белгіленген толық құн төленеді. Құл, ер не әйел болсын, өлтірілсе, құны өзінің бағасына қарай есептеледі. Бағасы азат адамның толық құнына тең келсе немесе одан асып түссе, толық құннан он дирхам кем төленеді. Толық құнның мөлшері алдыңғы хадисте айтылды.

Күңге де осы тәртіп қолданылады. Бағасы азат әйелдің құнына тең не одан артық болса, он дирхам шегеріледі. Мысалы, азат әйелдің құны бес мың дирхам болса, бағасы сонша тұратын күң абайсызда өлтірілгенде, қожайынына төрт мың тоғыз жүз тоқсан дирхам төленеді.

Осы тәртіпті білсек, мүкатәб жайлы хадистің мағынасы айқындалады. Мүкатәб өлтірілсе, қожайынына төлеп үлгерген үлесі азат адамның құны бойынша, қалғаны өзінің бағасы бойынша есептеледі. Мысалы, бостандығы үшін белгіленген соманың жартысын төлесе, толық құнның жартысы мен өзінің бағасының жартысы қосылып төленеді. Хаттаби былай дейді: «Мүкатәбтің өтелмеген бір дирхамы қалса да, ол әлі құл саналады. Оған жасалған қылмысқа да, оның өзі істеген қылмысқа да құлдың үкімі қолданылады. Маған жеткен хабарға қарағанда, бұл хадиске Ибраһим ән-Нәһәи ғана амал еткен. Осы мәселе бойынша Әлиден (р.а.) де риуаят бар. Хадис сахих болса, үкімі жойылмаған және одан сенімдірек риуаятқа қайшы келмеген жағдайда, онымен амал ету керек».

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 22, (4581); Нәсәи, Қасама 36, (8, 45, 46); Тирмизи, Буйуғ, 35, (1259). Мәтін Нәсәидің мәтіні.