Хадис

№ 1900–1908 хадистер

Кутуб ситтә, 5-том, 259-тарау · 9 хадис · № 1900–1908

Хадистер

1900
Кутуб ситтә, № 1900 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

عَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قُتِلَ خَطَأً فَدِيَتُهُ مِنَ الْإِبِلِ مِائَةٌ: ثَلَاثُونَ بِنْتَ مَخَاضٍ، وَثَلَاثُونَ بِنْتَ لَبُونٍ، وَثَلَاثُونَ حِقَّةً، وَعَشَرَةٌ بَنِي لَبُونٍ ذَكَرٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ إِلَّا أَنَّ فِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ: «مَنْ قَتَلَ مُتَعَمِّدًا دُفِعَ إِلَى أَوْلِيَاءِ الْمَقْتُولِ، فَإِنْ شَاءُوا قَتَلُوا، وَإِنْ شَاءُوا أَخَذُوا الدِّيَةَ وَهِيَ ثَلَاثُونَ حِقَّةً، وَثَلَاثُونَ جَذَعَةً، وَأَرْبَعُونَ خَلِفَةً، وَمَا صُولِحُوا عَلَيْهِ فَهُوَ لَهُمْ، وَذَلِكَ تَشْدِيدُ الْعَقْلِ». وَالْمُرَادُ «بِالْعَقْلِ»: هُنَا الدِّيَةُ، وَلَمَّا كَانَ الْقَاتِلُ يَجْمَعُهَا وَيَعْقِلُهَا بِفَنَاءِ أَوْلِيَاءِ الْمَقْتُولِ لِيَتَقَبَّلُوهَا مِنْهُ سُمِّيَتْ عَقْلًا.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) мына хадисті жеткізеді. Алла елшісі (с.а.с.): «Абайсызда өлтірілген адамның құны – жүз түйе. Оның отызы – бинт мәхаз (екінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отызы – бинт ләбун (үшінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отызы – хиққа (төртінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), оны – ибн ләбун (үшінші жасына аяқ басқан еркек түйе)»1, – деген.

Тирмизи мына риуаятты келтіреді: «Қасақана кісі өлтірген адам марқұмның уәлилеріне тапсырылады. Олар қаласа, қысас ретінде оны өлтіреді, қаласа, құн алады. Оның құны – отыз хиққа (төртінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе), отыз жазаға (бесінші жасына аяқ басқан ұрғашы түйе) және қырық халифа (буаз түйе). Олар бұдан өзге өтемге келіссе, келіскені де соларға тиесілі. Бұл – құнның ауырлатылған түрі». Мұндағы «ақл» сөзі – құнның атауы. Құн төлеген кісі түйелерді марқұмның туыстарының ауласына жинап, олар қабылдағанша байлап қоятындықтан, құнды осылай атаған.

Түсіндірме

1. Хадис ғалымдары «Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан» деген тізбекті әртүрлі түсіндірген. Кейбірі «ата» деп Амрдың атасы Мұхаммедті түсініп, мұндай хадистерді мурсәл әрі әлсіз деп санаған. Енді бірі бұл сөз Шұғайыбтың атасы Абдуллаға қатысты, бірақ тізбек үзік болғандықтан, хадис мунқатиғ әрі әлсіз деген. Ахмад ибн Ханбал мен төрт «Сүнән» жинағының авторлары Шұғайыбтың Абдулламен жүздескенін, осы тізбекпен жеткен хадистерді Абдулла ибн Амрдың Пайғамбардан (с.а.с.) тікелей жазып алғанын айтып, оларды сахих деп санаған. Сондықтан тізбек сөзбе-сөз беріліп, «атасы» сөзінің кімге қатысты екені нақтыланбайды. Осы тізбекпен жеткен хадистер бұл бөлімде жиі, кейінгі бөлімдерде де кездеседі.

2. Хадисте түйенің жасына қарай бірнеше атау қолданылған. Олар басқа хадистерде де кездесетіндіктен, мағынасын аша кетейік. Айнидың айтуынша, тіл білімі еңбектерінде түйенің он жасқа дейінгі атаулары былай берілген:

1. Хууар – енесін еміп жүрген бота.

2. Фасыл – енесінен айырған бота.

3. Ибн мәхаз – екінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – бинт мәхаз.

4. Ибн ләбун – үшінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – бинт ләбун.

5. Хиққ – төртінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – хиққа.

6. Жазағ – бесінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – жазаға.

7. Сәни – алтыншы жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – сәния.

8. Рабағи – жетінші жасына аяқ басқан еркек түйе. Ұрғашысы – рабағия.

9. Сәдис немесе сәдәс – сегізінші жасына аяқ басқан түйе.

10. Бәзил – тоғызыншы жасына аяқ басқан түйе.

11. Мухаллаф – оныншы жасына аяқ басқан түйе. Бұдан кейін әр жасқа жеке атау берілмейді. Бәзилу ғам, бәзилу ғамайн, мухаллафу ғам, мухаллафу ғамайн, мухаллафу сәләсати әғуам тәрізді тіркестер он бес жасқа дейін қолданылады. Түйеге қатысты «синн» және «затус-синн» деген сөздер де айтылады. «Синн» тілдік тұрғыдан «тіс» және «жас» деген мағыналарды білдіреді. «Затус-синн» – белгілі бір жасқа келген түйе.

Жас түйені «бәкр», ұрғашысын «бәкра» немесе «қалус» дейді. Түйенің түріне және қандай іске пайдаланылатынына қарай да өзге атаулары бар. Олар тиісті хадистердің тұсында түсіндіріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 18 (№ 4541). Нәсәи, «Қасама», 30 (8/43). Қасақана кісі өлтіру туралы риуаят Тирмизидің «Дият» кітабының 1-тарауында (№ 1387) берілген.
1901
Кутуб ситтә, № 1901 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فِي دِيَةِ الْخَطَأِ عِشْرُونَ حِقَّةً، وَعِشْرُونَ جَذَعَةً، وَعِشْرُونَ بِنْتُ مَخَاضٍ، وَعِشْرُونَ بِنْتُ لَبُونٍ، وَعِشْرُونَ بَنِي مَخَاضٍ ذُكُورًا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Абайсызда өлтірілген адамның құны – жиырма хиққа, жиырма жазаға, жиырма бинт мәхаз, жиырма бинт ләбун және жиырма ибн мәхаз»1.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 18 (№ 4545). Тирмизи, «Дият», 1 (№ 1386). Нәсәи, «Қасама», 32 (8/43–44).
1902
Кутуб ситтә, № 1902 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «دِيَةُ شِبْهِ الْعَمْدِ أَثْلَاثًا، ثَلَاثٌ وَثَلَاثُونَ حِقَّةً، وَثَلَاثٌ وَثَلَاثُونَ جَذَعَةً، وَأَرْبَعٌ وَثَلَاثُونَ ثَنِيَّةً إِلَى بَازِلِ عَامِهَا كُلُّهَا خَلِفَاتٌ». وَرُوِيَ «فِي الْخَطَإِ أَرْبَاعًا: خَمْسٌ وَعِشْرُونَ حِقَّةً، وَخَمْسٌ وَعِشْرُونَ جَذَعَةً، وَخَمْسٌ وَعِشْرُونَ بَنَاتِ لَبُونٍ، وَخَمْسٌ وَعِشْرُونَ بَنَاتِ مَخَاضٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلَهُ وَلِلنَّسَائِيِّ فِي أُخْرَى عَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا يَرْفَعُهُ: «الْخَطَأُ شِبْهُ الْعَمْدِ مَا كَانَ بِالسَّوْطِ وَالْعَصَا».

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай деген: «Шибһ әл-ғамдтың құны үш бөліктен тұрады: отыз үш хиққа, отыз үш жазаға және сәниядан бәзилге дейінгі отыз төрт буаз түйе». Сәния – алты жасқа, бәзил – тоғыз жасқа толған түйе.

Әлиден (р.а.) мына сөз де жеткен: «Абайсызда кісі өлтіргені үшін төленетін құн төртке бөлінеді: жиырма бес хиққа, жиырма бес жазаға, жиырма бес бинт ләбун және жиырма бес бинт махад»1.

Әбу Дәуіт пен Нәсәи Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) Пайғамбарға (с.а.с.) телінетін мына риуаятты келтіреді: «Қамшы не таяқ жұмсалып, кісі абайсызда қаза тапса, бұл шибһ әл-ғамдқа жатады»2.

Түсіндірме

1. Түйенің жасына қарай хиққа, бинт ләбун тәрізді атаулары бар. Бұлар осы бөлімнің алғашқы хадисінде алғаш кездескен тұста жақша ішінде түсіндірілді.

2. Кісі өлтіру үшке бөлінеді: ғамд, хата және шибһ әл-ғамд.

а) Ғамд, яғни тағаммуд – өлтіруге рұқсат етілмеген адамды жаралайтын құралмен қасақана өлтіру. Мұның жазасы – қысас, яғни жанға жан.

ә) Хата – кісіні абайсызда өлтіру. Мұндайда құн төленеді.

б) Шибһ әл-ғамд – өлтіруге рұқсат етілмеген кісіні әдетте жаралайтын құралға жатпайтын затпен қасақана өлтіру. Мұны шибһ әл-хата деп те атайды.

Осы жіктеуді шәфиғилер мен ханафилерді қоса алғанда, ғалымдардың көпшілігі ұстанған.

Имам Мәлик, Ләйс және бірқатар ғалым кісі өлтіруді ғамд пен хата деп екіге бөлген. Олар Құранда шибһ әл-ғамд жеке аталмағанын алға тартады. Олардың түсіндіруінше, «Хатаға әлдебір себептің салдарынан, жауапкершілік жүктелмейтін адамның қолынан, өлтіру ниеті болмаған кісіден немесе әдетте адам өлтірмейтін заттан болған өлім жатады. Алғашқы жағдайларда қысас қолданылмайды, соңғысында қолданылады». Өзге ғалымдар осы соңғысын шибһ әл-ғамд деп атайды. Шибһ әл-ғамд туралы хадисте бұл жағдай анық сипатталған. Сондықтан ол кісі өлімі тек қасақана не тек абайсызда болады деген пікірге қарсы дәлел ретінде келтірілген.

Шибһ әл-ғамдтың құны жөнінде ғалымдар сүйенген риуаяттарына қарай әртүрлі пікір айтқан. Имам Шәфиғи мен Ата Әлиден (р.а.) жеткен сөздің тура мағынасына сүйеніп, құн үш бөліктен тұрады деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан да осы пікірді ұстанған.

Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Ахмад және Исхақ ибн Рахуия (Алла оларға рақым етсін) құн төрт бөліктен тұрады деген. Әбу Сәур шибһ әл-ғамдтың құнын бес бөлікке бөлген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 19-тарау, № 4551 және № 4553.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Дият», 19–20-тараулар, № 4547 және № 4565. Нәсәи, «Қасама», 42-тарау (8/40). Ибн Мәжа, «Дият», 5-тарау, № 2627.
1903
Кутуб ситтә, № 1903 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَقْلُ الْمَرْأَةِ مِثْلُ عَقْلِ الرَّجُلِ حَتَّى تَبْلُغَ الثُّلُثَ مِنْ دِيَتِهِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Құн толық мөлшердің үштен біріне жеткенге дейін әйелдің құны ер адамның құнына тең”, – деді».1

Түсіндірме

Хадис былай түсіндіріледі: «Әйелге алған жарақаты үшін тиесілі құн толық құнның үштен біріне тең болса, ол әдеттегі мөлшерде төленеді. Бұл жағдайда ер мен әйелдің құны бірдей. Үштен бірінен асып, толық құнның жартысына жеткенде, әйелдің құны ер адамның құнының жартысына тең болады». Омар Насухи Билмен «Фиқһ терминдерінің сөздігінде» былай жазады: «Азат ер адамның толық құны – мың динар немесе шариғи өлшеммен он мың күміс дирхам, жүз түйе, екі жүз сиыр, екі мың қой не әрқайсысы екі бөліктен тұратын екі жүз киім жиынтығы.

Азат әйелдің толық құны осы мөлшердің жартысына тең. Ер мен әйелдің құнындағы айырма материалдық шығын жағынан туындайтын ерекшелікке негізделеді.

Ислам құқығында ер мен әйелдің өмірі тең бағаланады. Бірі екіншісін өлтірсе, қысас үкімі екеуіне де бірдей қолданылады. Мүліктік шығын тұрғысынан айырма ескерілген. Ер адамға отбасының нәпақасын табу, елін қорғауға аттану секілді міндеттер жүктелгендіктен, оның қазасы материалдық тұрғыдан үлкен шығын саналған. Құн мөлшерінің әртүрлі белгіленуі осылай түсіндірілген».

  1. 1Нәсәи, «Қасама», 34-тарау, № 4805 (8/44–45).
1904
Кутуб ситтә, № 1904 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَضَى فِي الْمُكَاتَبِ يُقْتَلُ أَنْ يُؤَدَّى بِقَدْرِ مَا أُعْتِقَ مِنْهُ دِيَةُ الْحُرِّ، وَبِقَدْرِ مَا بَقِيَ دِيَةُ الْعَبْدِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَاللَّفْظُ لِلنَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) мүкатәб өлтірілгенде құнның оның азат етілген үлесіне сай бөлігін азат адамның құнымен, ал қалғанын құлдың құнымен есептеуге үкім етті»1.

Түсіндірме

Мүкатәб – белгілі бір соманы төлеп, бостандығын алу жөнінде қожайынымен келісім жасасқан құл. Хадисте осындай адам өлтірілсе, қожайыны мен мұрагерлеріне қанша құн төленетіні айтылады. Азат адам үшін діни мәтіндерде белгіленген толық құн төленеді. Құл, ер не әйел болсын, өлтірілсе, құны өзінің бағасына қарай есептеледі. Бағасы азат адамның толық құнына тең келсе немесе одан асып түссе, толық құннан он дирхам кем төленеді. Толық құнның мөлшері алдыңғы хадисте айтылды.

Күңге де осы тәртіп қолданылады. Бағасы азат әйелдің құнына тең не одан артық болса, он дирхам шегеріледі. Мысалы, азат әйелдің құны бес мың дирхам болса, бағасы сонша тұратын күң абайсызда өлтірілгенде, қожайынына төрт мың тоғыз жүз тоқсан дирхам төленеді.

Осы тәртіпті білсек, мүкатәб жайлы хадистің мағынасы айқындалады. Мүкатәб өлтірілсе, қожайынына төлеп үлгерген үлесі азат адамның құны бойынша, қалғаны өзінің бағасы бойынша есептеледі. Мысалы, бостандығы үшін белгіленген соманың жартысын төлесе, толық құнның жартысы мен өзінің бағасының жартысы қосылып төленеді. Хаттаби былай дейді: «Мүкатәбтің өтелмеген бір дирхамы қалса да, ол әлі құл саналады. Оған жасалған қылмысқа да, оның өзі істеген қылмысқа да құлдың үкімі қолданылады. Маған жеткен хабарға қарағанда, бұл хадиске Ибраһим ән-Нәһәи ғана амал еткен. Осы мәселе бойынша Әлиден (р.а.) де риуаят бар. Хадис сахих болса, үкімі жойылмаған және одан сенімдірек риуаятқа қайшы келмеген жағдайда, онымен амал ету керек».

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 22, (4581); Нәсәи, Қасама 36, (8, 45, 46); Тирмизи, Буйуғ, 35, (1259). Мәтін Нәсәидің мәтіні.
1905
Кутуб ситтә, № 1905 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: دِيَةُ الْمُعَاهَدِ نِصْفُ دِيَةِ الْحُرِّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан (р.а.) жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Муахадтың құны азат адамның құнының жартысына тең”, – деді».1

Түсіндірме

1. Муахад – келісім негізінде мұсылман елінде тұруға рұқсат алған өзге дін өкілі. Оны зымми деп те атайды. Зиммәт сөзі уәде, амандық, кепілдік, қол сұқпаушылық және құқық деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылмандармен келісім жасасып, олардың қорғауына алынған бұл топ «әһл әз-зиммәт» аталған.

2. Хаттаби мұны Кітап иелері жайлы ең анық риуаят деп бағалаған. Омар ибн Абдулазиз, Уруа ибн әз-Зубәйір, Имам Мәлик, Ахмад ибн Ханбал және Ибн Шубрума осы хадиске сүйенген.

Рәй мектебінің ғалымдары мен Суфиян әс-Сәури зымми мен мұсылманның құнын тең санаған. Шағби, Нәһәи, Мужаһид, Омар, Ибн Мәсғуд (р.а.) және алғашқы буынның өзге де өкілдері осы үкімді ұстанған.

Имам Шәфиғи, Исхақ, Ибн әл-Мусайяб, Хасан әл-Басри, Икрима, Осман ибн Аффан және бір риуаят бойынша Омар (р.а.) зыммидың құны мұсылман құнының үштен біріне тең деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 23, (4583).
1906
Кутуб ситтә, № 1906 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «وَدَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الْعَامِرَيَّيْنِ بِدِيَةِ الْمُسْلِمِينَ، وَكَانَ لَهُمَا عَهْدٌ مِنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Бәну Амир тайпасынан екі адамның құнын мұсылмандардың құнымен тең мөлшерде төледі. Абайсызда өлтірілген бұл екі кісінің Алла елшісімен (с.а.с.) келісімі бар еді»1.

Түсіндірме

Бәну Амирден шыққан әлгі екі кісінің өлтірілу оқиғасы былай баяндалады. Алла елшісі (с.а.с.) сол жұрттың өтініші мен берген кепіліне сеніп, дін үйретуге жетпіске жуық сахабасын аттандырады. Олар Би’р Мағунаға тоқтағанда, кепіл бұзылып, топқа тұтқиылдан шабуыл жасалады. Екі кісіден басқасы қаза табады.

Аман қалған екі кісінің бірі Амр ибн Умайя әд-Дамри еді. Ол қайтар жолда Қарқара деген жерде Бәну Амирдің екі адамын кездестіреді. Амр олардың Алла елшісімен (с.а.с.) келісімі барын білмей, қаза тапқан жолдастарының кегін алу үшін екеуін де өлтіреді. Кейін Алла елшісіне (с.а.с.) оқиғаны баяндағанда, ол: «Оларды өлтірген екенсің. Ендеше, құндарын төлеу керек», – дейді.

Келісім бойынша осы екі кісінің құнын өтеуге Мәдинадағы яһудилер де қатысуы тиіс еді. Алла елшісі (с.а.с.) олардың көмегін сұрау үшін Бәну Надир тайпасына барады. Олар төбеден диірмен тасын тастап, оны өлтіруге қастандық ойластырады. Бұл оқиға Бәну Надирдің Мәдинадан қуылуымен аяқталады.

  1. 1Тирмизи, Дият 12, (1404).
1907
Кутуб ситтә, № 1907 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرٍو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَقْلُ أَهْلِ الذِّمَّةِ نِصْفُ عَقْلِ الْمُسْلِمِينَ، وَهُمُ الْيَهُودُ وَالنَّصَارَى». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Әһл әз-зиммәттың құны мұсылманның құнының жартысына тең. Бұл жерде әһл әз-зиммәт деп яһудилер мен христиандар айтылған”, – деді»1.

  1. 1Нәсәи, Қасама 35, (8, 45).
1908
Кутуб ситтә, № 1908 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْهُ أَيْضًا عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَقْلُ الْكَافِرِ نِصْفُ عَقْلِ الْمُؤْمِنِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кәпірдің құны мүміннің құнының жартысына тең”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Нәсәидің «Кәпірдің құны» деген тарауында да берілген. Кітап иелері деп аталатын христиандар мен яһудилердің кейбірі Құранның бірқатар аятында кәпірлер қатарында аталады («Бақара», 105-аят. «Бәйинә», 1 және 6-аяттар).

2. Риуаяттарда құн «ақл» сөзімен берілген. Бұл сөздің тілдік мағынасы – «байлау». «Ән-Ниһаяда» айтылғандай, біреуді өлтірген кісі құнға беретін түйелерін марқұмның жақындары тұратын үйдің ауласына әкеліп байлаған. Олар түйелерді сол жерден қабылдап алған. Сөйтіп «ақл» сөзі «құн» мағынасында да қолданыла бастаған. Әуелде құн түйемен өтелген. Кейін оның алтынмен, күміспен, сиырмен, қой-ешкімен өтелетін мөлшері де белгіленді.

3. Бір риуаят бойынша, Алла елшісінің (с.а.с.) кезінде құн сегіз жүз динар не сегіз мың дирхам болған. Кітап иелерінің құны осының жартысына тең еді. Бұл Омардың (р.а.) халифалығына дейін жалғасты. Омар бір құтбасында: «Түйе қымбаттады», – деп, толық құнды мың алтын динарға немесе он екі мың күміс дирхамға көтерді. Әһл әз-зиммәттың құны сол күйінде қалды.

Ханафилер бастаған бір топ ғалым Кітап иелерінің құнын мұсылманның құнымен тең санаған. Олар № 1906 хадистегі Бәну Амирдің екі адамы үшін мұсылманның құнына тең төлем жасалғанына және «Ниса» сүресінің 92-аятының жалпы мағынасына сүйенген: ﴿وَإِنْ كَانَ مِنْ قَوْمٍ بَيْنَكُمْ وَبَيْنَهُمْ مِيثَاقٌ فَدِيَةٌ مُسَلَّمَةٌ إِلَىٰ أَهْلِهِ وَتَحْرِيرُ رَقَبَةٍ مُؤْمِنَةٍ﴾ «Ал егер өлген мүмін сендермен бейбіт келісімге келген қауымның өкілі болса, оның қанын жүктеген кісі отбасына құн төлеуі һәм бір мүмін құлды азат етуі керек.» Осы түсіндірме бойынша аятта мөлшері бөлек көрсетілмеген құн деп мұсылман үшін белгіленген құн айтылған.

  1. 1Тирмизи, Дият 17, (1413).