Хадис

Кутуб ситтә, № 1877

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
256. Дұға орнына айтылатын зікірлер. Истиғаза
Нөмірі
№ 1877 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
1877
Кутуб ситтә, № 1877 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: تَعَوَّذُوا بِاللَّهِ مِنْ جَهْدِ البَلَاءِ، وَدَرْكِ الشَّقَاءِ، وَسُوءِ الْقَضَاءِ، وَشَمَاتَةِ الْأَعْدَاءِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Бастан асқан бәледен, бақытсыздыққа ұшыраудан, ауыр жазмыштан және дұшпанның табасына қалудан Аллаға сиыныңдар»1.

Түсіндірме

• «Бастан асқан бәле» деп аударылған «жаһдул-бәлә» сөзін Мунауи «адамды өлім тілеуге дейін жеткізетін ауыр азап» деп түсіндірген. Мұндай хәл созылмалы дерттен, ас тауып жеуге шамасы жетпейтін тақыр кедейліктен және басқа да себептен тууы мүмкін. Ибн Омар (р.анһума) бұған малдың аздығы мен бала-шағаның көптігін мысал еткен. «Бәле» алуан сынақты білдіреді. Сондықтан өмірден түңілдіретін ауыртпалықтың бәрі осы ұғымға кіреді.

• «Бақытсыздыққа ұшырау» деп аударылған «дәрк әш-шақа» дүниелік те, ақыреттік те опатты білдіруі мүмкін. «Шақа» – бақыттың қарсы ұғымы. Ибн Хажар оны «опат болу» деп түсіндірген. Мунауи «шақа» жаһаннам қабаттарының бірінің атауы ретінде де айтылғанын ескерткен. Осы мағыналардың екеуіне сүйеніп, адам бақытсыздыққа тап болудан да, тозаққа түсуден де Аллаға сиынады.

• «Ауыр жазмыш» дүниелік те, ақыреттік те болуы мүмкін. Мунауи бұл сөзді Алланың тағдыр белгілеуіне емес, адам басына түсетін үкімнің салдарына қатысты түсіндірген. Жақсылықты да, жамандықты да жаратушы – Алла. Жаман істі таңдап, жасайтын – адам. Ауыр жазмыштан Аллаға сиыну – өзіміз таңдаған жаман істі жүзеге асырмауын, Өзі мейірім етіп, күнәмізді кешіруін сұрау.

• Дұшпанның табасы – адамның басына түскен бәле мен ауыртпалыққа дұшпанының қуанып, кекесін етуі.

  1. 1Бұхари, Қадар 13, Дағуат 28; Мүслим, Зикр 53, (2707); Нәсәи, Истиғаза 34, (8, 269, 270).