وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الشِّقَاقِ وَالنِّفَاقِ، وَسُوءِ الْأَخْلَاقِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَ فِي رِوَايَةٍ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْجُوعِ، فَإِنَّهُ بِئْسَ الضَّجِيعُ. وَ أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْخِيَانَةِ فَإِنَّهَا بِئْسَتِ الْبِطَانَةُ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Ақиқатқа қарсы шығудан, екіжүзділіктен және жаман мінезден Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.
Басқа нұсқада былай делінген: «Уа, Алла! Аштықтан Өзіңе сиынамын. Ол – төсектегі жаман серік. Қиянаттан Өзіңе сиынамын. Ол – адамның ең жаман жолдасы».
Түсіндірме
• «Шиқақ» «бөліну, ажырау» дегенді білдіреді. Хадисте ол ақиқатқа қарсы шығып, одан ажырау мағынасында келген. Құранда ﴿بَلِ الَّذِينَ كَفَرُوا فِي عِزَّةٍ وَشِقَاقٍ﴾ «Күпірлік қылғандар тәкаппарлыққа бой алдыруда һәм үнемі қарсы келуде.» делінген («Сад» сүресі, 2-аят). «Шиқақ» сөзіне өзге де түсіндірмелер берілген.
• Екіжүзділік – адамның іші мен сыртының екі түрлі болуы. Діни мағынада ол сырт көзге мұсылман болып көрініп, іштей күпірлікте қалуды білдіреді. Тиби бұдан кеңірек мағына беріп, оны «досыңа ішіңдегінің керісін көрсету» деп түсіндірген. Кей ғалымдар амалда екіжүзділікке көп өтірік айту, аманатқа қиянат жасау, уәдеде тұрмау және дауласқанда қарсы тараптың құқығын аяққа таптау жататынын айтқан.
• Жаман мінез дін тыйған жағымсыз қасиеттердің бәрін қамтиды. Тиби ақиқатқа қарсы шығу мен екіжүзділікті ең жаман мінездердің қатарына қосқан. Өйткені олардың зияны адамның өзімен шектелмей, өзгеге де тиеді.
• Аштық – асқазанда ас қалмағанда сезілетін күй. Ол адамның ауыруына, тіпті өліміне себеп болуы мүмкін. Тиби аштық адамның күшін әлсіретіп, ойын тұмандатып, жаман ойға жетелейтінін және құлшылық міндетін өтеуге бөгет болатынын айтқан. Адамды түнде де қоймайтындықтан, ол «төсектегі серікке» теңелген. Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше күн ауыз ашпай, үздіксіз ораза ұстауға тыйым салған. Синди аштықты сәжде мен рүкүғ тәрізді намаз амалдарын орындауға кедергі келтіретін жаман серік деп түсіндірген.
Ғалымдар бұл хадисті жөн-жосықсыз аш жүру құлшылық саналмайтынына дәлел еткен. Құлшылық саналатын оразаның сүннетте белгіленген тәртібі бар. Бірнеше күн үздіксіз ауыз ашпай ораза ұстауға рұқсат берілмеген.
Қиянат – аманатқа адалдықтың қарсы ұғымы. Тиби оны ақиқатқа қарсы шығу және келісімді бұзу деп түсіндірген. Бұл шариғат жүктеген міндеттердің бәріне қатысты. Құранда ﴿إِنَّا عَرَضْنَا الْأَمَانَةَ عَلَى السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَالْجِبَالِ﴾ «Расында, біз аманатты жеті қат көкке, жерге және тауларға ұсындық.» делінген («Ахзаб» сүресі, 72-аят). Екінші аятта ﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَخُونُوا اللَّهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар.» делінген («Әнфәл» сүресі, 27-аят). Бірінші аяттағы аманат міндет атаулыны қамтиды. Екінші аят қиянаттың сол міндетті бұзуға, ақиқатқа қарсы шығуға ұласатынын көрсетеді.
Хадистегі «битана» сөзі адамның сырлас серігін де білдіреді. Мұтарризи «Әл-Муғрибте» оны адамның жақын, шынайы досы деп түсіндірген. Осы мағынада хадис қиянатты адамға ілескен жаман серікке теңейді.
- 1Әбу Дәуіт, № 1546. Нәсәи, «Истиғаза», 21 (8/264). Аштық пен қиянат жайындағы нұсқа: Әбу Дәуіт, № 1547.