ـ3 وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنْ قَلْبٍ لَا يَخْشَعُ، وَمِنْ دُعَاءٍ لَا يُسْمَعُ، وَمِنْ نَفْسٍ لَا تَشْبَعُ، وَمِنْ عِلْمٍ لَا يَنْفَعُ، أَعُوذُ بِكَ مِنْ هَؤُلَاءِ الْأَرْبَعِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Өзіңнің алдыңда иілмейтін жүректен, қабыл болмайтын дұғадан, тойымсыз нәпсіден және пайдасыз ілімнен Өзіңе сиынамын. Осы төрт нәрседен Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.
Түсіндірме
1. Хадис бір-бірінен бөлек көрінетін төрт мәселені қозғайды:
• «Хушуғ» – құрметке бастайтын қорқыныш. Жүректің хушуғы – Алладан қорқып, Оны терең құрметтеу. Түсіндірмешілер мұны Алланы зікір еткенде жүректің жай табуымен байланыстырады. Хушуғы жоқ жүрек зікірден ләззат алмайды, тыныштық таппайды.
• «Тыңдалмайтын дұға» – жауапсыз қалып, қабыл болмайтын дұға. Автор мұны Алланың рақымынан құр қалған адамның халі деп түсіндіреді. Алла сақтасын!
• Тойымсыз нәпсі – Алла берген несібеге қанағат етпей, дүние жинаудан жалықпайтын ашкөз нәпсі. Бұл сөз көп жесе де тоймайтын адамға да қатысты айтылады. Ибн Мәлак оған атақ пен мансапқа тоймайтын адамды да қосқан. Қысқасы, дүниелік қалауын қуа беріп, тоқтай алмайтын нәпсі – тойымсыз нәпсі.
• Пайдасыз ілім – амалға аспайтын, жұртқа үйретілмейтін, адамның мінезін, ісін және сөзін түзетуге көмектеспейтін білім. Қажеті жоқ немесе үйренуге шариғат рұқсат етпеген ілім де осыған жатады. Дүние мен ақырет игілігі үшін білімге зор мән берген, алғашқы әмірі «Оқы!» болған дінде «пайдасыз ілім» ұғымының да орны бар.
Пайдасыз ілімді айыптаған хадистерде де, оларды түсіндірген ғалымдардың сөзінде де белгілі бір ғылымның аты аталмайды. Ілімнің пайдасы қоғамға, уақытқа және адамның қажетіне қарай бағаланады. Мұны адам өз парасатымен аңғарады. Құранда ﴿وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ ۚ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولَٰئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْئُولًا﴾ «Өзің нақты білмейтін нәрсенің соңына түспе! Шындығында, адам баласы құлақ, көз және жүрек үшін жауапқа тартылады.» делінген («Исра» сүресі, 36-аят). Адам дүние мен ақыретіне, кәсібіне қатысы жоқ іске кіріспес бұрын оның қажеттілігі мен пайдасын таразылауы керек. Өз мойнында үйренуге тиісті білім тұрғанда, жақын арада пайдасы тимейтін алыс тақырыптарға тереңдеу де осы ұғымға кіреді.
Мысалы, өз тарихы мен жерінің ерекшелігін білмей тұрып, өзге халықтар мен мекендердің ұсақ деректерін жинау немесе балиғат жасына дейін меңгеруге тиісті діни, кәсіптік және тұрмыстық білімді ысырып қойып, «жалпы мәдениет» деген желеумен қажетсіз мағлұматқа ден қою – автордың түсінігіндегі пайдасыз ілімнің мысалдары.
2. Тиби бұл төртеуін әрқайсының көздейтін мақсатына қарай былай түсіндіреді: «Әр нәрсе белгілі бір мақсатқа жарауы үшін бар. Ілім де пайдаға асуы үшін үйреніледі. Пайдаға аспаған ілім адамға жүк болады. Сондықтан ондай ілімнен Аллаға сиынған жөн».
Тиби жүректі Жаратушыдан именіп, Оны құрметтеу үшін берілген деп түсіндіреді. Көкірек осындай сезімге ашылып, оған құрмет пен именудің нұры енуге тиіс. Бұл сезімнен айырылған жүрек қатаяды. Қатып қалған жүректен Аллаға сиынған жөн. Құранда ﴿فَوَيْلٌ لِلْقَاسِيَةِ قُلُوبُهُمْ مِنْ ذِكْرِ اللَّهِ أُولَٰئِكَ فِي ضَلَالٍ مُبِينٍ﴾ «Алланы еске алуға келгенде, жүрегі тастай болып қатып қалған бейбақтар құрысын! Олар анық адасуда!» делінген («Зүмәр» сүресі, 22-аят).
Нәпсі өткінші дүниенің алданышынан теріс бұрылып, мәңгі мекен – ақыретке ұмтылғанына қарай қадірленеді. Ал дүниені қомағайлана қуып, тоюды білмесе, адамның ең үлкен дұшпанына айналады. Сонда адам өз нәпсісінен Аллаға сиынуы керек.
Тибидің айтуынша, дұғаның жауапсыз қалуы адамның ілімі мен амалынан пайда көрмегенін, жүрегінде Аллаға деген имену азайғанын және нәпсісі тойымсыз екенін аңғартады.
- 1Тирмизи, «Дағауат», № 3482 (Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 3478). Нәсәи, «Истиғаза», 2 (8/255).