وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِكَ مِنَ الْجُذَامِ وَالْبَرَصِ وَالْجُنُونِ، وَمِنْ سَيِّئِ الْأَسْقَامِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла! Алапестен, ақтаңдақтан, ақылдан адасудан және ауыр дерттерден Өзіңе сиынамын”, – деп дұға ететін»1.
Түсіндірме
• Ақтаңдақ – теріде ақ таңба шығаратын дерт. Оған шалдыққан адамды арабша «абраш» деп те атайды.
• Ақылдан адасу – талай игілік пен кемелдіктің бастауы болған ақылдан айырылу. Ақылды сақтау – шариғаттың негізгі мақсаттарының бірі. Діни міндет пен жауапкершілік адамның ақыл-есі бүтін болуына байланысты.
• Алапес – денеде жазылуы қиын жаралар пайда болатын жұқпалы ауру. Бұрын оны емдеу жолы белгісіз болғандықтан, жұрт одан қатты қорыққан.
• «Ауыр дерттер» дегенге бір ғана ауру емес, емі табылмаған созылмалы дерттер де кіреді.
Кей хадис ғалымдары Алла елшісінің (с.а.с.) пана сұрағанда жекелеген дерттерді атағанына көңіл аударған. Олар барлық сырқаттан бірдей пана сұрауды құптамаған. Дене қызуы, бас пен көздің ауыруы сияқты өткінші сырқатқа сабыр еткен адам сауапқа кенеледі деген. Бұл пікір сырқаттанған адамды ем іздеуден не дәрі ішуден тыймайды. Ғалымдар ерекше сақтық пен емді қажет ететін ауыр дерт пен жеңіл сырқаттың арасын ажыратқан. Созылмалы ауыр дерт адамның жақындарымен араласуын қиындатып, тіпті емдейтін жанды тіксіндіріп, денесінде ұзақ сақталатын із қалдыруы мүмкін.
- 1Әбу Дәуіт, Салат 367, (1554); Нәсәи, Истиғаза 36, (8, 271).