Хадис

Кутуб ситтә, № 1822

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
239. Ұйықтар алдында және оянғанда айтылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1822 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1822
Кутуб ситтә, № 1822 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Хузайфа

عَنْ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «كَانَ إِذَا آوَى إِلَى فِرَاشِهِ قَالَ: بِاسْمِكَ اللَّهُمَّ أَحْيَا وَأَمُوتُ، وَإِذَا أَصْبَحَ قَالَ: اَلْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي أَحْيَانَا بَعْدَ مَا أَمَاتَنَا، وَإِلَيْهِ النُّشُورُ».

Қазақша аудармасы

Хузайфа ибн әл-Яман (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ұйықтар алдында “Уа, Алла! Сенің атыңмен өмір сүремін әрі өлемін” деп дұға ететін.

Ұйқыдан оянғанда “Бізді өлтіргеннен кейін қайта тірілткен Аллаға мадақ! Қайта тіріліп, Оның құзырына барамыз”, – дейтін».1

Түсіндірме

Хадисте ұйқы өлімге ұқсатылған. Хадис ғалымдары мұны әртүрлі түсіндірген. «Ниһая» еңбегінде ұйқы кезінде сана мен қимыл тынатындықтан, ол өлімге ұқсатылғаны айтылады. Тибидің пікірінше, мұндағы өлім сөзі тыныштықты да білдіруі мүмкін. Мысалы, арабтар مَاتَتِ الرِّيحُ, яғни «жел өлді» десе, желдің тынғанын айтады. Ұйқыны өлімге ұқсату да қимылдың басылғанын аңғартуы мүмкін. «Юнус» сүресінің 67-аятында: ﴿هُوَ ٱلَّذِى جَعَلَ لَكُمُ ٱلَّيْلَ لِتَسْكُنُوا۟ فِيهِ وَٱلنَّهَارَ مُبْصِرًا﴾ «Тынығып дамылдауларың үшін түнді, тіршілік етулерің үшін күндізді жарық қылып жаратқан – Алла». Тиби кедейлік, қорлану, тіленшілік, қарттық, күнәһарлық пен надандық секілді ауыр халдерді сипаттау үшін де өлім сөзі ауыспалы мағынада қолданылатынын айтады.

Қуртуби «әл-Муфһим» атты еңбегінде былай дейді: «Рухтың тәннен үзілуінде өлім мен ұйқы ұқсас сияқты көрінеді. Сондықтан “Ұйқы өлімнің бауыры” деп айтылған. Бірақ ұйқының өлімге ұқсатылуы рухтың тәнмен қатынасының үзілгені үшін емес, бар болғаны теңеу ғана».

Тиби бір сөзінде: «Ұйқының өлім деп аталуының сырына келер болсақ, адамның өмірден алатын пайдасы Алланың разылығын іздеу, оған құлшылық ету, азабынан, жазасынан сақтану мақсатында күш жұмсау. Ал ұйықтап жатқан адам бұндай пайдадан мақұрым қалатындықтан өлінің үкіміне кіреді. Олай болса ұйқысынан аман-есен оянған адам өзіне берілген Алланың разылығына ие болу нығметіне шүкір айтқаны жөн», – деп тұжырым жасаған.

  1. 1Бұхари, Дағуат 7, 8, 16, Таухид 13; Тирмизи, Дағуат 29, (3413); Әбу Дәуіт, Әдәб 177, (5049).