Хадис

Кутуб ситтә, № 1821

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
239. Ұйықтар алдында және оянғанда айтылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1821 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
1821
Кутуб ситтә, № 1821 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا أَخَذَ مَضْجَعَهُ نَفَثَ فِي يَدَيْهِ وَقَرَأَ الْمُعَوِّذَتَيْنِ، وَقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ، وَيَمْسَحُ بِهِمَا وَجْهَهُ وَجَسَدَهُ، يَفْعَلُ ذَلِكَ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، فَلَمَّا اشْتَكَى كَانَ يَأْمُرُنِي أَنْ أَفْعَلَ ذَلِكَ بِهِ». وَفِي رِوَايَةٍ: لِهَؤُلَاءِ غَيْرِ مَالِكٍ وَمُسْلِمٍ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ. وَفِي رِوَايَةٍ: لِهَؤُلَاءِ غَيْرِ مَالِكٍ وَمُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жатар кезде муаууизатәйн және қул һууаллаһу ахад сүрелерін оқып, қолына үрлеп, жүзі мен денесін сипайтын және осы әрекетін үш мәрте қайталайтын. Науқастанған кезде осы нәрсені өзіне істеуімді айтатын».1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) Құран кәрімді науқастанған кезде шипа мақсатында оқығаны жайлы сахих риуаяттар жеткен. Негізінде, Құранның мүміндер үшін заттай және рухани шипа екендігі «Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз. Алайда ол аяттар залымдарды тек одан сайын зиянға ұшыратуда», (Исра, 82) – десе, тағы бір аятта «Уа, адамдар! Шүбәсіз, Сендерге Раббыларыңнан насихат, көкіректегі дерттерге шипа әрі мүміндер үшін тура жол мен рақым болған (Ислам мен Құран) келді» (Юнус 57), – деп келеді.

2. Алла елшісінің (с.а.с.) өз тәніне үрлеген демнің мәні жайлы мәлімет беру үшін Ибн Хажар әртүрлі риуаят жеткізеді. Риуаяттарға сай алдымен қолын біріктіріп, кейін үрлеп, кейін (аталмыш сүрелерді) оқып, қайта үрлейтін. Ибн Хажар бұлай үрлеудің түкіріксіз немесе жеңіл түкірікпен болуы мүмкіндігін айтқан. Осы мақсатта Фәләқ, Нас және Ықылас сүрелері оқылған.

Мәсх жасау әрекеті берекет түсінігімен жасалады. Алла елшісі (с.а.с.) қолымен алдымен басын, кейін жүзін сипап, одан кейін қолы жететін жерге дейін бүкіл денесін сипайтын. Әзірет Айша былай дейді: «Алла елшісі өзін арғы дүниеге алып тынған дертке шалдыққанда, мен оқып, денесіне дем салатынмын. Одан кейін өз қолымен денесін сипайтынмын. Өйткені оның қолы берекеті тұрғысынан менікінен артық болатын». Басқа риуаятта әзірет Айша мәсх жасап, шипа үшін дұға жасағанда, Алла елшісі «Жоқ! Қажет емес. Рафиқ-ағлаға баруды қалаймын» дегендігі айтылады.

3. Кейбір риуаяттарда Құраннан үзінді оқып, дем үрлеп, Алла елшісінің шипаны отбасы мүшелері үшін тілегендігі де айтылады. Сахабалар мен табиғиндер де осындай шипа әдісіне жүгінген. Ғұламалар сондықтан осылай жасауға рұқсат берген.

4. Үрлеуді «түкіріксіз немесе жеңіл түкірік» деп түсіндірген Нәуәуи бұның рұқсат екендігіне ғұламалардың ижмағ жасағандығын білдірген. Алайда Қади Ияд: «Бір топ ғалым – руқияда дем салуға тыйым салып, түкіріксіз үрлеуді рұқсат деп білген. Бұл көзқарас пен айырмашылық әлсіз деректерге сүйенеді. Бізге жеткен хабар бойынша, дем салу – түкірікпен жасалған үрлеу», – дейді. Қади Ияд сонымен қатар: «Ғалымдар дем салу мен үшкіру мәселесінде пікірталасқа түскен. Кейбіреулер екеуі бір нәрсе. Өйткені екеуі де түкірікпен үрлеу» деп айтқан. Әбу Убәйд: «Үшкіруде жеңіл түкірік болуы шарт, ал дем салуда түкірік болмайды» деген. Керісінше айтқандар да бар. Әзірет Айшаға (р.а.) руқияда қалай дем салғаны жайлы сұрақ қойылғанда: «Оның демі құрғақ, жүзім жеген адамның үрлегені секілді, мүлдем түкірік жоқ» деп жауап берген.

Әдейі емес, табиғи түрде деммен бірге шығатын судың түкірік саналмайтындығы айтылған. Расулалланың (с.а.с.) Фатиха сүресімен дем салғанын білдіретін риуаятта түкірігін аузына жинап, үшкіргендігі айтылған.

Имам Мәлик өзіне руқия жасағанда дем салатын. Ол темір мен бізбен руқия жасауды мәкрүһ деп білетін.

  1. 1Бұхари Фәдәилул-Құран 14, Тыб, 39, Дағуат 12; Мүслим, Сәләм 50, (2192); Мууатта, Айн 15, (2, 942); Тирмизи, Дағуат 21, (3399); Әбу Дәуіт, Тыб 19, (3902).