Хадис

Кутуб ситтә, № 1795

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
233. Есім. Оқылуы. Қысқаша мағынасы
Нөмірі
№ 1795 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1795
Кутуб ситтә, № 1795 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَبَّرَ لِلصَّلَاةِ سَكَتَ هُنَيَّةً قَبْلَ أَنْ يَقْرأَ، فَقُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي سُكُوتَكَ بَيْنَ التَّكْبِيرِ وَالْقِرَاءَةِ مَا تَقُولُ؟ قَالَ: أَقُولُ: اللَّهُمَّ نَقِّنِي مِنْ خَطَايَايَ كَمَا يُنَقَّى الثَّوْبُ الْأَبْيَضُ مِنَ الدَّنَسِ. اللَّهُمَّ اغْسِلْنِي مِنْ خَطَايَايَ بِالْمَاءِ وَالثَّلْجِ وَالبَرَدِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ. زَادَ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ فِي أوَّلِهِ: «اللَّهُمَّ بَاعِدْ بَيْنِي وَبَيْنَ خَطَايَايَ كَمَا بَعَدْتَ بَيْنَ الْمَشْرِقِ وَالْمَغْرِبِ»

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намаздың алғашқы тәкбірінен кейін Құран оқуға кіріспей, сәл кідіретін. “Уа, Алланың елшісі! Әкем мен шешем жолыңызда пида болсын! Тәкбір мен қырағаттың арасындағы кідірісте не айтасыз?” – деп сұрадым. Ол: “Уа, Алла! Кірден тазарған ақ киімдей күнәларымнан арылт. Уа, Алла! Күнәларымды сумен, қармен және бұршақпен жу”, – деп жауап берді».1

Әбу Дәуіт, Нәсәи және Бұхаридің риуаяттарында дұғаның басында: «Уа, Алла! Шығыс пен батыстың арасын алшақ еткеніңдей, мені күнәларымнан алшақ ет!» – деген сөздер бар.

Түсіндірме

1. Әдетте кір киімді сумен жуады. Хадисте суға қар мен бұршақтың қосылып айтылуын ғалымдар әртүрлі түсіндірген. Бәрінің пікірі осы сөздер тазару мағынасын күшейтеді дегенге саяды.

Хаттабидің айтуынша, қар мен бұршақ мағынаны күшейту үшін аталған. Өйткені бұлардың екеуі де әдетте киім жууға қолданылмайды.

Ибн Дақиқу әл-Ғид: «Осылай айту арқылы «өте таза» деген мағына көзделген. Бұл екеуі қолмен ұсталатын зат емес. Өйткені үстінен үш түрлі тазалаушы зат өткен киім тап-таза болады. Алайда бұлардың әрқайсысы да астарлы мағынада қолданылуы мүмкін. Яғни олармен кірді тазалаушы сипат айтылған. Мысалы, وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْلَنَا وَارْحَمْنَا «Күнәларымызды кешкейсің, бізді кешіргейсің және бізге жанашырлық танытып, мейіріміңе бөлегейсің!» (Бақара, 286) деген аятындағы секілді.

Тиби де осыған ишарат етіп, былай дейді: «Судан кейін қар мен мұздың айтылу мақсаты – кешірімнен кейін мейірім мен мағфираттың барлық түрін (тозақтың өте қатты ыстығын сөндіру үшін) сұрау». Хадистің Абдулла ибн Әбу Әуфа тарапынан жеткен Мүслимдегі риуаятында судың суыту сипатымен айтылуы да осы мағынаны қуаттай түседі. Осылайша Расулалла (с.а.с.) күнәларды отқа түсуге себеп болуына байланысты тозаққа ұқсатып, оның сөндірілуін жууға теңеп, сөндіруде де сөндіруші нәрселердің барлығын судан бастап, ең суығына дейін айту арқылы күшейтпелі шырайға орын берген.

Турбушти үш нәрсенің де аспаннан түсетінін олардың жеке-жеке аталуына себеп деп түсіндірген.

Кирмани үш тілектің үш уақытқа меңзеуі мүмкін екенін айтады. Күнәдан алыстау келешекке, тазару осы шаққа, жуу өткен шаққа қатысты болуы ықтимал.

2. ХАДИСТЕН ШЫҒАРЫЛҒАН КЕЙБІР ҮКІМДЕР

• Хадистен тахрим тәкбірі мен қирағат арасында дұға оқудың шариғатымызда бар екендігіне үкім шығарылған. Алайда Имам Мәлик бұл үкімге қосылмайды.

• Имам Шәфиғи мен кейбір ғалымдар осы хадиске сүйене отырып, намазда Құранда кездеспейтін дұғаларды жасауға рұқсат екендігін айтқан. Ханафилер бұл көзқарасқа қосылмайды.

• Хадис – сахабалар пайғамбардың (с.а.с.) үнсіз, жасырын, ашық әрбір әрекетіне назар аударып, дінді ең жоғары деңгейде ұстанғандықтарын көрсетіп, бұл мәселеде үмбетке тәлім береді.

• Шәфиғилердің кейбірі қар мен бұршақтың тазалаушы зат екендігін осы хадиске негізделе отырып үкім шығарған.

  1. 1Бұхари, Азан 89; Мүслим, Мәсәжид 147, (598); Әбу Дәуіт, Салат 123, (781); Нәсәи, Ифтитах 15, (2, 128, 129).