وَعَنِ الزُّبَيْرِ بْنِ الْعَوَّامِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ لَقِيَ رَجُلًا قَدْ أَخَذَ سَارِقًا يُرِيدُ أَنْ يَذْهَبَ بِهِ إِلَى السُّلْطَانِ، فَشَفَعَ لَهُ الزُّبَيْرُ لِيُرْسِلَهُ، فَقَالَ: لَا، حَتَّى أَبْلُغَ بِهِ إِلَى السُّلْطَانِ. فَقَالَ الزُّبَيْرُ: «إِنَّمَا الشَّفَاعَةُ قَبْلَ أَنْ يُبَلَّغَ السُّلْطَانُ، فَإِذَا بُلِّغَ السُّلْطَانُ لُعِنَ الشَّافِعُ وَالْمُشَفَّعُ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Зубәйір ибн әл-Әууам (р.а.) ұрыны ұстап, билеушіге алып бара жатқан бір адамды кездестіреді. Зубәйір ұрыға араша түсіп, оны босатуын сұрайды. Әлгі адам: «Жоқ, билеушіге жеткізбейінше босатпаймын», – дейді. Сонда Зубәйір: «Іс билеушіге жеткенге дейін араша түсуге болады. Іс оған жеткен соң, араша түскен де, арашаны қабыл алған да лағынетке ұшырайды», – дейді.1
Түсіндірме
Түсіндірмеде хаддқа жататын іс билеушіге немесе үкім шығаруға уәкілетті адамға жетпей тұрып, араша түсуге не кешіруге болатыны айтылады. Дарақутни Зубәйірден (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: اشْفَعُوا مَا لَمْ يَصِلْ إِلَى الْوَالِي، فَإِذَا وَصَلَ إِلَى الْوَالِي فَعَفَا فَلَا عَفَا اللَّهُ عَنْهُ.
«Іс билеушіге жеткенге дейін араша түсіңдер. Оған жеткеннен кейін билеуші кешірім етсе, Алла оны кешірмесін».
Ибн Абдулбәрр: «Кінәліні билеушінің алдына апарғаннан гөрі кешірген жақсы. Іс билеушіге жеткеннен кейін үкім шығару соның міндеті», – дейді.
- 1Мәлік, «Муатта», «Худуд», 29 (2/835).