عَنْ عَابِسِ بْنِ رَبِيعَةَ قَالَ: «رَأَيْتُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يُقَبِّلُ الْحَجَرَ وَيَقُولُ: إِنِّي لَأَعْلَمُ أَنَّكَ حَجَرٌ لَا تَنْفَعُ وَلَا تَضُرُّ، وَلَوْلَا أَنِّي رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُقَبِّلُكَ مَا قَبَّلْتُكَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِي فِي رِوَايَة: وَلَكِنْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِكَ حَفِيًّا؛ وَلَمْ يَذْكُرْ يُقَبِّلُكَ. «الْحفِيُّ» الْمُبَالَغَةُ فِي الْإِكْرَامِ وَالعِنَايَة.
Табиғин Абис ибн Рабиға былай дейді: «Омардың (р.а.) Қара тасты сүйіп тұрып: “Сенің пайда да, зиян да келтіре алмайтын тас екеніңді білемін. Алла елшісінің (с.а.с.) сені сүйгенін көрмесем, мен де сені сүймес едім”, – дегенін көрдім»1.
Түсіндірме
Алғашқы хадис Омардың (р.а.) Қара тасқа қатысты ұстанымын танытады. Ғалымдардың пікіріне өтпес бұрын, Қара тасқа истиләм жасау жайлы өзге риуаяттарға тоқталайық.
1. «Хажар» араб тілінде «тас» деген сөз. «Әл-Хажар әл-әсуәд», яғни Қара тас – Қағбаның бұрышына орнатылған тас. Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Қара тас жәннаттан түскен. Түскенде сүттен де ақ еді. Оны адам баласының күнәлары қарайтты». Абдулла ибн Амр ибн әл-Астан (р.а.) жеткен марфуғ риуаятта: «Қара тас пен Мақам Ибраһим – жәннат жақұттарының екеуі. Алла олардың нұрын бүркеді. Нұрын бүркемегенде, шығыс пен батыстың арасын жарық қылар еді», – делінген. Ибн Аббастан жеткен тағы бір риуаятта тастың тілі мен екі ерні бар екені және қиямет күні өзіне лайықты түрде истиләм жасағандарға куәлік ететіні айтылады. Әлиден жеткен бір риуаятта Алла елшісі Қара тастың қиямет күні әкелініп, қажылықта Аллаға серік қоспай өзіне истиләм жасағандарға тілімен куәлік беретінін айтқан.
Айшадан (р.а.) мынадай риуаят жеткен: «Қара тас жер бетінен көтерілмей тұрғанда оның игілігін көріп қалыңдар. Өйткені ол жәннаттан түскен. Жәннаттан шыққан нәрсе қиямет орнамай тұрып сонда қайтпайды».
2. Табари Омардың (р.а.) бұл сөзін былай түсіндірген: «Ол кезде жұрт пұтқа табынудан енді арылған еді. Омар кейбір адамдар Қара тасқа истиләм жасауды жаһилият дәуіріндегі тастарға тағзым етумен шатастыра ма деп қауіптенді. Сондықтан ол истиләмнің мәні Алла елшісінің (с.а.с.) ісіне еру екенін, тастың өздігінен пайда не зиян келтіре алмайтынын түсіндірді».
Мұһәлләб былай деген: «Омардың (р.а.) сөзі “Қара тас – Алланың жер бетіндегі оң қолы, Алла онымен құлдарының қолын алады” деген пікірді теріске шығарады. Жаратушыға дене мүшесін телуден Аллаға сиынамыз. Қара тасты сүюге шариғатта мойынсұнудың белгісі ретінде рұқсат етілген. Бұл Ібіліске Адамға сәжде ету бұйырылғандағыдай сынақ».
Мұхиббуддин әт-Табари былай түсіндіреді: «Алыстан патшаға сәлем бере келген кісі оның қолын сүйеді. Қажының Қағбаға барып Қара тасты сүюі осыған ұқсатылған».
Ибн Хажар былай деген: «Омардың (р.а.) бұл сөзінен кісі діни әмірлердің мәні мен хикметін толық білмесе де, оларды орындауға тиіс екені аңғарылады. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) ісіне оның хикметі белгісіз кезде де ерудің мысалы. Хадис Қара тастың өздігінен әсер ететін қасиеті бар деген пікірді де теріске шығарады. Сондай-ақ сөзбен және іспен жеткен сүннеттің бірін-бірі қалай түсіндіретінін көрсетеді. Ел басшысы жұрт өзінің бір амалын қате түсініп, сеніміне нұқсан келеді деп қауіптенсе, оның мәнін кешіктірмей түсіндіруге тиіс».
3. Кейбір ғалымдар бұл хадистен шариғатта сүюге рұқсат етілмеген нәрсені сүюдің мәкрүһ екені аңғарылады деген. Имам Шәфиғи Қағбаның кез келген бөлігін сүйген кісі айыпталмайтынын айтқан.
Ахмад ибн Ханбал Алла елшісінің (с.а.с.) қабірі мен мінберін сүюдің әбестігі жоқ деп санаған.
4. Бұл риуаят Қара тасты сүюдің сүннет екенін білдіреді. Имам Тирмизи ғалымдардың осы үкімін жеткізген. Имам Шәфиғидің пікірінше, тасты сүйе алмаған адам оған қол тигізіп, қолын сүйеді. Жақындай алмаса, алыстан ишара жасап, тәкбір айтады. Көпшілік ғалымдар Қара тасқа қол тигізгеннен кейін қолды сүюге рұқсат берген. Имам Мәлик истиләмнен кейін қолды сүюді жөн көрмеген.
- 1Бұхари, Қажылық, 50, 57, 60. Мүслим, Қажылық (№ 1270). Мууатта, Қажылық, 36 (1/367). Тирмизи, Қажылық, 37 (№ 860). Әбу Дәуіт, Мәнәсик, 47 (№ 1873). Нәсәи, Қажылық, 147 (5/227). Ибн Мәжа, Мәнәсик, 27 (№ 2943).