وَعَنْ عبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَبْدِ القَارِي. «أَنَّهُ طَافَ مَعَ عُمَر بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بَعْدَ صَلَاةِ الصُّبْحِ فَلَمَّا قَضَى عُمَر طَوَافَهُ نَظَرَ فَلَمْ يَرَ الشَّمْسَ فَرَكِبَ حَتَّى أَنَاخَ بِذِي طَوَى وَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Абдуррахман ибн Абд әл-Қари былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттабпен (р.а.) таң намазынан кейін тауап жасадық. Омар тауабын аяқтаған соң күнге қарады. Күннің әлі шықпағанын көріп, көлігіне мінді. Зу-Туаға келгенде аялдап, екі рәкәғат намаз оқыды»1.
Түсіндірме
1. «Тәйсирдің» мәтіні «Мууаттадағы» нұсқадан ықшам. Аудармада «Мууаттадағы» түсіндірме сөздер де ескерілді.
2. Зурқани Омардың (р.а.) бұл тауапты Меккеден шығарда қоштасу үшін жасағанын айтады.
Омар (р.а.) таң намазынан кейін күн шыққанша нәпіл намаз оқылмайды деп санаған. Күннің әлі шықпағанын көрген соң, екі рәкәғат намазды оқымай жолға шыққан. Ол намазды Зу-Туада көлігінен түскеннен кейін оқыған. Бір нұсқада: «Содан кейін Мәдинаға бет алды. Зу-Туаға жеткенде күн шықты. Сонда екі рәкәғат намаз оқыды», – делінеді.
3. Осы тақырыпқа қатысты «Мууаттадағы» өзге бір риуаят Ибн Аббас (р.а.) жайында. Әбу әз-Зубәйр әл-Мәкки: «Ибн Аббастың екінті намазынан кейін тауап жасағанын көрдім. Тауапты аяқтаған соң бөлмесіне кіріп кетті. Онда не істегенін білмеймін», – деген.
Имам Мәлик былай деген: «Тауапты бастаған кісі жеті айналымды бітірмей тұрып таң не екінті намазы басталса, имамға ұйып намаз оқиды. Содан кейін қалған айналымдарын жасап, жетеуге толтырады. Екі рәкәғат тауап намазын күн шыққанша не батқанша кейінге қалдырады. Оны ақшам намазынан кейін оқыса да айыбы жоқ».
4. Кейбір ғалымдар екінті мен таң намазынан кейін тауап жасауды мәкрүһ санаған. Ғалымдардың басым көпшілігі оған рұқсат берген.
Ханафи ғалымдарының кейбірінен екінті мен таң намазынан кейін тауап жасауды мәкрүһ санаған пікір жеткен. Мәзһабтағы негізгі пікір бойынша бұл уақытта тауап жасауға болады. Мәкрүһ саналатыны – тауаптан кейінгі намаз.
Ибн әл-Мунзир былай дейді: «Сахабалар мен табиғиндердің көпшілігі тауап намазын кез келген уақытта оқуға рұқсат берген. Кейбір ғалымдар таң мен екінтіден кейін нәпіл намаздан тыйған хадистің жалпы мағынасына сүйеніп, бұл уақытта тауап намазын мәкрүһ санаған. Омар, Сәури, Имам Мәлик, Әбу Ханифа және бірқатар ғалым осы пікірді ұстанған».
Имам Шәфиғи және «Сунән» кітаптарының авторларының бір тобы Жубәйр ибн Мутғимнен жеткен, №1375 хадиспен келетін мына хадисті негізге ала отырып, кез келген уақытта тауап намазын оқуға болатындығын айтқан. يَا بَنِى عَبْدِ مَنَافٍ! مَنْ وَلَّى مِنْكُمْ مِنْ أَمْرِ النَّاسِ شَيْئًا فَلَا يَمْنَعَنْ أَحَدًا طَافَ بِهَذَا الْبَيْتِ وَصَلَّى أَيَّةَ سَاعَةٍ شَاءَ مِنْ لَيْلٍ أَوْ نَهَارٍ «Уа, Әбдіманапұлдары сендердің қайсыбірің халықты басқаруда бір жауапкершілік алса, Қағбаны күндіз немесе түнде зиярат етіп, намаз оқушыны қайтарудан сақ болсын» деген хадис. (№1375-хадисте егжей-тегжейлі түсіндірме жасалады).
- 1Мууатта, Қажылық 38, (1/369).