وَعَنْ عُبَيْدِ بْنِ عُمَيْرٍ: «أَنَّ ابْنَ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: كَانَ يُزَاحِمُ عَلَى الرُّكْنَيْنِ زِحَامًا. فَقُلْتُ: يَا أَبَا عَبْدِ الرَّحْمَنِ إِنَّكَ تُزَاحِمُ عَلَى الرُّكْنَيْنِ زِحَامًا مَا رَأَيْتُ أَحَدًا مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُزَاحِمُهُ؟ فَقَالَ: إِنْ أَفْعَلْ فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: إِنَّ مَسْحَهُمَا كَفَّارَةٌ لِلْخَطَايَا. وَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: مَنْ طَافَ بِهَذَا الْبَيْتِ أُسْبُوعًا فَأَحْصَاهُ كَانَ كَعِتْقِ رَقَبَةٍ، وَسَمِعْتُهُ يَقُولُ: مَنْ طَافَ وَلَا يَرْفَعُ قَدَمًا وَلَا يَضَعُ قَدَمًا إِلَّا حَطَّ اللَّهُ عَنْهُ بِهَا خَطِيئَةً وَكَتَبَ لَهُ بِهَا حَسَنَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي. «الْأُسْبُوعُ» سَبْعُ مَرَّاتٍ، وَمِنْهُ أُسْبُوعُ الأيَّامِ لاِشْتِمَالِهِ عَلَى سَبْعَةِ أَيَّامِ.
Убәйд ибн Умәйр былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) екі бұрышқа жеткенде қалың жұрттың арасын жарып өтетін. Мен: “Уа, Әбу Абдуррахман! Алла елшісінің (с.а.с.) басқа сахабаларынан мұндай әрекетті көрмедім”, – дедім. Ол: “Олай істеуімнің себебі – Алла елшісінің ‘Осы екі бұрышқа қол тигізу күнәларға кәффарат болады’ дегенін естідім. Тағы да ‘Кім осы Бәйтулланы жеті рет айналып, айналымдарын түгел санап шықса, бір құл азат еткендей сауап алады’ дегенін естідім. Сондай-ақ ‘Тауап еткен адам бір аяғын басып, екіншісін көтерген сайын, Алла оның бір күнәсін өшіріп, бір жақсылығын жазады’ дегенін естідім”, – деп жауап берді»1.
Түсіндірме
1. Тауап кезінде Қара тасты сүю және оған қол тигізіп истиләм жасау – сүннет. Жұртқа кедергі келтірмей орындауға мүмкіндік болса, сылтауратып бұл амалды тастамаған жөн. Алыстан ишара жасауға жағдайға қарай рұқсат берілген.
2. Ибн Омар (р.а.) сүннетке айрықша ықылас танытқан. Ол Қара тасты қолайлы сәтте сүюдің артықшылығын Алла елшісінің (с.а.с.) өз аузынан естіп, мұны оның істегенін өз көзімен көрген. Сондықтан сол сүннетті орындауда қажыр-қайрат көрсетіп, қиындыққа төзген. № 1344 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, ол қалың жұрттың арасынан өтуге де тайсалмаған.
3. «Усбуғ» сөзінің «апта» мағынасына сүйенген бір жорамал бойынша, хадис аптаның әр күні бір рет тауап жасап, жеті тауапты түгел санау жайында. Суюти «санау» сөзін тауапты артық-кемсіз толық орындау деп түсінген. Әли әл-Қари тауаптың шарттары мен әдебін сақтап, жеті айналымға мұқият болуды меңзегенін айтқан.
«Усбуғ» أُسْبُوعٌ сөзі Тирмизидің кей нұсқасында алғашқы әлифсіз, «субуғ» سُبُوعٌ түрінде кездеседі. Мұнда «жеті» мағынасы айқын. Осыған сүйенген түсіндірмешілер оны жеті айналым деп түсінген. Сонда хадистің мағынасы мынадай: «Кім Қағбаны жеті рет айналып, әр айналымын санап, тауапты шарттары мен әдебіне сай толық орындаса, бір құл азат еткендей сауап алады».
Автор екі түсіндірмені де орынды санайды. Оның пікірінше, мұндай амалды мүмкіндігіне қарай аптаның әр күні немесе сол ниетпен бір-екі күнде де орындауға болады.
- 1Тирмизи, Қажылық 111, (959); Нәсәи, Қажылық 134, (5/221).