وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ حِينَ خَرَجَ مِنَ الْمَسْجِدِ وَهُوَ يُرِيدُ الصَّفَا: نَبْدَأُ بِمَا بَدَأَ اللَّهُ بِهِ فَبَدَأَ بِالصَّفَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي. وَزَادَ رَزِينُ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَلَمَّا عَلَا عَلَى الصَّفَا حَيْثُ يَنْظُرُ إِلَى الْبَيْتِ رَفَعَ يَدَيْهِ فَجَعَلَ يَذْكُرُ اللَّهَ تَعَالَى مَا شَاءَ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) Харам мешітінен шығып, Сафаға беттегенде: “Алла неден бастаса, біз де содан бастаймыз”, – дегенін естідім. Ол сағиды Сафадан бастады»1.
Рәзин Әбу Һурайрадан (р.а.) мынадай қосымша хабар жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафаға шыққанда Бәйтуллаға қарады. Екі қолын көтеріп, қалағанынша Алланы еске алды».
Түсіндірме
Хадис Қоштасу қажылығында Алла елшісінің (с.а.с.) тауаптан сағиға өткен сәтін баяндайды. Тирмизидегі нұсқа мұны анығырақ көрсетеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеге келген соң Бәйтулланы жеті айналды. Содан кейін ﴿وَاتَّخِذُوا مِنْ مَقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى﴾ “Ендеше, сендер де ‘Мақам Ибраһимде’ намаз оқып, дұға етіңдер”2 деген аятты оқып, Мақамның артында намаз оқыды. Содан соң Қара тасқа келіп, истиләм жасады. ﴿إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِنْ شَعَائِرِ اللَّهِ﴾ “Сафа мен Маруа – Алланың қасиетті нышандарының бірі”3 деген аятты оқып: “Алла неден бастаса, біз де содан бастаймыз”, – деді де, Сафадан бастады».
• «Алла неден бастаса» деген сөз аятқа меңзейді. Онда алдымен Сафа аталады.
• «Шағаир» – «шағира» сөзінің көпше түрі. «Нышан», «белгі» деген мағынаны білдіреді.
Алланың нышандары – Оған құлшылық етуге негіз болатын белгілер. Мүміндер оларды құрмет тұтуымен ерекшеленеді.