Хадис

Кутуб ситтә, № 1321

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1321 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 33
1321
Кутуб ситтә, № 1321 · тараудағы реті: 33

وَفِي رِوَايَةٍ عَنْ بِلَالِ بْنِ الْحَارِثِ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: فَسْخُ الْحَجِّ لَنَا خَاصَّةً أَوْ لِمَنْ بَعْدَنَا؟ قَالَ: بَلْ لَكُمْ خَاصَّةً». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَأَخْرَجَ مِنْهُ النَّسَائِي: فَسْخُ الْحَجِّ فَقَطْ

Қазақша аудармасы

Біләл ибн әл-Харис (р.а.) былай дейді: «Уа, Алла елшісі, қажылық ниетін умраға өзгерту бізге ғана тән бе, әлде бізден кейінгілерге де рұқсат па?» – деп сұрадым. Ол: «Сендерге ғана тән», – деп жауап берді1.

وَفَسْخُ الْحَجِّ: هُوَ أَنْ يَكُونَ قَدْ نَوَى الْحَجَّ ثُمَّ يَجْعَلُهُ عُمْرَةً وَيَحِلُّ ثُمَّ يَعُودُ وَيُحرِمُ بِهِ.

Нәсәи Біләл ибн әл-Харистен қажылық ниетін өзгерту жайындағы осы риуаятты ғана келтірген.

Қажылықты «фәсх ету» – қажылыққа ниет етіп, кейін ниетті умраға ауыстыру. Кісі умраны атқарған соң ихрамнан шығып, кейін қажылық үшін қайта ихрамға кіреді.

Түсіндірме

1. Бұл хадистің үкіміне қатысты ғалымдар әртүрлі жормалдар жасаған. Хаттабидің түсіндірмесі бойынша кейбір ғалымдар: «Жаһилият кезеңінде, қажылық айларында умраға рұқсат етілмегендіктен, олардың бұл түсінігін жою үшін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қажылық үшін жасаған ниеттерін умраға өзгертулерін әмір еткен. Ондағы мақсаты, бұрынғы түсініктерін жойып, Исламның шариғатына мойынсұнуды қалыптастыру болатын. Бұл мақсат орындалғаннан кейін, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жаңа бір әмірмен, қажылық жасау үшін ихрамға кіргендердің оны өзгерте алмайтындарын жеткізді» деген.

2. Ғалымдар қажылығы жарамсыз болып қалған адамның да қалған рәсімдерді соңына дейін орындауға міндетті екеніне келіскен. Бұл туралы № 1271 риуаятта айтылған.

3. Хаттаби бір мезетте екі қажылыққа ниет етіп, тәлбия айтқан кісі жайында ғалымдардың әртүрлі пікір білдіргенін келтіреді.

Имам Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Рахуя мұндай кісіге бір қажылық қана міндетті деген. Олардың дәлелі бойынша, екі қажылықты қатар жалғастыру міндетті емес. Кісі солай істесе, ғалымдардың бірауызды пікірінше, ол жарамсыз.

Әбу Ханифа мен оның мәзһабының ғалымдары бір қажылықты сол жылы атқарып, екіншісін келесі жылға қалдырады және өтеміне құрбан шалады деген. Хаттаби екеуі бірдей міндетті болса, біреуін кейінге қалдыруға болмайтынын, өйткені ол кейінгілерге берілмеген фәсх рұқсатына ұқсап кететінін айтқан. Суфиян әс-Сәуридің пікірінше, сол жылы қажылық пен умра атқарып, құрбан шалады, келесі жылы қажылықты қайта жасайды. Имам Мәликтен бұл жағдайда қиран атқарып, құрбан шалады деген пікір жеткен. Шәфиғи мәзһабында қосымша умра, құрбан немесе келесі жылы қажылықтың қазасын өтеу талап етілмейді.

4. Ғалымдар тәмәттуғқа қияметке дейін рұқсат екеніне келіскен. Көпшілігі қажылық ниетін умраға ауыстыру рұқсатын сол сахабаларға ғана тән санаған. Фәсхке де қияметке дейін рұқсат деп есептегендер Біләлдің бұл хабары сенімді риуаяттарға қайшы болғандықтан, оған сүйенбеген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Мәнәсик», 25 (№ 1808). Нәсәи, «Хаж», 77 (5/179). Хаттаби, «Мағалимус-сунан», Әбу Дәуіттің осы хадисіне түсіндірме.