Хадис

Кутуб ситтә, № 1320

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
158. Тәмәттуғ және қажылық ниетін умраға ауыстыру
Нөмірі
№ 1320 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 32
1320
Кутуб ситтә, № 1320 · тараудағы реті: 32Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَاتَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِذِي الْحُلَيْفَةِ حَتَّى أَصْبَحَ ثُمَّ رَكِبَ حَتَّى إِذَا اسْتَوَتْ بِهِ رَاحِلَتُهُ عَلَى الْبَيْدَاءِ حَمِدَ اللَّهَ وَسَبَّحَ وَكَبَّرَ وَهَلَّلَ ثُمَّ أَهَلَّ بِحَجٍّ وَعُمْرَةٍ وَأَهَلَّ النَّاسُ بِهِمَا فَلَمَّا قَدِمَ أَمَرَ النَّاسَ فَحَلُّوا حَتَّى إِذَا كَانَ يَوْمُ التَّرْوِيَةِ أَهَلُّوا بِالْحَجِّ. فَلَمَّا قَضَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْحَجَّ نَحَرَ سَبْعَ بَدَنَاتٍ بِيَدِهِ قِيَامًا».

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Зулхуләйфада түнеді. Таңертең түйесіне мінді. Түйесі Бәйдада тік тұрғанда, Аллаға хамд айтып, тәсбих, тәкбір және тәһлил келтірді. Содан кейін қажылық пен умраға бірге тәлбия айтты. Жұрт та екеуіне тәлбия айтты. Меккеге келгенде Алла елшісінің (с.а.с.) бұйрығымен жұрт ихрамнан шықты. Олар Тәруия күніне дейін ихрамсыз жүрді. Сол күні қажылыққа қайта ихрамға кіріп, тәлбия айтты. Алла елшісі (с.а.с.) қажылығын аяқтаған соң жеті түйені өз қолымен, тік тұрған күйінде шалды»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) ихрам тәлбиясын, түйесіне толық мінгеннен кейін, яғни, мінер мінбестен емес, түйесіне мініп, түйесі де орнынан тұрғаннан кейін айта бастағанын баян етеді.

2. Түйеге шөгіп жатқанда мінетіндіктен, түйе көтерілген кезде делінген. Яғни, шөккен түйеге мінгеннен кейін, түйе шөккен орнынан тұрған кезде, Расулалла да түйесіне толық мінген әрі түйенің үстінде жерден көтерілген.

3. Бұл риуаят ихрамға кірудің іс-әрекетпен жариялануын білдіретін тәлбиядан бұрын, хамд, тәсбих, тәкбір, және тахлил айтудың сүннет екенін көрсетеді. Хамд – әлхамдулиллаһ, тәсбих – субханаллаһ, тәкбір – Аллаһу әкбар, тахлил – лә иләһә иллаллаһ деп айту.

4. Бұл риуаят алдымен қажылықты бастап бара жатқан үлкен кісінің тәлбия айтуын, одан кейін жанындағы жамағаттың тәлбия келтіруінің сүннет екенін көрсетеді.

5. Хадис түйені тұрып шалудың мұстахаб екенін білдіреді.

ЕСКЕРТУ: хадиске қатысты кейбір егжей-тегжейлі түсіндірмені №1263-хадисте келтірдік.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәнәсик 24, (1796); Нәсәи, Хажж 143, (5, 225).