عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ عَمَرَ أَرْضًا لَيْسَتْ لِأَحَدٍ فَهُوَ أَحَقُّ بِهَا». قَالَ عُرْوَةُ بْنُ الزُّبَيْرِ: قَضَى بِهِ عُمَرُ فِي خِلَافَتِهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Айша (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізді:
«Иесіз жерді кім игерсе, оған иелік етуге өзгелерден гөрі сол кісі хақылы».
Уруа ибн Зубәйр: «Омар (р.а.) халифалық тұсында осы хадиске сай үкім шығарған», – деді.1
Түсіндірме
Өлі жер – ешкімнің меншігінде жоқ, елді мекеннің шегінен тыс жатқан жер. Оның елді мекенге жақын не алыс болуы шарт емес. Әбу Юсуф өлі жерді былай сипаттаған: «Біреу сол жердің елді мекенге ең жақын тұсына барып, бар даусымен айқайласа, даусы елді мекендегі ең жақын үйдің адамдарына да жетпейді».
Жерді суарып, егін егу, ағаш отырғызу немесе құрылыс салу арқылы тірілтеді. «Тірілту» сөзінің тілдік мағынасы – «жан бітіру», «өмір беру». Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, осындай өлі жерді игерген кісі оған иелік етеді. Жердің елді мекенге жақын не алыс болуы, мемлекет басшысының рұқсат беруі не бермеуі бұл үкімді өзгертпейді. Имам Ағзам Әбу Ханифа мемлекет басшысының рұқсатын міндетті шарт санаған. Ал имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед бұл мәселеде ғалымдардың көпшілігінің пікірін ұстанған.
- 1Бұхари, Харс, 15 (№ 2335).